Зайсан жерінің құттылығын аңыз ретінде айтуға болады. Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік шетінде орналасқандықтан, әдетте басқа өңірлерге қарағанда Зайсан қысы жылырақ келеді. Көктем лебі де ертерек білінеді. Алып таулар қоршауында тұрған кең жазираға күн шуағы да молынан құйылады. Сондықтан күте білсе, бұл өңірде өспейтін жеміс, көкөніс түрі жоқ. Көп жері құмдауыт болғандықтан, дәмі де тіл үйіреді.
Көне түркі тілінде бізге беймәлімдеу «Зайсаң» сөзі «жайсаң» деген мағына береді екен. Ал Зайсан көлі осыдан мың жыл бұрын пайда болған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында «Бейне теңіз» деп аталады. Бір шетінен екінші шетіне көз жетпей шалқып, толқып жататын көлді әлі күнге дейін ақындарымыз теңізге теңейді. Міне, осыдан-ақ Зайсан жерінің қадір-қасиетін біле беріңіз.
Тағы бір ерекшелігі – жер астында жатқан қазба байлығы. Геология-минералогия тілінде бұл өңірді Зайсан қазаншұңқыры деп атайды. Қазаншұңқыр – табиғаттың адамзатқа сақтаған қоймасы секілді дүние. Алтын мен күмістен бастап, түрлі минералды шикізат көздері кездеседі. Бір ғажабы, еліміздің батыс өңірлерінде өндірілетін мұнай кендері алып Сарыарқаны аттап өтіп, Шығыс Қазақстанның Зайсанынан табылды. Табиғат қойнауындағы мұнайдың пайда болу процесі батыс өңірлерінен де ерте жүргендіктен, мұнда ол тым пісіп, қоюланып кеткен екен. Сондықтан бұл мұнайды өндіру кейінге қалдырыла тұрып, мұнаймен қоса кездесетін газ өндіру ісі бірнеше жыл бұрын басталып кетті.
Осындай құтты өңір үшін талас ерте бастан жүргендігін тарихи шежірелерден білеміз. Зайсан – көне түркі кемеңгерлері Тоныкөк, Білге қағандардың табандары тиген жер. Одан бергі замандары бірнеше жүз жылға созылған қазақ-қалмақ соғысында Зайсан өңірі үшін күрес күшті болған. «Қозы Маңырақ, Қу Маңырақ, Арасы толған көп қалмақ, Қалмақты қуып қашырдың, Алтайдан әрі асырдың», дейді атақты Бұқар жырау өзінің ең сүйікті батырларының бірі Қабанбайды жоқтауында. Маңырақ – Зайсан өңіріндегі тіршілікке жайлы тау. Кеңес өкіметі кезінде шопандар осы таудың арасын қыстау еткен. Бұқар жырау бабамыздың сан соғысты бастан өткерген баhадүр Қабанбайдың ерлігін жырлағанда Маңырақ арасын қалмақтардан тазарту ісіне ерекше мән беруі бекер емес.
Зайсан жерінің тартымдылығы Ресейді империя ретінде құрып, оның етек-жеңін кеңейткен І Петр патшаға да мәлім болады. Оған Сібір губернаторы Матвей Гагариннен «сол өңірде алтын бар» деген хабар түседі. Осыған орай өзіне белгісіз өңірге қатты қызығушылық танытқан патша подполковник Иван Бухгольцтің үлкен әскери экспедициясын аттандырады. Бұл экспедиция үш ай жол жүріп, аталған өңірге жеткенімен, жоңғарлар тарапынан жойқын шабуылға ұрынып, күйрейді. Үмітін үзбеген патша орыс-швед соғысында көзге түскен, өзіне сенімді гвардия майоры Лихаревті жеке қабылдап, жүзбе-жүз кездесуінде: «Осы жерден өзің қалаған мамандарды, офицерлерді, солдаттарды алып, Тобыл, Семей бекіністеріне барасың, сол жерден үлкен экспедиция жасақтайсың, барлық қажеттілікті беремін, дайындық мықты болуы үшін сол өңірдегі орыс билігінің бәрін саған бағындырамын, экспедиция әбден әзір болған кезде кемемен Ертісті өрлеп жолға шығасың, Зайсан көліне жетесің, одан өтіп барып жаңа бекініс саласың, жоңғарлардың шамына тимей, бітімге келесің, Ертістің тереңдігін, жағалауын, алтынның бар-жоғын зерттейсің, Гагариннен, Бухгольцтен түскен ақпараттардың рас-өтірігін тексересің, барлық ақпаратты өзіме хабарлап отырасың» деген сипатта тапсырма береді.
