Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2021

Тау-тасы аңыз Баянауыл баурайы

1726 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біздің өңірде тарихи орындары мен дара тұлғалары өте көп танылған аудан Баянауыл деуге болар. Қасиетті жердің айналасы тұнып тұрған тарих. Курортты-демалыс аймағының туристік әлеует жоғары. Көп айтылып, жиі жазылатыны да сондықтан. Экспедицияны ұйымдастырушы «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің меншікті тілшілері де Баянауыл ауданына сапарға шығуды жөн санады.

Тау-тасы аңыз Баянауыл баурайы

Әрине, облыстағы әр ауданның өзін­дік шежірелі көне тарихы, сол жерден өсіп-өнген тұлғалары да, әсерлі табиғаты, өзен-суы, орман-тоғайы да жетерлік. Бірақ бір-бірінен шалғайда, облыстың әр шетінде орналасқанын ескеріп, Баянауылға қарай бір бағытты таңдағанымыз да осы.

Сонымен құрамында осы мақала­ның авторы және «Казахстанская прав­да» газеті­нің меншікті тілшісі Ека­те­рина Бескорсая, облыстық ішкі саясат бас­қармасының ­бас маманы Диас Ораз, облыстық «Сары­арқа самалы» га­зетінің редакторы Нұр­бол Жайықбаев, «Звезда При­иртышья» газетінің тіл­шісі Наталья Зинченко, об­лыс­тағы «Ирбис» телеарнасы, «Қа­ған­дық» қоғамдық қо­ры­ның төрағасы Еркеғали Жанғазы, «Пав­ло­дар­ньюс» ақпарат агенттігінің тілшісі, фото­тілші Константин Шелков, бейнесюжет түсіруші Мейрам Өтегенов бар экспедиция таңғы сағат алтыда Баян­ауылға қарай жолға шықтық.

Қолымыздағы баратын бағыттарымыз жазылған параққа қарап-қарап қоямыз. Біз баратын Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесі 100 шақырым, Мұса Шорман кесенесі 85 шақырым, Қоңыр әулие шатқалы, Торайғыр ауылдарының да бағыт­тары жасалып, көрсетіліпті. Бұрын­ғыдай қиындықтар болмас, кесенелерге баратын жолдардың жөнделгенін де естіп қуанып келеміз. Бұрындары Ес­келді алқабының алыс жол үстінде орна­ласқанын, жер шалғайлығын ескеріп, зира­тына жолаушыға арналған пеш, шам, керосин, отын, ыдыс-аяқ, ат-арбаға қа­жетті құралдар сақталған көрінеді.

Бірақ біздің халықтың кесене, әулие, бақсы-балгерлерге деген ескі наным-сенімдері әлі жалғасып келеді. Кесене басына түнеу, жалбарыну басқа да жа­салатын біртүрлі рәсімдеріне тоқ­тау болар түрі де жоқ-ау. Бұл жайды елі­міздің әр өңірінде, аудан, ауылдарында қай­та жаңартылған кесене, зираттардың көп­тігінен-ақ аңғарасыз.

Ел аузында айтылып жүргендей, әулие Мәшһүр Жүсіп көзі тірісінде зиратын салдырған екен. Алайда Кеңес өкіметі 50-ші жылдары мүрдесін көмдіріп, зиратын бұздырып тастайды. 1970 жылдары туыстары, немерелері, келіні бар, сол кездегі совхоз директоры бәрі бірге зиратты қайта көтереді. Мәшһүрдің немересі, соғыс ардагері Төлеубай Шәрә­пи­ұлы, Нағи Ахметов ақсақалдар сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың қабылдауында болып, өтініш білдіргендері де себеп болса керек. Кейін 2000 жылдары Төлеубай ақсақал, Сүйіндік аға, келіні Нүрилә апа бастап, әулиенің басына кесене тұрғызу жайлы сауапты іс бастайды.

– Әне, қараңыздар, Ескелді алқа­бын­да атамыздың кесенесі көрініп тұр, – деді Рамазан ағамыз бізге дауыстап.

