Тарих • 15 Қыркүйек, 2021

Орны толмас қасірет

886 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Талай шаңырақты күйреткен ақтаңдақ кезеңнің қайғы-қасіретін ішіне  бүккен архив құжаттары барынша айналымға қосылса, қаншама ақиқатқа көзіміз жетер еді. 

Орны толмас қасірет

Коллажды жасаған: Зәуреш Смағұл

1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құр­бан­дарын ақтау туралы» заң қабыл­дан­ғаннан кейін ғана тоң жібіп, ашар­шы­лықтың зардаптары ғылыми тұрғыда жаңаша мазмұнмен зерттеле бастады. Елбасының Жарлығымен 1997 жылы 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып жарияланып, ашаршылық нәубеті бөлек мәселе болып танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында былай деп жазды: «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаhандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».

Алапат аштықтан опат болғандардың санының әрқилы көрсетілуіне зерттеу материалдарының шынайы ғылыми ұстанымдарға негізделмеуі, архивтерде сақтаулы құпия құжаттарға рұқсаттың берілмеуі, басқа да кедергілер себеп болды. Мәселен, жазушы Смағұл Елубай 1919 жылы өткен Түркістан кеңестерінің төтенше съезінде Тұрар Рысқұловтың 1918-1919 жылдары аштықтан қырылған қазақ­тардың саны 1 млн 214 мың деген дерек келтіргенін, тарихшы Талас Омар­­беков ашаршылықпен күрес комис­сиясы құрамында жұмыс істеген Мұх­тар Әуезовтің 1 млн 700 мың қазақ қырылған деген мәлімдемесін алға тартады. 1992 жылы құрылған Парламенттік комис­сияның қорытындысы бойынша 1931-1933 жылдары аштан бұратылып, көз жұмған қандастарымыздың саны 2,3 млн адам делінсе, қаламгер Бейбіт Қойшыбай 1917-1933 жылдар аралығында 4,5 млн адамның қыршын кеткенін жазады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» мақала­сын­да бұл бағыттағы кезек күттір­мес мін­­деттерді белгілеп берді. «Тарихы­мыз­дың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге де­йін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіп­ті ғалымдардың арасында ашаршылық құр­бандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құ­жат­тарды, жиналған мәліметтерді аса мұ­қият зерделеу керек», дей келіп, күр­делі мәселеге ұстамдылықпен, жауап­керші­лікпен қарауға, жалпы тарихи зерттеулерді даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізуге шақырды.

Иә, миллиондаған адамды аштан қы­рып, тірі қалғандарын жан-жаққа тары­дай бытыратып жіберген алапат ашар­шылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардан басталады. Содан бері арада бір ғасыр өтсе де, ақиқатқа жету­дің жолы қашан да ауыр келетін анық түйсінгендейміз. Тәуелсіздігімізді қадір­леу төл тарихымызды терең танудан, өске­лең ұрпақ бойында тарихи сана­ны қалып­тастырудан басталады десек, жаңаша зерделеудің түп-төркіні нақ­ты ақи­қаттарға негізделген қоғам­дық ұста­н­ымға, ғылыми ой қорытуға келіп ті­релетіні даусыз. Ғалым-тарихшылардың айтуынша, қасіретті тағдырдың талайынан өткен қазақ халқы 1918 жылдан 1933 жылға дейінгі аралықта үш ашаршылықты бастан кешірген. Алаш зиялылары қазақ халқын отырықшылық сияқты дәстүрлі шаруашылығынан, ата кәсібінен күш­теп айырмауды, зорлап ұжымдастырмау­ды қанша ескертсе де, үстем, озбыр күш дегеніне жетіп тынды. Архив құжаттарына сүйенсек, 1929 жылы республикадағы 44 млн 723 мың бас малдан 1934 жылы 4,5 млн бас қана қалған. 1930 жылы тұрғындардың саны 317 мыңға, 1932 жылы 769 мыңға кемі­ген. Сол жылдары болған 372 көтеріліс­тің бәрі қарулы күшпен басылып, аяусыз жазаланған. Ұжымдастыру жылдары 150 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Жүз­деген мың адам Қазақстаннан тыс­қары жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев 1931-1933 жылдары 2 млн 100 мың адам­ның аштан өлгенін, оның 1 млн 750 мы­ңы қазақтар екенін айтса, кейінгі кез­дері аштан қырылғандардың саны 4-5 млн деген мәліметтер келтіріліп жүр. Соң­ғысы шындыққа жанасатын секілді. Өйт­кені академик Кеңес дәуірінің дерек­теріне сілтеме жасайды. Ол кездің шындығы жөргегінде тұншықтырылып, көп жағдайда бұр­ма­ланып, біржақты баға беріліп келгені жасырын емес. Әмір­шіл-әкімшіл өктемдік өрттей лаулап тұрған кездің өзінде БК/б/П орталық, өлкелік комитеттеріне, Сталиннің өзіне толассыз ағылған, қардай жауған хаттар мен арыз-шағымдарды, аштықтың тірі куәгерлерінің естеліктерін бейжай оқу мүмкін емес. Атақты «Бесеудің хатына» қол қойғандардың бірі – Ғабит Мүсірепов. Хат 1932 жылы 4 шілдеде, яғни миллиондаған бейбақтың сүйектері қара жолдың бойында шашылып, жинаусыз қалған қанжоса уақытта Голощекинге бағытталып, оның «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұрда-жық шолақ саясатын өткір сын тезіне алады. Қолдан жасалған қысастық салдарынан мал басының қисапсыз кеміп кеткені, тір­лік етерліктей тігерге тұяқ қалмай, жылы қонысынан амалсыз ауғандарға, жап­пай қырылып қалған аш-арықтарға нақты көмек көрсетілмей жатқаны, бар­лық жерде көптеген қазақ, кейбір орыс ауда­н­дары аштыққа ұшырағаны, нағыз көз­бояу­шылар, көпірме жоспарлар жасау­шылар, оның үстіне өздеріне жүктелген тапсырманы орындай алмағандар «бәрі жақсы деп» жауырды жаба тоқитыны, бірақ сабақ боларлықтай сазайын тартпайтыны, жем-шөп қорының таусылғаны, халықта мал өнімдерінің қоры түгесілгені, малдың көп сойылуы тіпті үдеп кеткені бетіне ба­сыл­ғанымен, шын сөзге Голощекин мен оның төңірегіндегілер құлақ қоюдың орнына оны байшылдық пиғылды көксеген ұлттық көрініс деп бағалаған.

