Қоғам • 17 Қыркүйек, 2021

Сөз сойыл

2419 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сөз сойыл

Бірде

Жоғалмаған сағат
Ұмытшақтық қасиет жазушы Дидахмет Әшімхановта да болса керек.
– Мен қырыққа толғанға дейін сағат жоғалтқыш болдым, – дейді ол бірде қаламгер інілеріне сырын ашып, – Мынау дүние – қырыққа толған мерейтойда Сауытбек досымның сыйлаған сағаты еді. Содан бері бес жыл өтті, шүкіршілік, жоғалтқам жоқ.
– Қалайша? – деп сұрайды әуесқой інілері.
– Өйткені бұл сағатты содан бері қолымнан әлі шешкем жоқ? – деп жауап беріпті Дидахмет.

Бір кило алмаға екі кило ақша
«Қалжыңбас Қалтай» атанған сатирик жазушы Қалтай Мұхамеджанов жаңа жыл алдында өткізіліп жатқан әлдебір жиынға кешігіңкіреп келіпті. Бұл – 1991 жылдың желтоқсаны, яғни нарықтық қатынастың қайда апарарын білмей ел дағдарып жүрген қиындау уақыт екен. Кешіккен Қалекеңнен:
– Иә, Қалтай, қайда жүрсің? – деп сұрайды құрдастары.
– Жолай көкбазарға соғам деп...
– Иә, көкбазарда не жаңалық бар екен?
– Ол жақта қандай жаңалық болушы еді, – дейді сонда Қалтай қолын нәумез сілтеп, – Бір кемпір бір килограмм алмаға екі килограмм ақша сұрап отыр... Қалекеңнің дәл тауып айтқан жауабына отырған жұрт ду күліп жіберіпті.

«Оқу сонда не берді?»
Өмірден ертерек кеткен тамаша ақын Төленді Нұрмұхамедов көп жыл бойы партия-совет саласында қызмет еткен. Сол кісі Алматы облысының Талғар аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген кезінде партиялық қызметті тас­тап, біржола шығармашылыққа бет бұруды ойлайды. Сөйтеді де, хатшылықты табыстап, Мәскеудің М.Горький атындағы Жоғары әдебиет курсынан бірақ шығады. Ол жақта екі жыл оқып, Алматыға келген соң қызмет табылмай, біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Сонда ақын Сырбай Мәуленов:
– Нұрмұхамедов Төленді,
Жазамын деп өлеңді
Хатшылықтан босанып,
Мәскеу жаққа жөнелді.
Барып түсіп оқуға
Теорияға кенелді.
Қайтып келді – жұмыс жоқ,
Кездесті көп кедергі...
Оқу сонда не берді? – деген екен.

Әлібек АСҚАР

Нұр-Сұлтан

 

Ұрпақ «үні»

Немерем бес жасқа толғанда сүндетке отыр­ғызып күпініп жүріп, өзімнің баяғыдағы «мұсыл­ман болған» кезім еміс-еміс есіме оралды... Атамның екі езуі екі құлағында, айналып-толғанып «мұсылман болғандығыма» көрімдіктен жиналған тиын-тебенге өзінің ышқыр қалтасына атам заманда «еніп кеткен» «көкала қойларын» қосып: «Бәрі өзіңдікі, апаңды алып аудан орталығына барып келіңдер. Армансыз аралаңдар, бәрін көріңдер, керегіңді ал, дегенің болсын» деген.
Не керек, талтаңдауым тиылған күні орталықта ойран асыр салдым-ай кеп... Кинотеатрға барып кең эк­раннан «Фантамастың» екі сериясын тапжылмай оты­рып көрдім... Балмұздақтың бесеуін тоғытамын деп тамағым қырылдап қалғаны бар... Бақандай екі қа­бат­ты дүкеннен жарты қап ауылда қат дүниені ар­қалап шығыппын... Ойхой, жиналған тиын-тебен велосипед алуыма жеткендегі қуанышымды айтсаңшы...
Күпініп-желпініп отырып немеремнің алдына іш қалтамнан көкала «көгенкөздің» біразын шытырлатып тастап:
– Бәрі өзіңдікі, біз бара алмаймыз, әкең мен шешеңді алып облыс орталығына барып келіңдер. Облыс жақындағы аудан емес, немерем пойызға мінсін... Кинотеатрдан әлгі шетелдің мықты киноларын көрсін... Міндетті түрде паркке апарыңдар, армансыз араласын. Қасқыр көрсін, түйе мінсін, жолбарыстың жанында суретке түссін... Қолын қақпаңдар, алатынын алып қайтсын, – деп немеремнің басынан сипап едім:
– Ата, әжем де, папам да, мамам да ақша берді... – деп әңгімесін айтты. – Облыс емес, Астанаға барамын... Пойызбен қайтарда жүк алып қайтамыз, барарда самолетпен ұшамыз... Бірден «Мегаға» барамын... – дегенін түсінбей әкесіне иек қағып едім: «Мега» – балаға керек-жарақты ішіне сыйғызған әмбебап кешен» деп түсіндірді.
– Ата, ойын автоматты шаршағанша ойнаймын... Паркті, зоопаркті теледидардан-ақ көріп алғанмын... Киноның неше түрін үйдегі видикпен-ақ тамашалап біткенбіз... Өзіме лайықты, ішінде радиосы да, музыкасы да бар сотовый телефон алайыншы?.. – деді.
– Ала ғой құлыным, – деп әке-шешесіне көз тас­тап едім, болады дегендей бас изеп келісім берді.
– Ата, енді екі жылдан соң мектепке барамын ә? – дейді риза болған немерем.
– Барғанда қандай!
– Әріпті білемін, оған дейін оқитын боламын, мектепке барғаныма компьютер әпересіз бе?
– Әпереміз, күнім...
– Бесінші сыныпты кілең беске бітірсем, мотоцикл мінгізесіздер ме?
– Мінесің, құлыным.
– Мектепті бітіргенде мәшине әперсеңіз, апам екеуіңізді Астанаға апарып келемін.
– Сол күнге жеткізсін, дегенің болады...
...Қайтейік, ұрпақ «үні» осы, тек аман болып, шөберемді сүндетке отырғызып оның да «үнін» естіп барып алжып кетсек арман жоқ-ау...