Патша жарлығын мүлтіксіз орындаған Лихарев үлкен дайындық жұмыстарын жүргізіп барып, бірнеше кемеге мінген 171 адаммен 1720 жылдың жазға қараған көктемінде қазіргі Зайсан жеріне жеткенімен, оған да мұнда қалудың сәті түспеді. Қалмақтар тарапынан жиі шабуылға тап болып, 400 шақырымдай қайта кері жүзіп, Ертіс пен Үлбі өзендерінің қосылған тұсындағы биік таулар арасындағы үлкен алаңқайдан бекініс салады. Бұл – Өскемен бекінісі еді. Өткен жылы Өскемен бекінісінің құрылғанына 300 жыл болды.
Ресей империясына І Петрдің тапсырмасын жүзеге асырудың сәті осыдан бір жарым ғасырдай уақыт өтіп, қазақтар Зайсан өңірін қалмақтардан әбден тазартқаннан кейін ғана түсті. Зайсан бекінісі салынды. Ол әуелгі баста Жеменей өзенінің атына орай «Жеменейка» деп аталды.
Қазір Зайсан қаласының пайда болуына қатысты әртүрлі дерек кездеседі. Википедияда «Зайсан қаласының негізі 1830-1840 жылдары қаланған» деген дерек бар. Ал Географиялық энциклопедияның 1903 жылы Санкт-Петербургте А.Ф.Дербиен шығарған 18 томында Зайсан қаласының іргетасы 1864 жылы қаланған делінген. Қазақша Википедияда «қаланың іргесі 1868 жылы Ресей мен Қытай елдерінің арасындағы шекараны межелеу кезінде қаланды, кейін уездік қалаға айналды» делінген. Әрине, осылардың қай-қайсысын да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, шамалауымызша, 1830-1840 жылдары қазіргі Зайсан қаласының орнында немесе маңайында қазақ ауылы қоныс тепсе керек. Алғашқы дерек осыны негізге алған. Ал Ресей билігі жөнелткен әскери экспедициялар бұл араны басында бекініс, артынан станицаға айналдыруы 1860 жылдардан бастау алады. Осы деректерді еліміздің шығыс өңірін, ондағы қазіргі заманғы қалалардың пайда болуын, халық шаруашылығының өркендеуін көп зерттеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаев дәлме-дәл деректермен одан әрі бекіте түседі. Ол өзінің «Города Восточного Казахстана. В 1861-1917 гг.» атты монографиялық кітабында Орынбор облысы мемлекеттік архивінің деректеріне сүйене отырып, «Зайсанның негізі 1868 жылы қаланды, 1871 жылы оған қала мәртебесі берілді» деп анық жазған. Осы деректі зайсандық өлкетанушы, аудан шежіресі туралы бірнеше кітап жазған Қалибек Алтыбаев одан әрі қуаттайды және соған көптеген дерек келтіреді.
Сонымен Зайсанға қала мәртебесі берілгеніне биыл – 150 жыл. Бұл жерде назар аударуға лайық ең бір қызықты жайт – патша өкіметі тұсында Зайсанның соншама жедел дамып, аздаған жылдың ішінде қала мәртебесіне ие болуы. Тіпті «Зайсанның негізі 1864 жылы қаланды» деп алғашқы дерекке сәйкес сәл ертерек алғанның өзінде бар болғаны 7-8 жылдың ішінде ол қала мәртебесін алып үлгерген. Ол заманда қала атану оңай болмаған.
Зайсан қаласының патша өкіметінің тұсында жедел дамып, көпестер мен саудагерлер қаласы атануына оның Моңғолия мен Қытай арасындағы сауда жолының бойында Қытайға жақын шекара маңында орналасқаны түрткі болған секілді. Қаланың географиялық орналасуы оған жан-жақтан ағылған көпестер мен саудагерлер үшін бір жағы Қытай, бір жағы Ресей, бір жағы Моңғолия, бір жағы Қазақстанның өз іші, былайша айтқанда дүниенің төрт құбыласына саудамен шығуына өте қолайлы мүмкіндік тудырған. Сондықтан мұнда жылма-жыл Никольск жәрмеңкесі өткізіліп тұрған.
Осының ішінде біздің ойымызша, Зайсанның Моңғолия мен Қытайдың арасын байланыстыратын сауда жолының бойында орналасуының маңызы зор болған. Моңғолияда бұрын да, қазір де мал көп. Бұл мал тірі күйінде немесе жүн мен тері есебінде Қытайға жөнелткен. Сібірден бағалы аң терілері мен темір-терсек жеткізілген. Ал Қытайдан шай, мата, басқа да тұрмысқа қажетті заттар екінші жаққа саудаланады. Зайсанның өзінен аз уақытта шағын екі тері-былғары зауыты салынады.