Ораз Исаев Сталинге жолдаған хатында мал шаруашылығы тұп-тура қиямет жағдайға ұшырап отырғанына назар аударуды өтінеді: Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ ауданында халықтың едәуір бөлігі аш-жалаңаш. Көктемде 10-15 мың адам аштан өлген. 1929 жылмен салыс­тырғанда көптеген қазақ ауылдарында тұрғындар­дың жартысы да қалмаған. Семей, Ақтөбе аудан­дарында, темір жол бойларында панасыз ба­лалар, аштан бұратылған жандар сең­дей со­ғы­лы­сады десе, Тұрар Рыс­құлов қазақ­­тар­дың өнеркәсіпті мекен­дер төңі­­ре­гін­де жұмысқа орналаса алмай тен­тіреп жүр­генін, солтүстік өңірлерде қайыр­шы­лық балалар арасында айрықша етек алға­нын, аштықтың салдарынан кісі өлтіру мен тонаушылық тым көбейіп кеткенін ашына жазады. Өз сөзіне дәйек ретінде Орта Еділге – 40 мың, Қырғызстанға – 100 мың, Батыс Сібірге – 50 мың, Қарақалпақстанға – 20 мың, Орта Азияға 30 мың қазақтың еріксіз қоныс аударғаны, лек-легімен вок­зал­дарға шұбырып келе бастағаны, Сібір темір жолы маңындағы стансаларда 10 мың қазақтың босып жүргені, күн сайын 5-10 адам өлетіні, Сарысу ауданында 7 мың қожалықтан 500-дейі ғана қалғаны, Әулиеатаның шайханаларында 20 баланың сүйектері жинап алынғаны, 84 ересек адамның аштан өлгені, Семей ауданындағы балалар үйінің бірінен 20 қазақ баласының іріп-шіри бастаған өлігі­нің табылғаны, Торғайдағы балалар үйінде 4 жасқа дейінгі жетім балалардың түгел қырылғаны, осындай басқа да жаға ұстатар, көз сенбес небір сұмдық фактілер келтіреді.

Жетісу облысы Лепсі ауданы Сар­қан стансасының тұрғыны Мелания Хари­тонованың «Бүкілодақтық староста» М.Калининге көз жасын көлдетіп отырып жазған хаты адамның өңменінен өтеді. «Тарас» колхозында жағдай мүлдем төзгісіз. Әр адамға тағы да 10-16 және 20 пұтқа дейін салық салынды. Ол астықты қайдан алмақ? Ашыққан жұрт шиеттей бала-шағасын ертіп, талғажау тамақ іздеп, қаңғып жүр. Жол бойы шыбындай қырылған халық. Аягөз стансасында жарты бөлке нан үшін бір әйелді бауыздап кеткен. Қайыршыларға беретін дәнеңе жоқ. Олардың дені – батрақ, кедей. Маған түсіндіріңізші: биыл қоймалар астыққа шүпілдеп толып тұрса да, аштық жайлап отырғаны қалай?».

Осы тақырыпты зерделеу барысында бірқатар тың деректерді кездестірдік. Солардың бірінде өмірінің біраз жылын Қызылжар өңірінде өткізген ұлағатты ұстаз Сейтен Сауытбеков «Аштық апаты» ес­телігінде отызыншы жылдары бас­тан кеш­кен қиямет-қайымын еш әсіре­леу­сіз суреттейді: «Ішім алай-дүлей. Қазақ­ты қан құстырған, тең жартысын жер жас­тандырған, атақонысынан аударған нәубеттің белгілі адамдардың қолымен ұйымдастырылғаны бүл күнде ашық айтылып жүр» деп жүрегі қарс айрылады.

Ашаршылық тақырыбын толық ашып, бүге-шігесіне дейін зерттеу – басты міндеттерінің бірі. «Өлі риза бол­май, тірі байымайды» демекші, құрбан болғандарды ұмытпау, есімдерін қастерлеу өркениетті елге тән үрдіс десек, бұл бағытта кешенді іс-шаралар дәйектілікпен жүзеге асырылады деген сенімдеміз.