Баянауылға жеткен соң тобымызға аудандық «Баян­тау» газетінің редакторы Еламан Қабдыл­әшім, жергілікті жер­дің танымал өлкетанушылары Рамазан Нұрғалиев, Ұлттық парктің инспекторы, Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы Алтынбек Құр­манов қосылды. Аудан орталығынан шыққан соң жөндеуден өткен асфальт жолмен зулап жүріп отырып, Жаңажол ауылына, одан әрі Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне де келіп жеттік.

 

 Ескелді бауырында – Мәшһүр мұрасы

Расында да, бұлттанып, күнде жаң­бырға айналып, суытып кеткен ауа райы бір-ақ сәтте жылынып, жарқырап шы­ға келгені. Әулие атамыздың рухы жол сапарымызды құп көргендей-ау деп жақ­сыға жорыдық. Кесенеге кіре­беріс 73 бас­палдақтағы ғұламаның ғиб­ратты сөз­деріне тоқтай қалып үңілесіз. Жазу­лар­ды Баянауылдың гранитті тас­тарына тас қашаушы маман Өзкен Жәмін­ұлы­ның ұлдары Қайыргелді мен Балта қа­шап жазған екен. Баспалдақтың саны ғұ­ла­маның өмір сүрген жасымен сәйкес еке­нін де айта кеткен жөн.

Ескелдідегі бұл кесене 2006 жылы бой көтерді. Көне түркі стиліндегі ке­се­­ненің жобасын сол кездегі ректор Ерлан Арын бастаған С.Торайғыров атын­дағы мемлекеттік университет ма­ман­дары жасаған. Жоба ежелгі түркі тайпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерек­шеленеді. Кесене зиратхана және көрхана атты екі бөліктен тұрады. Сондай-ақ сан­­дықтасы, құлпытасы қойылып, шам­шы­рағы орнатылған. Әрбір бөліктің кө­лемі – 8/8 шаршы метр, ал кесененің биіктігі 14 метр. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Айшық темірлері әр­ле­ніп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіре­берісінде Құраннан аяттар жазылған.

Ал «Ескелді» мәдени-қонақүй кеше­ні кітапхана, музей, зиярат етушілерге қыз­мет көрсетеді. Кәдімгі бір кішігірім қа­лашық сияқты.

Әрине, кесене тыныштықта болу үшін қонақүй кешенін басқа жерден де салуға болар ма еді деп ойлап қал­дық. Ал музей меңгерушісі Әсет Пазы­ловтың айтуынша, (Мәшһүр Жүсіптің шөбересі) музейдің мақсаты – Мәшһүр Жүсіптің тарихи-мәдени және ғылыми мұрасын сақтау, насихаттау, ұрпақтарына жеткізу. Келушілерге рухани-мәдени танымдық экскурсиялар жүргізеді. Ғұла­маның өмірі мен ғылыми еңбектері туралы жинақталған бейнебаяндар көр­сетіледі. Әкімшілік бөлмелерінде музей құжаттары, жаңа заманға сай ком­пьютерлік техникалар қойылып, интернет желісі тартылған.

Өткен жылы «Ұлттық мәдени игілік нысандарының» мемлекеттік тізіміне музейде тұрған ғұламаның «Кәләм Шәріп» құран кітабы, үлкен аталарынан қалған көне «Көк құран» кітабы, тұмары, мүйізден жасалған мүстек тіс тазалағышы қорабымен енгізілген. Бізге экскурсия жүргізген жас маман – Мәшһүр Жүсіптің шөпшегі Мадина Пазылова.

2018 жылы Жаңажолдың атауы Мәшһүр Жүсіп ауылы болып өзгертілді. Кесенеге келетін үлкен жолдың бойын­дағы ауылдың көрі­нісі көңілсіз, жина­қылығы жоқ, көзге қораш көрінетін ауыл. Дәл жанында жар­қыраған әулиелі кесенесі бар, туристер, қонақтар арлы-берлі өтетін ауылдың да жарқырап, ұқып­ты, жинақы болғаны қажет-ақ.

 

 Келесі бағытымыз – Мұса Шорманұлы кесенесі

 Мәшһүр Жүсіп пен Мұса Шорман­ұлының кесенесінің арасы 60 шақы­рымдық жол. Мұса Шорманұлының ке­се­несі алыстан аппақ болып көрінеді. Ауылдың іші арқылы өтетін жол, тегі кесенеге баратын болғандықтан ба, енді ғана жөнделіп жатыр екен.

