Саясат • 16 Қыркүйек, 2021

Өзекті тақырыптар талқыланатын алаң

582 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада өтіп жатқан Еуразиялық медиа форумда сарапшылар бүгінгі күнгі өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтар болсақ, Форум шеңберінде өткен дөңгелек үстел отырыстарының бірі Орталық Азияны алаңдатқан Ауғанстан тақырыбына арналды.

Өзекті тақырыптар талқыланатын алаң

Форум аясында ұйым­дас­ты­рылған «Ауғанстандағы оқиғалар. Орталық Азия аймағына қалай әсер етуі мүмкін?» тақыры­бындағы дөңгелек үстелге AFG-QAZ Қазақстан-Ауғанстан даму және серіктестік қауымдас­тығының төрағасы Өміртай Біті­мов (Қазақстан), Азия зерт­теу­лері институтының директоры Сұл­тан Әкімбеков (Қазақстан), «Ма’но» зерттеу бастамалары орта­лы­ғының негізін қалаушысы және директоры Бахтиёр Эрга­шев (Өзбекстан), Гудзон инсти­тутының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аға ғылыми қыз­меткері және директоры Хусейн Хаккани (АҚШ), тарих ғылым­дарының кандидаты, профессор, РҒА Әлемдік экономика және ха­лықаралық қатынастар институты Таяу Шығыс зерттеулері орталығының басшысы Ирина Звягельская (Ресей), саясаттану ғылымдарының кандидаты Саймидин Мирзоев (Тәжікстан) қатысып, ой бөлісті. Іс-шара модераторы Нұрсұлтан Назарбаев орталығының Халықаралық бағдарламалар жетекшісі Қайрат Әбусейітов (Қазақстан) болды.

Өзбекстандағы «Ма’но» зерттеу бастамалары орталығының негізін қалаушысы Бахтиёр Эргашев биыл 15 тамызда аймақта бірқатар елеулі мәселе болғанын атап өтіп, оның әсеріне тоқталды. «Ең алдымен сәтсіз модернизация мысалын атап өткен жөн. Одан кейін геосаясатта да олқылықтар байқалды. Геоэкономикаға келсек, бұл жерде үлкен сұрақ туындайды. Ол қызметтер үшін кім ақы төлейді деген сауал пайда болды. Аймақтан АҚШ кеткеннен кейін бұл жауапкершілікті Қытай өзіне ала ма?

Көршілес елдер енді Ауған­стан­мен қандай байланыс орнатамыз деген ойда. Аймақта қауіп­сіздік мәселесі ретке келтіріл­меген. Қауіпсіздік жоқ жерде экономика туралы айтып керегі жоқ. Ал экономика реттелмеген жағдайда, миграция пайда болады. Босқындар ағынын шекараға қанша мықты күзет қойсақ та тоқтату қиын», деді сарапшы.

«Ең басты сауал – Ауған­станда қоныстанған түрлі этнос­тық топтардың ара қатынасы. Бұл мәселені шешпей, басқа тегеу­ріндер туралы айта алмаймыз. «Талибанның» Ауғанстанда болған, болатын және бар басқа да террорлық ұйымдармен қан­дай байланыс құрары беймәлім. Өз­бекстанда бұл ретте жақсы тәжі­рибе бар. Өйткені елде бірқатар террорлық оқиғалар болғанын бәріміз білеміз. «Әл-Каиданың» ұлғайып жайылғаны сонша, «Талибанмен» жақын­дасып кетті. Сондықтан талибандар олармен күреседі дегенге аса сенбеймін. Осы ретте Өз­бекстанның күн тәртібінде де Ау­ғанстанмен қатынас мәселесі туындайды», деді Бахтиёр Эргашев.

Одан кейін Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы қатынас тұрғысында айтты. Оның айтуынша, 2017 жылға дейін екі мемлекетте прагматикалық серіктестік орнаған-ды. «Ауғанстанда темір жол салуда Өзбекстан үлкен жұмыс атқарды. Хайратон мен Мазари-Шариф арасындағы темір жолды өзбекстандық компания салды. Ауғанстанға электр тасымалдау бойынша да үлкен бағдарламалар қолға алынды. Бүгінде аймаққа тасымалданатын электр энергиясының 55 пайызы – өзбекстандық. Алайда Өзбекстан бас­қа салалар бойынша Ауғанстан үшін жа­бық саясатты ұстанды. Бұл да – праг­ма­тикалық саясат. 2017 жылға дейін қа­терлі аймақ болып қабылданса, сол жылдан бері мүмкіндіктер аймағы ретінде қарас­тыра бастады», деп түйіндеді сарапшы.

Одан бөлек елдегі тұрақсыздық мәселесі әлі де өзекті және ма­ңызды екенін алға тартты. Мәсе­лен, биыл жыл соңында сауда қа­тынасына қатысты келісімге қол қойылуы керек. Сарапшы енді оны кіммен келісетіні беймәлім екенін атап өтті.

Өміртай Бітімов «Тали­бан­ның» өз ішінде де 20 шақты топқа бөлі­нетінін атап өтіп, ең алдымен бірізділік қажет екеніне тоқтал­ды. «Алдымен олар кімнің үстем екенін анықтап алуы керек. Әркім өз ісіне жауап беруі керек. Әлем елдерінің алға тартқан міндеттемелерін орындамай жатып, шоттарды ашу сияқты талап қоя алмайды. Егер бізге ба­са көктесе, біз де тиісті жауап беруі­міз керек. Мемлекет басшы­сы айтқандай, біз тәуелсіз Ауған­­станды қолдаймыз. Ауған­стан хал­қына да тиісті көмек көр­се­теміз. Ол жақтағы қандас­та­ры­мызды да елге алдырып жатыр­мыз. Бұл тұрғыда Кабул үкіме­ті­мен байланыс орнады», деді сарапшы.

Азия зерттеулері инсти­ту­тының директоры Сұлтан Әкім­беков «Талибан» сынды топтың пайда болу мәселесіне тоқталды. Сарапшының пікірінше, бұ­ған жасырын операциялар себеп. Сонымен қатар сарапшы елдегі саяси мәселелерді де қоз­ғады. Мәселен, аймақта әр сай­лау күтпеген нәтижемен аяқтала­тынын айтты. «Халық әр саяси науқаннан кейін не күтерін біл­мейді», деді С.Әкімбаев.

Одан бөлек, елдегі медреселер туралы пікірімен бөлісті. Осы ретте «Елдің оңтүстігіндегі медреселерді назарға алған жөн. Уақыт өте олар Мазари-Шарифке, яғни Өзбекстанмен шекаралас аймаққа көшіп, өзбек халқын да оқыта бастаса, тағы бір мәселе туындары сөзсіз», деп түйіндеді.

Одан бөлек, Форум шең­берінде іс-шараның бірінші кү­нін­де «Қазақстанның мықты бренд­терін құру. Дәстүрлі және жаңа медианың рөлі мен маңызы» атты дөңгелек үстел, «Әлеуметтік маркетинг», «Digital me: әлеуметтік же­лілерде отыру әдетінен арылып, AI және сингулярлыққа кірігуге дейін», «Мультимедиялық плат­формалар-медианың болашағы», «Болашақты қалай басқаруға болады?», «Сыни ойлау неліктен сон­шалықты маңызды?» тақы­рыптарына арналған шеберлік-кластары өткізілді.

Іс-шараға 25 елден 60-қа жуық сарапшы, 3000-нан астам адам онлайн режімде қатысып жатыр. Форум 17 қыркүйекке дейін жалғасады.