Ақпарат саласында жаһандық диалогті дамытуға серпін беретін алаңдардың біріне айналған Еуразиялық медиа форум жұмысына әлемнің түкпір-түкпірінен танымал медиа-менеджерлер, журналистер мен кіл мықты сарапшылар жиналды. Медиа форум аясында Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған аталған дөңгелек үстелге қатысқан спикерлер түркітілдес елдердің ақпарат саласындағы өзекті мәселелер жайында ашық пікірталас жүргізіп, ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарына тоқталып, ұсыныстарын білдірді. Жиында Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан мен Мажарстанның кәсіби мамандары тақырыпқа қатысты орамды ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
«Түркітілдес елдердегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы» атты дөңгелек үстел отырысында сөзді алғашқылардың бірі болып Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли алды. Ол қазіргі уақытта Орталық Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттердің арасындағы ақпарат саласындағы ынтымақтастық басымдыққа ие мәселелердің бірі екенін айта келе, жаңа жағдайда, яғни шексіз ақпарат толқынында кездесетін сын-тегеуріндер жайын баяндады.
– Жаңа жағдай деп отырғанымыз – ақпараттың шексіздігі. Осы шексіздікте адасып, шындықты айыра алмай қалу қаупі жоғары. Оны ақпарат мұхиты деуге де болады. Ал бұл мұхитта жүзе алмағандар батып кетуі ықтимал. Бұл ретте меңгеруге тиіс басты дағдының бірі – контент әзірлеу. Сырттан келген ақпаратты немесе өзгелерден сатып алған өнімді тұтынудың орнына ұлттық, отандық өнімдерді көбейтуге назар аударуымыз керек, – деп атап өтті Физули Маджидли.
Академияның вице-президенті тәуелсіздік жылдарынан бері түркі әлемін жақындастырып, түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын арттыру бағытында жасалған шаралардың бірсыпырасына тоқталып өтті. Оның айтуынша, ТҮРКСОЙ, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы, ТүркПА және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры секілді ұйымдардың бұл ынтымақтастықты кеңейтуде айтулы рөл ойнады. Оның ішінде ақпарат саласына да айтарлықтай мән берілетіні айтылды.
Алқалы жиында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай отандық телеөнімдер туралы баяндап, түркітілдес мемлекеттердің ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастығын ілгерілетуге қатысты бірқатар ұсынысын ортаға салды.
– Корпорация жылына 200-ге жуық бөлімнен тұратын телехикаялар түсіреді, біз нарыққа жылына 15-16 сериал ұсынып отырмыз. Қазіргі уақытта «Қорқыт ата» сериалына дайындық жұмыстарын бастадық, бұл телехикаяны күллі түркі әлеміне ортақ өнім етіп жасау, сіздердің де арналарыңызға ұсыну ойда бар. Бұл бағытта ортақ жобаны жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыс істеп, сіздердің елдеріңізде түсірілім жасап, ортақ сериал жасауға ниеттіміз. Себебі Қорқыт ата – бәріміздің тарихымызда болған ортақ тұлға, сондықтан осы жобаға атсалыссаңыздар деген нақты ұсынысымыз бар, – деді Ләззат Танысбай.
Телерадиокорпорация басшысы сондай-ақ түркітілдес елдер өндірген телевизиялық жобалармен алмасу алаңын құруды ұсынды.
– Жыл сайын біздің және сіздердің телеарналарда мәдени-тарихи бағыттағы көптеген жаңа өнім дайындаймыз. Соларды алмасып тұру үшін ортақ сериалдардың онлайн платформасын немесе ортақ ақпараттық сервис құруды ұсынамыз. Яғни ол жерге кез келген телеарна өзінің дайындап жатқан жаңа өнімін таныстыру үшін аңдатпаларын жүктей алады. Ал қызығушылық танытқан мемлекеттің телеарнасы оны тегін алуына мүмкіндік жасауымыз керек. Бұл ортақ тарихымызды әр елдің ана тілінде көрсетуге мүмкіндік болар еді, – деп атап өтті Л.Танысбай.