Ал 2018 жылы ауылда 1854-1868 жылдары Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған этнограф, фольклортанушы, өлкетанушы, ағартушы Мұса Шорманұлының 200 жылдығы аталып өтті. Кесенесі демеушілердің қолдауымен Теңдік ауылы (қазіргі Мұса Шорман ауылы) маңындағы Шорман әулетінің қорымынан бой көтерді. Ескі зират болғандықтан бұл жерде басқа да жерленген адамдар болуы мүмкін-ау деген де ой келеді. Зират ішіне кәдімгідей тас төселіп, кесенеге дейін жол, алаңша салыныпты.

Мұса Шорманұлы – қазақтың жас шәкірттерінің Ресейде білім алып, сауат ашуына жағдай жасаған адам. Абай мен Мәшһүр Жүсіптің замандасы болғаны айтылады. Кеңестік кезеңде Мұса Шор­манұлының аты аталмады. Қазір Баян­ауыл елі Мұса мырза есімін осылай қайта жаңғыртып отыр.

Кесене салуға бастамашы болған сенатор Алтынбек Нұхұлының айтуын­ша, бір ғасырдан астам уақыт Мұса және Сәдуақас Шормановтар жатқан зираттар топырақ астында қалған. Құрылыс басталар алдында көптеген археолог жұ­мыс істепті. Баянауыл ақсақалдары Мұса мырза бейітіне қойылған көне тас­ты сақтап бүгінге жеткізген екен. Бұл да бір баянауылдық ерекшелік деуге болар. Мұса Шорманұлының тұрған ағаш үйінің орнына, 1903 жылы ашылған алғашқы қазақ-орыс мектебінің орнына тас қойылыпты. Бұл үйде Шоқан Уәлиханов бірнеше рет болған. 1890 жылы суретке түсірілген бұл ағаш үйлердің суреттерін Ленинградтағы Кунтскамерадан археолог Тимур Смағұлов алып келіпті.

Кесенеден кейін пайдалануға беріл­ген ауылдағы мәдениет үйінде Бұқар жыраудан бастап, Шорман би, Зейнеп Шорманова, Мұса Шорманұлы, Сәдуақас Шорманов, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Кемел Ақышевқа арналған бұрыштар тарихи тұлғалардың рухын жаңғыртып, еске салады.

Баянауыл жазбаларында Шорман би, оның қызы, Шоқан Уәлихановтың анасы – Зейнеп Шорманова, әкелі-балалы Мұса, Сәдуақас Шормановтар туралы дерек көп. Сәдуақас Шорманов – аға сұлтан Мұса Шормановтың үлкен ұлы. Мұса Шорманов қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың нағашысы екені жазылған.

Ал Зейнеп Шорманқызы 17 жасында Ақкелін елінен зор салтанатпен аттанып, Уәлидің қара шаңырағына тү­сіп, Шыңғысқа асыл жар болған. Мұса Шорманов Баянауыл сыртқы округін аға сұлтан болып, 15 жыл басқарады. Полковник шенін алған. Орыс, француз тілдерін білген. Абайдың әкесі Құ­нанбаймен қадірменді достар болған. Өз қаржысына Баянауылда мешіт сал­дырған. Ал ұлы Сәдуақас Шорманов ақын, бүкіл Арқаға беделді, қадірлі болыпты. Мәдиді түрмеден босатып алған деген деректер де бар.

Мұса Шорманұлы Баянауылда мешіт, медресе ашқан, тіпті, 1847 – 1849 жылдары Сібірден 60 мыңдай қазақты көшіріп әкелгені де таңқаларлық, яғни бүгінгі зерттеуді қажет етеді. Сібірде шығып тұратын газеттерге материалдар ұсынып, Географиялық қоғам ұйымдастырған көрмелер мен оның Г.Потанин, Н.Ядрин­цев, Н.Костылецкий сияқты мүшелеріне қазақтар жөнінде материалдар дайындап тұрған. Орыстың көпестері келе бастағанда оларға жол көрсетуші қазақ­тарға жер-су аттарын орысшаламау жағын қатаң тапсырғаны жайлы жазылады. Баянауыл орыстары оны «Большой господин», ауыл қазақтары «Мұса мырза» деп атаған.

