31 Қаңтар, 2014

Исатай қайда жерленген?

857 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
01-Исатай-1 Осы күні өлке тарихына көз салып жүрген зиялылардың өзі Исатай батырдың сүйегінің жатқан жерін анықтау талас- талқыға айналып бара жатқан жоқ па деп реніш білдіреді. Өте орынды. Өйткені, Ішкі Орда тарихын зерттеушілер, оның ішінде исатайтанушы мамандар осы тұрғыда ғылыми негізді сөзге бара алмай жүр. Ал, назар аударарлық құжаттар, ескерерлік пікірлер жеткілікті. Мысалы, Алаш арыстарының бірі Халел Досмұхамедұлы сонау 1924-1925 жылдары «Исатайдың сүйегі Темір уезі Қиыл бойындағы Шолақмолда деген молада» деп жазып кеткен. Исатай Тайманұлы мен Халел Досмұхамедұлы бір өңірдің – Атырау облысындағы Тайсойғанның тумасы. 1929 жылы халық жауы аталып ұсталып кеткенге дейін ғалым елмен байланысын үзбеген, ескі әңгімелерге қанық болған. Аңыз бен тарихи болмысты ажырата білетін тұлға. Осы кезеңге (жиырмасыншы ғасырдың 30-шы-70-ші жылдарына) тереңірек үңілсек, Исатай туралы тарихшы Халелдің біліп айтқан сөзінің бүгінге дейін ескерусіз қалуын – сол 30-жылдары Х.Досмұхамедұлының халық жауы атануымен байланыстырамыз. Барлық шығармалары тәркіленді. Оқуға тыйым салынды. «Қазақ әдебиеті» газеті 1962 жылғы 14 желтоқ­сандағы санында Хаттар Дүйсенәлиевтің «Исатайдың моласы Шейітсайдан табылды» деген мақаласын жариялады. Қарсы уәж білдіріп, мақаланың ғылыми негізсіздігіне қатты сын айтқан жалғыз Қ.Жұмалиев болды. («Қ.Ә»18.10.1963 ж). «Мақаладағы деректер де, пікірлер де нанымсыз атүсті айтылған. Тарихи шындықтан алыс». Академик-жазушының осындай сын сөзінен кейін Х.Дүйсеналиев ойлануға тиіс еді. Исатай батырдың зиратын іздестірудің ұзаққа созылып кетуінің тағы бір себебі, Қ.Жұмалиев жоғарыдағы аталған мақаласында Х.Досмұхамедұлының аты-жөнін айтып, оған сілтеме жасай алмады, «Иса­тайдың сүйегі... Шолақмолда деген жерге қо­йылыпты-мыс» деп қысқа қайырды. Осылай көрнекті әдебиетші-ғалымды заманның «мысы» басып, «Шолақмолда» сол 1962 жылдан бері көлеңкеде қалып келеді. Содан бері заман өзгерді. Енді ешкімнен қорықпай шындықты айта аламыз. Алайда, атыраулық тарихшылардың сол баяғы сүрлеуден бұрылғысы жоқ. Анығы сол, Шолақмолданы ойлап шығарған мен емеспін. Тағы да қайталайын, осыдан 90 жыл бұрын Х.Досмұхамедұлы айтып кеткен. Өкініштісі, Исатайдың моласының басына ол кісі де белгі қоя алмады. 1991 жылы ақтөбеліктер Шейітсай деген сайдың бойында «Исатай батырдың моласы осы жерде» деп ескерткіш-обелиск тұрғызып, құйма темірмен қоршады. Батырдың екі жүз жылдығына орай біршама жұмыстар атқарылғанымен (қонақ шақыру, бәйге, т.