Қоғам • 17 Қыркүйек, 2021

Қару ұстау: қауіпсіздік пе, қылмыс па?

1546 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Лисаковск қаласында болған қанды оқиға қоғамға «Қару ұстауға рұқсат беру керек пе?» деген сұрақты қайта талқылатуда. Бұл мәселеге қатысты елдің пікірі екіге жарылды. Бірі «Бізде әлі күнге дейін қару ұстау мәдениеті қалыптасқан жоқ. Сондықтан кез келген адамға оңды-солды қару беру дұрыс емес» десе, екіншілері «Жеке қауіпсіздігі үшін халықта қару болуы керек» деген ойда.

Қару ұстау: қауіпсіздік пе, қылмыс па?

Лисаковскта таяуда көршілер арасын­дағы жөндеу жұмыстарынан туған кикіл­жіңнің соңы екі бірдей адамның өлімі­мен аяқталғаны белгілі. Ашуын тізгіндей алмаған зейнеткер тұрғын үй­дің кіреберісінде аңшы мылтығынан оқ атып, ақыр соңы көршілері – анасы мен қызын ауыр жаралаған. Қостанай облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, оқ жарақатынан көп қан жоғалтқан әйел жедел жәрдем келген­ше есік алдында көз жұмса, қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. «Пәтерін жөндеймін деп, жүрерге жер қалдырмады» деп ызаға булыққан қарт көршінің ашуын оқиға орнына келген полиция қызметкерлері де баса алмаған. Тәртіп сақшыларын көргенде мүлде есіріп кеткен күдікті оларға қарата да оқ атып, біреуін иығы­нан жаралайды. Ашу-ызадан көзі қан­талап, тұрғындардың зәре-құтын алған еркекті сабасына түсіру үшін сақшылар табельдік қаруларын қолдануға мәж­бүр болған. Амалы құрыған полиция қызметкерлері ескертулеріне құлақ аспа­ған, айтқандарын тыңдамай екілене түс­кен күдіктіге қарата оқ атады. Осылайша, елдің есін алған зейнеткер ақыр соңы ауыр жарақат алып, кейіннен жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Бүгінде осы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп, прокуратура полиция қызметкерлерінің табельдік қаруды қолдануының, ал сақ­шылар ер адамның аңшы мылтығын үйінде сақтауының заңдылығын тексеріп жатыр.

Ал күні кеше түркістандық тәртіп сақ­шылары көлігінде оқ-дәрілері бар тапанша ұстап жүрген жүргізушіні тоқтатқан. Жолда келе жатып полицей­лердің сезігін тудырған жігіт бұл қаруды өзімен бірге қандай мақсатта алып жүргенін нақты түсіндіріп бере алмаған. Сол себепті де қазір қаруды заңсыз сақтау және алып жүру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.

Елімізде атыс қаруын сатып алуға, сақтауға, өзімен бірге алып жүруге рұқ­сатты egov.kz арқылы өтініш беру арқы­лы алуға болады. Қазақстан заңы бо­йынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденуге рұқсат алған 18-ге толған кез келген азаматтың қару иесі атануға құқығы бар. Рұқсат мерзімі – бес жыл. Ал атыс немесе аңшылық қаруды аңшы куәлігі барлар ғана ұстай алады. Талапқа сай әр азаматтың иелігіндегі аңшылық қарудың, газды тапанша, тіпті электрлі қарудың саны да екеуден аспауы керек. Тиісінше Қылмыстық кодексте қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүруге қатысты арнайы бап бар. Егер осы 287-бап бұзылса, қару иесі бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін.

Отбасылық-тұрмыстық қылмыс­тар­дың туындауына көбіне-көп арақ пен ашу түрткі болады десек, ызамен қолына қару алып, ащы судың буымен шүріппені ойланбай баса салатындардың дені суық қаруды қалай қолдану керек екенін біле де бермейді. Қарапайым тілмен айтсақ, көпшілікте қару ұстау мәдениеті жоқ. Сол себепті ең алдымен қоғамда қару ұстау мәдениетін қалыптастырудың ма­ңызы зор. Өйткені қолына қару түссе есіріп, тіпті судағы балықты аулап емес, атып алған дарақылықты да көз көріп, құлақ естіді. Ал нақты статистикаға сүйенсек, елімізде атыс қаруын қол­данумен жасалған қылмыстардың бар­лығы ішкі істер органдарында тиісті тір­кеуге алынбаған, олар заңсыз айналымда болған қару-жарақтардың кесірінен болады.