Берік САДЫР
Нұр-Сұлтан

Құлақ сал
Қошқар қуанар егізге,
Доңыз қуанар сегізге,
Миллион шабақ өсірген,
Балық қуанар теңізде.
Өзінен тұқым болмаған,
Бәрі бір ат пен өгізге,
Текті өссін десеңіз,
Дәрет алмай емізбе.
«Қанаттыға қаққызба,
Тұмсықтыға шоқытпа»,
Сенде жерде қалмайсың,
Ие болсаң өзіңе.

Мен де сәби баламын

Қарағым-ау, қарағым,
Жетпістен асып барамын,
Бойым шөгіп барады,
Қысқарттым шалбар
балағын.
Қарағым-ау, қарағым,
Сексеннен асып барамын,
Қолтықтайтын қыздар жоқ,
Сүйеніш болды-ау таяғым.
Қарағым-ау, қарағым,
Тоқсаннан асып барамын,
Тілерсегім дірілдеп,
Басуға келмей аяғым.
Қарағым-ау, қарағым,
Жүзден асып барамын,
Ойыншық көрсе таласқан,
Мен де сәби баламын.

Шимайгүл
Ой, Шимайгүл, Шимайгүл,
Қылығың ішке сыймай жүр,
Ауыл біткен сөз қылып,
Ауыздарын жимай жүр.
Ой, Шимайгүл, Шимайгүл,
Кемпір-шалды сыйлай жүр,
Ақыл айтса үлкендер,
Құлақ салып тыңдай жүр.
Ой, Шимайгүл, Шимайгүл,
Жамандыққа бұрмай жүр,
Ерің жоқта үйіңе,
Бөтен елді жимай жүр.

Қазыхан ӘШЕ

Алматы

 

Араның пайдасы
Тынымсыз іздеп даладан,
Тапқаны да пайдалы...
Денеңді болса талаған,
Шаққаны да пайдалы...
Аса алмады-ау арадан,
Кей қорқаулар қайдағы.
Әй, әттеген-ай!


Жансарай мен
Хан сарай
Сараңның 80 бөлме хан сарайы,
Көзіне тар көрінер сән сарайы.
Сақи мен Жомарт жанның әлдеқайда,
Көңіл мен кең болады жансарайы.


Жұмбақ көп...
Сіз-бізде де жұмбақ көп,
Біз-сізде де жұмбақ көп.
Қатынастар қазіргі –
Қала бермек жұмбақ боп.
Беруде де жұмбақ көп,
Алуда да жұмбақ көп.
Қысылғанда қысқармай,
Қалуда да жұмбақ көп.
Далада да жұмбақ көп,
Қалада да жұмбақ көп.
Сараласаң салмақты,
Әр салада да жұмбақ көп.
Жемдерде де жұмбақ көп,
Емдерде де жұмбақ көп.
Қол ұшынан жалғасқан,
Жеңдерде де жұмбақ көп.
Жүргенің бар тыңдап көп,
Жауабы жоқ жұмбақ көп.
Өткендер бар өмірден,
Өмір бойы жұмбақ боп.
Иә, жұмбақ көп.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

Қызылорда

 

МЕКТЕПТЕГІ МЫСҚЫЛ

Мұғалім оқушыға сұрақ қойды:
– Саңырауқұлақтардың пішіні неге қолшатырға ұқсайды?
– Жаңбырдың астында өсетіндіктен шығар...
* * *
2020 жыл. 12 сандық бағалау жүйесі бойынша мектепте оқитын баласы әкесіне:
– Әке, сіз мектепте қандай баға алушы едіңіз?
– Біз шешең екеуіміз үнемі «4» пен «5» алатынбыз.
– Нашар оқыған екенсіздер...
* * *
Мұғалім:
– Балақай, «ұрлау» сөзінің келер шағын айтып берші.
– Түрмеге қамалу!
* * *
– Болат, айта қойшы, үйге қандай тапсырма берілді?
– Мамамның базарына «Кубанка» деген бөрік түссе, хабарла дегенсіз.