Ал Қ.Сәтбаев атындағы ауылдық аумақ­қа Мұса Шорман ауылы, Көкдом­бақ ауылы қарайды. Халық саны үш ауылды қосқанда 1227 адам. Шорманның ауылында 616 адам қалыпты. 2018 жылы Қараащы ауылының атауы Қаныш Сәт­баев ауылы, Теңдік – Мұса Шорман ­ауылы болып өзгертілген.

 

 Қоңыр әулие үңгірі

 Экспедиция әрі қарай Қоңыр әулие үңгіріне сапармен жалғасты. Үңгір де туризм бағыттарының бірі. Еліміздің киелі орындар тізбесіне енген өңірдегі 5 нысанның бірі. Жалпы бұл үңгір – жергілікті елдің кие санайтын жері. Үңгір биігінен Баянауыл ұлттық табиғи паркі қорының керемет жерлері көрінеді. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте орналасқан. Үңгірге баратын баспалдақтың биіктігі 110 метр, бойлай жүрсеңіз, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң бар. Үң­гірдің жалпы ұзындығы 30 метр. Шы­рақшы, өлкетанушы Алтынбек Құр­ма­новтың айтуынша, үңгір күмбез бөлігі мен қа­зандық бөлігінен тұрады. Күмбез бөлі­гіне сәлем беріп, бас иіп кірген келу­ші­лер қазандық бөлігіндегі судан дәм татады.

Негізі, үңгір орналасқан Қоңыр әулие шатқалы ерекше қорғалатын аймақ. Өсімдіктің алуан түрі, аңдар мен құстар мекендейді. Егер ескеретін болсақ, парк маман­дарының айтуынша, табиғи тір­шілікті сақтау үшін аймақта жол, құрылыс салуға және электр желісін тартуға болмайды. Туристерге де көліктермен келуге рұқсат етілмейді.

Бізбен бірге жоғары қарай үңгірге ауыл­дардың кәрі-жасы аралас тұрғын­да­ры да көтерілді. Шырақшының айтуын­ша, үң­гірде Бұқар жырау, Абылай хан, Мәш­һүр Жүсіп болған деседі. ХVІІІ ғасыр­дағы еуропалық және ресей­лік пат­ша шенеуніктерінің жазбала­рында кез­де­седі. Мысалы, 1790 жылдары «Орен­бургская топография» кіта­бының авторы Петр Рычков, Шоқан Уәли­ханов, Григорий Потаниндер үңгірде бол­ғандарын жазған екен.

Мысалы, 1826 жылы Қарқаралы отря­дының командирі болған Карбышевпен бірге поляк Адольф Янушкевич хатта­ма­шы болып Баянауылға келген көрі­неді. Кейін ол 1846 жылы Парижден шыққан «Күнделіктер мен хаттар» деген кітабында осы Қоңыр әулие үңгіріне сапары жайында: «Мен осы киелі мекенде 18 күн, 18 түн болдым. Жаратқаннан Польшаға аман-есен жетуімді тіледім. Бар тілегім қабыл болды. Бүгінгі күні сағы­нам. Түсіме кіреді. Барғым келеді. Бірақ мен алыс Еуропадамын. Кімде-кім алтындай Сарыарқада болса, Баянауылға барсын. Осы киелі мекенге тәу етсін. Ала­қаны бос қайтпайды» деп жазыпты.

 

Торайғыр ауылы, Әулие бұлақ

Бір жақсысы, Торайғыр ауылы жол бойында. Мұнда келе жатып, «Құса­йынның Найзатасы» мен «Кемпіртас» деп аталған табиғи мүсін тастың қасынан өттік. Осы екі тасқа бүкіл турист келеді.