Еліміздің шығысында басқа өңірлерге қарағанда Зайсан көпұлтты болып келген. Себебі жан-жақтан орыс көпестері, татар саудагерлері, өзбектер мен тәжіктер ағылған. Саудамен айналысқандардың барлығы тез көтерілген. Соның бір мысалы, мұнда қызыл кірпіштен өрнектеліп салынған еңселі үйлердің жиі кездесуі.
Сауданы қазақтар да жақсы үйреніп, олардың арасындағы пысықтары жаңа тұрмысқа бет түзеген. Қалада бірнеше қазақтан шыққан саудагердің жеке дүкендері болған. Мәселен, татар саудагеріне ат айдаушы болған бала Бидахмет Бәдікеновтің дүниені көріп көзі ашылып, орыс тілін меңгеріп алуының нәтижесінде тез байып, гильдия көпесі атанып, орыстың атақты фабрикант байы Савва Морозовпен сауда әріптестігін орнатуы – жеке зерттеуге тұрарлық жайт. Ол Ресейдегі Нижегород сауда жәрмеңкесіне қатысу үшін кейін фамилиясын Бобкин деп өзгертуге мәжбүр болады. Қазір кезінде оның салдырған керемет үйінде Зайсан өлкетану музейі орналасқан. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұл үйдің салынғанына 130 жылдан астам уақыт болған.
Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болысымен байырғы Зайсан қаласы өзінің тарихи даму жолына түсе бастады. Себебі Зайсан ауданының аумағында Қазақстанды Қытаймен байланыстыратын Майқапшағай кедені ашылды. Осыдан кейін Зайсан қаласында сауда тағы да қайнап берді. Шағын қаланың өзінде бұл күндері бірнеше ірі сауда үйлері, көптеген дәмхана, мейрамханалар, бірнеше қонақүй ашылды.
Сауыр, Сайқан тауларының бауырын-
да, Жеменей өзенінің жағасында, саябақтар ортасында жайғасқан Зайсан қаласына барғанымызда, оның кешкі көркін көріп ерекше әсер алдық. Әдетте, қалаға келген адам у-шудан шаршайтыны белгілі. Ал мұнда келсеңіз, демаласыз. Қала көшелерінің бойындағы арықтармен сылдырап ағып жатқан бұлақтарының өзі неге тұрады. Көше бойлай орналасқан тал-теректері төгіліп, гүлзарлары қалы кілемдей құлпырып, жұпар иісі Зайсан кешіне мақпалдай жұмсақтық сыйлайды. Биік таулар төбесінен мейірлене төгілген ашық күннің кешкі шапағын Сауырдан соққан салқын самал тербеп жіберген кезде денеңіз ғана емес, ию-қию тіршіліктен шаршаған санаңыз да сергіп сала береді.
Зайсан қаласы – көне мен жаңаның астасқан тұсы. Мұнда Рудаки, Сағди, Хафиз сынды атақты шайырлар жырлағандай, шығыстық қалаларға тән ескірмейтін суреттер бар. Осыдан 100-150 жылдай бұрын Зайсан көпестері мен саудагерлерінің қызыл кірпіштен оюлап салып кеткен үйлері қала көркіне көрік қосса, қазіргі кәсіпкерлердің салдырған супермаркеттері мен қонақүйлері Қазақстанның қазіргі қарышты даму қарқынын бейнелейді. Зайсан – Қазақстанның ең әдемі шағын қаласы немесе ең сәнді үлкен ауылы. Әлемнің кез келген атақты, асқақ қалаларынан таба алмайтын жанға жайлылықты Зайсан қаласынан табасыз. Зайсан тазалығы, гүлдендірілуі мен абаттандырылуы шағын қалалар үшін үлгі етуге тұрарлық. Осының жолын тапқан Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдинді халық құрметтейді.
Көшелерге қара төсеніш төселіп, жарықтандырылыпты. Әрбір бос жатқан жерлер гүлзарларға, саябақтарға айналдырылған. Ауданның өз мұнайы мен газы, көмірі, арасан суы бар. Қазір осының бәрі іске жаратылуда. Облыста тұңғыш рет Зайсан қаласына көгілдір отын беріле бастады. Енді ол ауылдарға таратылып, ортақ игілікке айналдырылуда.