Әлем • 17 Қыркүйек, 2021

Армения Әзербайжанның үстінен халықаралық сотқа шағымданды

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Армения Әзербайжан үстінен БҰҰ-дағы Халықаралық сотқа шағым түсірді. Ереван Бакуды жылдар бойы Армения азаматтары мен этникалық армяндардың құқығын өрескел бұзды деп айыптады, деп жазады Egemen.kz Орталық Азия жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Армения Әзербайжанның үстінен халықаралық сотқа шағымданды

Халықаралық соттың мәліметіне қарағанда, шағым иесі Арменияға «қастық саясатын жүргізген» Әзербайжан «армяндарды нәсілдік тұрғыда алалады» деп тұжырымдаған.

Ереванның пікірінше, соның салдарынан «армяндар жүйелі түрде дискриминацияға ұшыраған, жаппай азапталып өлтірілген, өзге де кемсітушіліктерге ұшыраған».

Арменияның пікірінше, Бакудің «армян ұлты мен тегіне» қарсы бағытталған әрекеті 2020 жылы қыркүйекте Таулы Қарабақта жағдай ушыққан кезде қайта жанданған.

Армения шағымда «қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан нәсілдік алалаудың барлық түрімен күрес туралы халықаралық конвенция шарттарын өрескел бұзды» деп айыптаған.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі өкілі Баку «барынша қорғанып», Арменияны дәл солай айыптап, қарсы шағым түсіретінін айтты.

Таулы Қарабақтағы соғыстан кейін Әзербайжан мен Армения арасындағы жағдай әлі ушығып тұр. Былтыр алты аптаға созылған соғыс кемінде 6900 адамның өмірін қиды. 2020 жылы қараша айында тараптар Мәскеудің араағайындық етуімен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, Армения Таулы Қарабақтағы бірнеше ауданды Әзербайжанға қайтарған.

Екі ел арасындағы атысты тоқтату туралы келісім және Арменияның іс жүзінде соғыста жеңілуі елді саяси дағдарысқа алып келген.