б.) оның өліміне байланысты құжаттарға, ең болмаса, осы жерде 30 жыл бұрын ғана жүргізілген зерттеу жұмыстарына көңіл бөліне қоймады. Асығыстықпен, советтік науқаншылдық пәрменімен кезекті «бір той» өткізілді. Тарихи деректерге жүгінсек, сол күнгі (12.07.1838 ж) қырғын шайқастан тірі қалған Исатайдың жігіттері Баймағамбет әскерінің қуғынына ұшырап, Ойылды бетке алып, ажалды Ақбұлақтан әрі қашты. Осы бір күннің негізгі құжаты (хаттамасы) полковник Геккенің 1838 жылдың 13 шілдесінде Орынбор губернаторы Перовскийге жазған рапорты («Махамбет әлемі», 9-шы кітап, 290-292 б.б.) Бұл құжаттың құндылығы – соңғы шайқас Ақбұлақ өзені жағасында (маңында емес) болған. Исатайлықтар Баймағамбет тобын арғы бетке қуып тықсырған. Осы жерде, өзен жағасында қоршауға түсіп қалып, қырғынға ұшыраған. Кейін шегінгендерді қорғаштап келе жатқан Исатай өзін қоршап алған жаумен атысып-шабысып (3 қазақ, 16 казак-орыс) қаза болды. Ақбұлақтың жағасында шәһит болған 30-40 (Геке 70-80 депті) сарбаздардың денесін сол күні екінді мен ақшам аралығында жинап үлгеріп, ат аяңымен Қиылдың суы мол (қазірдің өзінде айдын-шалқар) тұсынан оң жақ қырлы жағасына –Шейітсай сайына жеткізу мүмкін емес. Осындай қашықтыққа әкелудің де ешқандай қажеттілігі жоқ еді. 1968 жылы Шейітсайда Н.Шаяхметов ұйым­дастырған экспедиция кезінде қазба жұмыстарының басы-қасында болған ақтөбелік тарихшы, профессор Зәкіратдин Байдосов осы жерде Исатайдың моласы деп белгіленген төрт қабірдің біреуінде де қылыш кес­кен, оқ атылған бірде-бір мүрде кездеспегенін, Ноэль Шаяхметовтің қиналып тұрып, Исатай батырдың сүйегін таба алмағанын айтқан еді. Н.Шаяхметовтің өзі 1978 жылы осы тақырыпқа арналған сұхбатында («Социалистік Қазақстан») журналист Жанболат Аупбаевқа былай дейді: «Кейде ойлаған істерің орындала бермейді екен. Оған Исатай бейнесін тірілту жолында тер төккен үш жылымның нәтижесіз аяқталғанын айтуға болады. Өкінетінім – сол жазда (1968 ж.) Шейітсайда батыр мүрдесінің қай жерде жерленгенін таба алмай қайтқаным». («Қобыланды батыр», Аңыздар мен шындықтар, Ақтөбе, 2007 ж.) Өткен жылы Оралдағы Махамбет университеті медицина ғылымдарының докторы Қайыржан Әбисатовтың «Махамбеттанудың мәлім және бей­мәлім парақтары» деп аталатын еңбегін жарыққа шығарды. Осы басылымның 19-шы бетінде автор Н.Шаяхметовтің Қиылда жүргізген қазба жұмыстары жайлы да жазады. «Жергілікті ақсақалдардың ««мынау Исатайдың мүрдесі жатқан жер деген сілтеуімен Шейітсайда бірнеше қабірді қазып, Исатай денесіне ұқсас мүрдені таба алмапты». Ғалымның бір ауыз сөзі қымбат. Алматыға телефон шалдым. – Мен дәрігер адаммын. Қараойда Махамбет қабірін ашқанда (1966ж), ақын сүйегін қайта жерлегенде (1983 ж.) Ноэль Шаяхметовтің қасында болдым. Ноэлден естігенімді жаздым, – деді Қайыржан аға. Осы деректердің негізінде ғана Исатай батырдың, майдан даласында қаза тапқан басқа да сарбаздардың мүрделері Ақбұлақтан 13-15 шақырым жердегі (Қ.Жұмалиев жазып кеткендей) Шолақмолда жай­лауындағы Шолақмолда қорымында жерленген деп ой түюге болады. Егер тиісті ұйымдар осы сөзімізге құлақ асса, көп жылғы дауға нүкте қойылар еді. Ғаділше ӨТЕБӘЛІ. Батыс Қазақстан облысы.