ІІМ соңғы 5 жылда қару-жарақты қол­дана отырып жасаған қылмыстар саны­ның 50 пайызға азайғанын мәлім­дегенімен, елімізде заңсыз қару-жарақ сатып алу және сақтау деректерінің ре­кордтық көрсеткішке көбейгенін де жа­сыр­майды. Мәселен, биыл қаңтар-шіл­де айларында қару айналымына қа­тысты қылмыстық құқық бұзушылық 43 пайызға көбейіп, 874 іс тіркелген. Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлау және боп­салау жағдайлары бойынша 13 де­рек тіркелген болса, антирекорд аймақ­тардың үштігіне Алматы мен Нұр-Сұл­тан қалалары мен Шығыс Қазақстан об­лы­сы енген.

Жыл сайын ел көлемінде «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Жедел операция кезінде жыл сайын жүз­деген тіркелмеген, заңсыз сақталған атыс қару-жарақ анықталып, тәркіленіп жатады. Жалпы, елімізде халықты қару­сыздандыру саясатының жүргізіліп келе жатқанына да жеті жылдан асты. Заң­сыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу үшін мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы да бөлінді. 2014 жылдан бастап «Қару тапсыр да, сыйақы ал!» деген атаумен өткізіліп келе жатқан ак­циясы кезінде кез келген азамат жер­гі­лікті полиция бөліміне келіп, заң­сыз сақ­талып тұрған атыс қаруын, оқ-дәрі­лер мен жарылғыш заттарды өткі­зіп, ақ­шалай сыйақы ала алады. ІІМ Әкім­шілік полиция департаментінің маман­дары аталған акция құжатсыз және кри­миналдық іске қатысы бар деген түр­лі қару-жарақтарды айналымнан шы­ғаруға септігін тигізеді десе, қоғам бел­сенділері қаруды ерікті түрде тапсыру халықтың жауапкершілігін арттыратынына сенімді. Ең бастысы – қаруды өз еркімен тапсырған азамат заң алдында жауапкершілікке тартылмайды.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төр­ағасының міндетін атқарушы Алексей Милюктің мәлімдеуінше, биыл респуб­лика көлемінде өткен «Қару» жедел операциясы кезінде заңсыз айналымнан 800-ден астам атыс қаруы мен 1,8 мыңнан астам ойық қару оқтары тәркіленген. Бір айдың ішінде 2 мыңнан астам заңды тұлға, оның ішінде қару-жарақ сататын дүкендер мен 219 мыңдай азаматтық қару иесі тексерілген.

«Операция кезінде полиция қызмет­кер­лері негізінен қару-жарақтарды сақ­тау, алып жүру талаптарының орын­да­луын заң тұрғысынан тексереді. Мәселен, осы жолы өткізілген іс-шара кезінде қаруды заңсыз алуға қатысты 344 материал тіркеліп, 500-ге жуық аза­мат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаруға қатысты жиі бұзылатын әкімшіліктік 482-бапта жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жү­руi, тасымалдауы көрсетілген. Ішкi iс­тер органдарында тiркелмеген қару-жарақ­тарды заңсыз алып жүргендерге 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады», деп ескертіп өтті комитет өкілі.

Азаматтық және қызметтік қару иелері мен пайдаланушыларды тексеру кезінде 6 мыңға жуық бұзушылық, оның ішінде 4,5 мыңға жуық қаруды сақтау және алып жүру қағидаларын және 1,5 мыңға жуық қаруды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін бұзу дерегі анықталған. Полиция полковнигі А.Милюк қолға алын­ған жедел іс-шаралардың қажеттігі мен тиім­ділігі туралы айта келіп: «Биыл атыс қаруын қолдана отырып жасалған қылмыс саны 17 пайызға азайды. Мы­салы, былтыр осы санаттағы қылмыс 138 болса, 2021 жылы 166-ға дейін тө­мендеген», деп хабарлады.

Әрине, үйінде қару ұстағандар­дың бар­лығы бірдей қылмыскер емес. Алай­да А.Чеховтің «Егер пьесаның бірін­ші актісінде қабырғада мылтық ілулі тұрса, онда соңғы актіде ол міндетті түр­де аты­луы керек» деген ойының аста­рына үңілсек, қолға алынған қару әйтеуір бір қай­ғылы оқиғаға түрткі болары сөзсіз. Сол себепті де көптің қызу тал­қысына түс­кен «Қару-жарақты сатып алуға рұқ­сат беруге бола ма, болмай ма?» деген сұраққа жауап берген жұрт­тың көбі қару ұстауға рұқсат беру қыл­мыс жасауға «жол ашумен» бірдей еке­нін айтады.