Ол сондай-ақ біртұтас түркі тарихын көрсететін анимациялық жобаларды өңдеуге де қатысты ұсыныс білдірді. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының шеңберінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы түркітілдес мемлекеттердің телеарналарын бірігіп Наурыз мейрамында телекөпір ұйымдастыруға шақырды.
Түркияның NTV арнасының сыртқы жаңалықтар қызметінің менеджері Ахмет Йешилтепе ақпарат кеңістігіндегі ынтымақтастық осы секілді диалог кезінде жеке таныстықтан басталатынын алға тартты. Ол сондай-ақ 20 жыл бойы түркі халықтарының тарихи, мәдени құндылықтарын зерттеп, таспаға түсіргені жайлы баяндап берді.
– Мен 2000 жылдардан бастап Моңғолия, Жапония, Оңтүстік Корея, Түрікменстан, Қазақстан, Қырым, Башқұртстан, Әзербайжан, Балқан елдерінде түркі мәдениеті мен тарихы туралы 33 сериялы деректі фильм түсірдім. Түбі бір түркі мемлекеттері жайлы білгісі келетін жас көрермендер үшін бұл өте пайдалы өнім деп ойлаймын. Осы туынды арқылы мен түркі әлемін көрсеткім келді. Кәсіби маман ретінде түркі жұртын жақындастыруда осы медиа туынды арқылы өзіндік үлесімді қостым деуге негіз бар. Дегенмен алда атқаратын жұмыс өте көп, – деді Ахмет Йешилтепе.
Еуразиялық медиа форумға қонақ ретінде екінші рет қатысып отырған Мажарстанның өкілі, «Дуна» телекомпаниясының директоры Иштван Палффи Қазақстанға соңғы рет 2002 жылы келгенін және одан бері ел астанасының қарыштап дамып, айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын баса айтты. Ол сондай-ақ түркітілдес елдердің сериал, фильм форматындағы контенттен бөлек мәдени алмасудың болуы маңызды екенін атап өтті. Мажар маманы бұл басқосуда жастар аудиториясын көбірек тарту керек деген қорытындыға келгенін айтты. Ол сондай-ақ мемлекеттер арасындағы байланысты нығайту үшін жекелеген азаматтардың арасындағы достық қарым-қатынастың орнауы керек деген пікірді қолдайтынын жеткізді.
Басқосуда сөз алған Әзербайжан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, тележүргізуші Тофик Аббасов түркітілдес мемлекеттерге ортақ ақпарат кеңістігін, бірлескен әрекеттерімізді институтцияландыруымыз керек деген пікір білдірді. Әзербайжандық сарапшы сондай-ақ түркітілдес мемлекеттерге ортақ ашық есік форматында, сырттан қонақ шақыру мүмкіндігі бар тұрақты форум құру керек деген ұсынысын ортаға салды. Ол түркі әлемінің ақпараттық әлеуеті жоғары екеніне сенімді.
Орталық Азия аймағының БАҚ саласындағы ерекшеліктері мен өзекті мәселелеріне тоқталған Түрікменстан мемлекеттік ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Сяхемурад Какышев пен Тәжікстанның «Авеста» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Жанатхон Курбанова пандемия кезінде ақпарат айдынында жалған ақпарат пен қауесеттің кеңінен таралуы сала мамандарын тығырыққа тірегенін тілге тиек етті. Жалпы, отырысқа қатысушылар ынтымақтастықты қазірден ортақ тарихи-мәдени құндылықтарымызды дәріптеуден бастауымыз керек деген пікірмен бірауыздан келісті.
Түркітілдес мемлекеттердің өкілдері мен халықаралық ұйымдар түркі әлемінің ынтымақтастығын кеңейтуде ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мәселесі маңызды рөл атқаратынын үнемі айтып келеді. Жаһандық диалог алаңында өткен бұл басқосуда бауырлас елдердің масс-медиа саласындағы танымал тұлғалары қазіргі күрделі жағдайда ақпарат таратудың ерекшеліктерімен қатар, ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастырудың алғышарттарына тоқталып, нақты ұсыныстарын ортаға салды.