Ал Торайғыр ауылы табиғаты көз сү­ріндірер жерде, тау ішінде, көл жаға­сында орналасқан. Сондықтан ба, әкім­діктегілер тілшілер келсе де, алыс-жа­қыннан туристер, қонақтар келе қалса да осы ауыл жаққа қарай ала жөнелетіні бар. Айнала биік шыңды, құзды тауларға көз жеткізе алмай, толқыған Торайғыр көліне ойша шомылып, таңдана қарап келеміз. Көл жағалай жүріп отырып, ақын Сұлтанмахмұттың ақ кесенесіне барып, тағзым еттік. Бір қуаныштысы – кесенеге барар жол жөнделіпті.

Ауыл тарихы Сұлтанмахмұттың ата­сының есімімен тығыз байланысты. Ма­ңындағы жарқыраған көл де Торайғыр деп аталады. Көл биік құзды шыңдардың етегінде орналасқан. Шыңның атауы «Сәкен жар» екен. Сәкен Сейфуллиннің атымен аталу себебі, «Тар жол тайғақ кешу» романында жазушы азап вагонынан қашып, нағашы жұртын паналап, осы жартаста тығылғандығы айтылады.

Жергілікті зерттеушілер, тарихшылар болса, ертедегі темір дәуірінің көне ескерткіштері, қорымдары көлдің шығыс жағалауындағы демалыс аймағында қал­ғанын айтуда. Ертедегі үңгірлер мен тау тасындағы суреттер, қорғандар мен балбал тастар – ежелгі адамдардың қолымен жасалған құнды деректер. Жалпы Баянауылда табылған барлық ескерткіш түпнұсқа деуге болады.

Айтпақшы, қысы-жазы таудан ағып ­жататын суы тастай, мөлдір Әулие­бұ­лақтың емдік қасиеті бар. Туризм са­ла­сының ардагері, Жұмагелді Дүй­се­кеев ағамыз бұлақ жағасында «Ақжан» ту­ристік ақпараттық орталығын ашқан екен. Ауылға Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Канада, Бразилия елде­рінен де туристер келген.

 

Өзгеше ерекшелік

Иә, Баянауыл өлкесінің тарихы, та­би­ғаты, осы өлкеде туып-өс­кен ғұла­ма­лары – бұның бәрі қазір Баянауылдың ерекшелігін, феноменін қалыптастырып, әлемдік деңгейде танылуына жол ашуда.

Бұл жерде жоңғар шапқыншылы­ғы кезіндегі Қабанбай, Бөгенбай, Олжа­­бай, Малайсары, Жасыбай батырлар­дың­ бас­тауымен шайқастар өтті. Батыр­лар­дың ерлігіне байланысты түрлі аңыз сақ­тал­ған. Мұрынтал ауылы аумағын­да Қазы­бек бидің денесін салған сөре тақ­тай да осын­да сақтаулы тұр. Атақты ән­ші ба­ба­­мыз Жаяу Мұсаның кесенесі де осы жерде.

Өлкетанушы Рамазан Дінісұлының айтуынша, Баянауылдың айналасы тұнып тұрған тарих, шежіре. Төбедегі «Қоңыр Әулие» үңгірі, Жасыбай батыр, әулиелі Мәшһүр Жүсіп, Үкібай би, Сұлтанмахмұт кесенелері, әлі көпке белгісіз Әбжалап әулиенің, Лекер, Мәуке қажылардың зират­тары бар. Көкдомбақ ауылы жағын­дағы төбе үстіндегі Үкібай би кесенесі күңіренеді. Үкібай би Баянауыл сыртқы округінің негізін қалаушылардың бірі. Шоң мен Шорман билердің замандасы, олар биді қатты қадірлеген дейді үл­кен­дер. Жаңатілек ауылы аумағында «Қазы­бек бидің сөре тасы», Мәшһүр Жү­сіп ашқан медресе орны, «Едіге бидің билік тасы», «Тотия ана», Мұстафа, Құр­манбай, Мәстек абыздардың зираты жатыр.

Ал экспедицияның соңғы күні Баян­ауыл ауылындағы Қаныш Сәтбаев музе­йінде болып, ғалымның өмірімен, еңбек жолымен таныстық. Жуырда ғана шыға бастағанына 90 жыл толған «Баянтау» аудандық газетінің редакциясында болып, әріптестерімізді құттықтадық.

Әлия Ермекова аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысына, аудан әкімі Қанат Кәрімовке экспедицияға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы