Президент • 20 Қыркүйек, 2021

Қауіп-қатерге қарсы қуатты қару

246 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүние жаратылғалы бері адам баласының көрмеген құқайы жоқ. Бейбіт кезеңнен гөрі ұзақ жылдарға созылған соғыстың зардабы көбірек. Заман өзгергенмен, уақыт бедері түрлі жаңалықтарға иек артып, алуан-алуан техно­логияны ойлап тапқанымен, адамзат астамшыл пиғылдан арыла алмай келеді.

Қауіп-қатерге қарсы қуатты қару

Төрткүл дүниедегі саясат атаулы бүгінде қырық құбылып тұр. Дәулеті тасып, көштен озған мемлекеттер бір-бірімен қырық пышақ болып, әрқайсысы жаһанға жарлық айтатын жалғыз билеуші болғысы бар. Дамыған елдер өз ыңғайындағы серке мемлекеттің маңайына топтасып, қар­сылас жақтың сағын сындырып, орайы келсе бөл­шектеуге бейім. «Бөлшек­те де билей бер» амалына саятындай. Ал дамушы елдер әлем картасындағы алып­тардың қайсысының көңілін та­уып, қайсысымен жұлдызы жарасатынын бағамдап, соған сәйкес саясатын түзіп, әуре-сарсаңға түсіп жатқаны. Біздің Қазақстан да соңғы­лардың санатында.

Байлық та – көздің құрты. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» болғанымен, сол баланың қолындағы күлшені татымсыз бағаға бұлдағысы келетіндер де аз емес. Тіпті қордалы қазынаға қол жеткізу үшін неше түрлі амал-айла қолданып, елдің ішіне іріткі салып, арандатушыларды пайдаланып лаң салудан тайынбайтындар да кездеседі. Қымбат қазынаға толы дүние жүзінде тоғызыншы территорияны иемденген, халқының саны жағынан 61-орындағы Қазақстанның «күлшелі» болғаны – бағы ма, соры ма қазір бағамдау қиын болып тұр. Сол себепті Қадыр ақын айтпақшы, «Көп халық жоғал­майды көптігімен, мықты болмай болмайды ал біздерге».

Арандату демекші, бүгінде бұрынғы­дай «аттандап» соғыс ашатын кезең әлде­қа­шан келмеске кеткен. Сыртқы ықпалды күштер қазақ күресіндегідей «іштен шалуға» тырысады. Билікке көңілі толмай жүрген, өзінің болар-болмас қабілетінің өрістеуіне кедергі билік қана деп пайымдайтын ағайын осылайша «іштен шалушылардың» қатарын еселейді. Өздерінің қазіргі күндерін күн емес деп есептейтіндер, ел тәуелсіздігінен гөрі жеке бастың қамын күйттейтіндер әп-сәтте биліктің қарсыласы болып шыға келеді. Осы тұста Әбіш Кекілбаевтың «Елең алаңындағы» мына бір штрих ойға оралып отырғаны. «Ұлы Россияға тек мынандай бай өлке ғана емес, тіл алғыш арзан қызметші де аса қажет. Орыс тәрбиесін көрсе, өздерінен оп-оңды қызметшілер шығатын түрлері бар сияқты». Бұл Сенаттың обер-секретары Иван Кириловтың ойы. Құдды осыдан аумайтын көрініс қазір де бар. «Оп-оңды қызметшілер» туған елінің кем-құтығын, кемшілігін термелеп, алып мемлекеттермен арадағы байланыс орнатудағы ұстанымның «әлсіздігі» төңірегінде гөй-гөйін маздатып, билік пен қарапайым халық арасындағы қарым-қатынасты ушықтыруға жанталасып бағады.

Технология жаңарғанмен, адам бала­сының пейілі сол бәз-баяғы қал­пында қалды дедік ғой. «Іштен шалушылар» да замана құралын өз пиғылы­на, жеке мақсат-мұрат жолына қа­рай ыңғайлайды. Интернет, әлеуметтік желі арқылы қалың бұқараның басын айналдырып, өз мақсатына жету жолындағы ақпаратты оңды-солды бұрқырата түседі. Әлеуметтік жағдайға көңілі толмай, көкірегін кіреуке шалған кейбір адамдар «оп-оңды қызметшілердің» дегеніне ден қойып, «шынында да осылай емес пе екен?» деген дүдәмал ойдың жетегіне беріледі осыдан кейін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақ­тың санасын улап жатыр. Бір сәт­тік танымалдықты көксейтін тамыр­сыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі құбылыс» дейтіні де сондықтан. Өйткені ғаламторға байланған жұрт кейде әлеуметтік желіде жарияланған дү­ниенің астарына үңілмей, барлығын ақиқаттың ауылына жақын ақпарат деп қабылдайтыны бар. «Оп-оңды қызмет­ші­лердің» түпкі ойының бүлдіргі екенін қайдан білсін?! «Айқайлап айтқанның бәрі ақиқат емес» деп жазушы Асқар Сүлей­менов айтқандай, әлеуметтік желіде жазыл­ғандардың барлығын ақиқат деп кім айтады?!

