Ғылым • 15 Қыркүйек, 2021

Жаңа карталарға жарымай отыр

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Геодезия және картография комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда соңғы рет карталар өткен ғасырдың 1980-90-шы жылдары жаңартылды. Бұған қоса елімізде 1942 жылғы координаттар жүйесі (СК-42) әлі қолданыста.

Жаңа карталарға жарымай отыр

Экономикасы табиғи ресурстарға негізделген кез келген мемлекет үшін геодезия және картография қызметін дамыту стратегиялық тұрғыда маңызды. Неге десеңіз, картографиялық және геодезиялық мәліметтердің мемлекеттік басқаруда, елдің инфрақұрылымын дамытуда, қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, сондай-ақ нави­га­циялық қызметтерді ұсынуда тиімділігі көп.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажымұқан Бекмұқашевтың айтуынша, елімізде топографиялық карталарды жаңарту жұмыстары 2005 жылдан бері жүргізіле бастады.

«Қазақстан аумағының 55-65%-ына аэротүсірілім жасалды. Қазір рес­публикалық маңызы бар 3 қаланың, сондай-ақ Түркістанды қоспағанда 13 облыс орталығының топографиялық жоспарлары әзірленді. Түркістан қа­ласына байланысты топографиялық жоспар биыл аяқталады», деді комитет төрағасы.

Ұзын саны 51 ірі әрі шағын қаланың, 54 аудан орталығы мен 209 елді мекеннің цифрлы карталары жа­салды.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әлемде спутниктік навигация­ны, цифр­лы картографияны, гео­ке­ңістікті технологияларды ауқымды енгізу мен пайдаланудың қар­­қын алуымен геодезия және кар­тог­ра­фия саласының маңызы бір­неш­е есе арта түсті. Бұл жа­һан­дық үр­діс­тен қалыс қалмауға қам­данған елімізде «Цифрлы Қазақ­стан» бағ­дарламасы арқылы Ұлт­тық ке­ңістікті деректердің инфра­құ­ры­лы­мы жобасы қолға алынды. Оның іске асырылу мерзімі – 4 жыл.

Координаттар жүйесі ескірген

Өкініштісі сол, биыл егемен­ді­гімізге 30 жыл толғанымен рес­пуб­лика аумағында әлі күнге дейін 1942 жылғы координаттар жү­йесі (СК-42) пайдаланылып ке­ле­ді. Цифрландыру үдерісінің қа­зір­гі қарқынын ескерсек, оның қаншалықты ескіргенін байқау қиын емес дейді мамандар. Со­ны­мен бірге СК-42-те шектеу бар. Атап айтқанда, мемлекеттік емес құрылымдар мен заңды және жеке тұлғалар үшін, соның ішін­де шетелдік инвесторларға гео­мә­ліметтер жабық. Бұдан қалды түрлі ведомстволарда, салалар мен өңірлерде СК-42, СК-63 және WGS-84 сынды әртүрлі координат жүйелері қолданылып жүр. Сала өкілдері айтқандай, мұның салдары мемлекеттік дерек­қор­лар­дың, ка­дастрлардың және гео­пор­тал­дар­дың графикалық негіз­де­рінің бытыраңқылығына әкеледі.

«Ұлттық кеңістікті деректердің инфрақұрылымы жобасы аясында мемлекеттік геодезиялық, ни­ве­лирлі және гравиметриялы желілерді жаңғырту жүргізіледі. Спутниктік технологиялар арқылы за­манауи координаттар жү­йе­сі енгізіліп, қалалар мен аудан ор­та­лықтарында бірыңғай ашық ци­фрлы картографиялық негіз құ­рылады. Сондай-ақ «Мем­ле­кет­тік геодезиялық қамта­масыз ету» және «Базалық кеңіс­тік­тік деректер» ақпараттық жүйелері әзірленеді. Ұлттық жобаны іске асыру СК-42 орнына еліміздің заманауи мемлекеттік координаттар жүйесін (Qazaqstan Terrestrial Reference System, QTRS) орнатуға және республика аумағын 100% ашық кеңістікті деректермен қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді. Со­ны­мен қоса бұл орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдардың ақ­па­раттық жүйелерін, кадастрларын, гео­порталдарын біріктіруге жол аша­ды», деді Қ.Бекмұқашев.

Геодезиялық желілердің қол­да­ныс­тағы пункттері жаңа координаттар жүйесінде қайта анықталатыны мәлім болды. Осы арқылы дәлдік нүк­тесі 1-2 см-ге жеткізіледі. Елі­міз­дегі геопозицияны дәл анық­тау ұшқышсыз басқарылатын құ­­­рал­­дар мен роботтехниканы пай­­да­лануға, жер учаскелерінің шекараларын, кадастрларды, кен орындарының аумағын анықтау дәл­дігін арттыруға, сол секілді гео­­­­де­зиялық және топографиялық жұ­­­мыстарды жүргізуге мүмкіндік бе­ре­ді.

Мемлекеттік геометриялық және нивелирлі желілерді жаңғырту Ұлт­­тық кеңістікті деректердің инфра­­құрылымының құрамдас бөлі­гі саналатынын айта кеткен орын­ды. Аталған деректер еліміздің аума­ғындағы биік нүктені есептеу үшін пайдаланылады. Ұлттық гео­дезия және кеңістікті ақпарат ор­талығының бас директорының мін­детін атқарушы Медер Масе­лов­тің пікіріне сүйенсек, мұндай жаң­ғырту жұмыстарының нәтижесі Қазақстанға биіктікті анықтаудың спутниктік әдістеріне көшуге жол ашады.

Оның айтуынша, жоғарыдағы ұлттық жобаның басқа ком­по­нент­те­рі еліміздің ортақ ақпараттық кеңістігін құруға септігін тигізіп, электронды үкіметті дамытудың қи­сынды жалғасы болуға тиіс.

«Осы жоба аяқталғаннан кейін Қазақстан ауқымды ақпаратты ай­тар­лықтай ұлғайтып, кеңістікті ақпаратты пайдалануды оңтай­лан­дыруға мүмкіндік алады. Өйт­­кені кеңістікті ақпарат қазір қол­да­ныстағы файлдардың 80%-ын құрайды. Сол секілді жобаны іске асыру арнайы салалық мақсаттағы жұмыстардың, геодезиялық және картографиялық қызмет субъек­ті­лерінің орындалатын сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Көбінесе геодезиялық жұмыс сапасының төмендігі жер учаскелерінің қабаттасуына, құ­ры­лыстағы өрескел бұзу­шы­лық­тарға алып келеді. Заманауи ин­фра­құрылымды пайдалану ар­қы­лы сапалы сараптама жасау бұл қателіктерді жойып қана қоймай, оны түзетуге бағытталған шы­ғын­дар­ды қысқартуға септеседі», деді М.Маселов.

Түйіндей келгенде, жауапты орган өкілдері аталған ұлттық жоба жиынтық ақпаратты, базалық және салалық кеңістікті деректерді бір жерден көруге, тиімді басқару мен жобалау жұмыстарын жоспарлауды қамтамасыз етіп, мем­лекеттің, азаматтар мен заңды тұлғалардың мәселесін шешетін оңтайлы құралға айналатынына сенімді.