Қоғамда болып жатқан күнделікті қарым-қатынастан түйген тұжырым еді бұл. 2005 жылы жазылған «Соңғы мүмкіндік» атты мақаламызда сөздің бір орайын төмендегіше қайырған жа­йымыз бар екен. «Амал жоқ, көпвектор­лы саясатқа жүгінуге тура келеді. Бұл да қайсыбір айы оңынан туып тұрған әдіс дейсің, әйтеуір ел іргесін бекітіп, тәуелсіздігін нықтап алғанша жүгінетін, алайда әзірге басқа баламасы жоқ әдіс қой. Әйтпесе, біреуінің көңіліндегісін табамын деп жүріп, екіншісінің қаһары мен кәріне ұшырауы әбден ықтимал. Семсердің қылпып тұрған жүзіндей ауытқымалы әлемде сындарлы саяси көрегенділік пен тылдың беріктігінің қажет екендігі тағы ойға оралады. Тыл дегеніміз – елдің ішкі ынтымағы, өзара татулығы. Басқалай айтқанда, төзім мен сенімді сынап көргісі келетін сыртқы ықпалды күштердің айтағына көніп, айдауына ілеспейтіндей ел иммунитетінің мықтылығы».

Ел иммунитетінің мықтылығы демек­ші, ел тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды». «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы ендігі жерде «іштен шалушылар» мен «оп-оңды қызметшілердің» әрекетімен бірлігінен айырылып, бүлінер болса, қайта «тірілуі» неғайбіл.

Ғасырлар бойы бабалар армандаған азаттықтың, соның жолында құрбан бол­ған тұлғалардың қадір-қасиетін әлеу­­меттік жағдайдың нашарлығына бола тәрк ететін болсақ, наласына ұшы­рары­­мыз хақ. Біз бұны алдыңғы тол­қын ағалардың айтқанынан да аң­ғарамыз. «Қазақ халқының халық ретінде жұмыла кірісетін, қажет болса, жанған отқа түсіп, жанын құрбан етер ең ұлы ісі ұлттық тұтас­тығын сақтау болуға тиіс. Ұлттың басы бірікпесе, болашақ ұрпақтың ұзаққа со­зыл­ған азапты өмірі ақыр аяғында жұтылып, құрумен тынады.

Қазақ халқының бас біріктіруі – ұлт тағдырының стратегиялық мүддесі. Мұндай тарихи істі бүгінгі ұрпақ қана жүзеге асыра алады. Ал игілігін болашақ ұрпақ көреді. Бүгінгі күннің түйінді проблемаларын мың жерден сәтті шешкенмен, ұлттың басы қосылмаса қайырлы нәтиже болмайды. Дәл қазір ұлттық консолидацияға тарихи қолайлы кезең. Егер дәл қазір қазақ­тар бас қосып, өз жерінде бел алып, ұлт­тық дер­бестігін халықаралық аяда орнық­ты­рып үл­гер­месе, күні ертең-ақ сырт­қы өктем күштің күрзісі тек қана Қазақ­стан­ның үстіне үйірілетін болады», дейді қазақ­тың Ақселеу Сейдімбегі. Алаштың Ақселеуінен артық айту қиын-ау сірә.

«Мемлекеттік қызметшілер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін. Себебі дүние жүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауында. Бұқараға ғана емес, билікке де үлкен жауапкершілік жүктеп отыр Мем­лекет басшысы. Еншісі бөлінбеген ен қазақтың ене қазанын, яғни қазына қаржысын шашау шығармай халықтың қажетіне жарату керек деген тапсырма бар осы сөздің астарында. Жолдауда ай­тылған «Қазір мемлекет бюджет қар­жысын оңды-солды иелене беретін бе­л­гі­лі бір қайраткерлердің ғана жобаларын қар­жыландырып отыр. Бұл, әрине, түсі­нік­сіз жағдай» дегеннің нақты жауабы бұл. «Ертең кеш қалмас үшін» – қазіргі кезең билікке де, бұқараға да үлкен сын болмақ!

Көне түркі елінің билеушісі Күлтегін­нің мынандай тағлымды сөзі бар: «Бегі менен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады». Ендеше, Қазақ елінің ұлығы мен халқы өзара ынты­мағынан ажырамасын дейміз. Президент айтқан қатерге қарсы қуатты қару – елдің ын­тымағы мен бірлігі. Өткен тарихтың ащы сабағы осыған үндейді!