Экономика • 21 Қыркүйек, 2021

Сарыла күткен субсидия қағаз жүзінде қала бере ме?

505 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданынан келген бір топ шаруа қожалығы басшылары облыстық әділет департаменті ғимаратының алдына жиналып, өңірде мал шаруашылығына берілетін субсидияның кешігуіне және жергілікті деңгейде мемлекеттік қолдау өз деңгейінде болмағандығына наразылық білдірді.

Сарыла күткен субсидия қағаз жүзінде қала бере ме?

Коллажды жасаған: Амангелді Қияс

«Біздің Жаңақала ауданында төртінші жыл қата­ры­нан қуаңшылық. Оңтүстік аудандарда су болмай, көл­та­бандарға су шықпай, мал азығын дайындау өте қиын болып тұр. Шөп қана емес, жемнің құны да аспанға шапшып барады. Мәселен, арпа-бидайды айтпағанда, диір­мендерде бір тонна ке­бектің өзі 85 мың теңге. Өңір­де асыл тұқымды малды сатып алғандарға тиесілі субсидия әлі төленбей келеді. Техникаға, құдық қазғанға берілуге тиіс инвестсубсидиялар да жоқ. Былтырдан ала алмай жүр­ген­дер бар. Сонымен бірге мал азығын арзандатуға арналған демеуқаржы елі­міз­дің өзге өңірлерінде был­тырдан бері төленіп келеді. Бұл қолдау түрі облыстық бюд­жеттен бөлінетіндіктен, оның тағдыры жергілікті дең­гейде шешіледі. Өңірдегі мал басы негізінен оңтүстік аудандарда шоғырланған, ал біз бір жағынан су тапшылығы, қуаңшылық, екінші жағынан жайылым-шабындығымызды киік таптап, жем-шөп әзір­леуде қиындық көріп отыр­мыз», дейді «ББ» шаруа қожалығының басшысы, Жа­ңақала аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Талғат Бәйкенов.

Орал қаласына Ақжайық, Жаңақала, Бәйтерек аудандарынан жиналған қо­жа­лық иелерінің саны әжептәуір екен. Олар негізінен мал шаруа­шы­лығын да­мы­туға мемле­кет тарапынан беріле­тін суб­сидиялардың мезгілінде бе­ріл­мей отырғанына наразы. Мәселен, жаңа­қа­ла­лық Әділхан Бөкенов 120 асыл тұ­қым­ды сиыр сатып алған. Ол осы малға берілетін 180 млн теңге субсидияға үміт артып, біраз жоспар құрған екен. Алайда жаз­дың басында қолға тиеді-ау деп бол­жа­ған қаражат әлі жоқ. Кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкер қысқа қажетті мал азығын дайындай алмай, қатты қиналып жүр.

«Былтыр күзде батыс­қа­зақс­тандық фермерлер асыл тұқымды мал сатып алды, суб­сидия әлі түспеді. Бүгін осы жерге 40 шақты қожалық бас­шысы келіп отыр. Шынын айтсақ, бұлардың қазір сің­біруге мұршасы жоқ. Мал азы­ғын дайындау науқаны жү­ріп жатыр. Қылышын сүйре­тіп қыс келеді. Біз облыстық мәс­­лихатта осы субсидияға тө­ленетін 2,2 млрд теңге қа­ра­­жатты шілденің 2-сі күні бе­кітіп бергенбіз. Неге әлі күнге бе­рілмейді? Пре­зидент «мал шаруашылығын дамыту керек» дейді, уақытында субси­дия­сын ала алмаса, несиесін жаба алмаса, шаруалар қалай дамиды? Облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасы да­йындап, 6 тамыз күні жі­бер­ген құжаттарды Әділет ми­­нис­трлігі әлі тіркемепті. Әкім­нің қау­лы­сын жіберді, әлі күн­ге тіркелмеген. Бірнеше рет қайтарып жіберді. Бұл жер­де тырнақ астынан кір із­деп, сөзбұйдалыққа салып жа­тыр деп ойлаймын. Бір құ­жат­ты тіркеу үш айға созы­луы масқара ғой», дейді об­лыс­тық мәслихат депутаты, Ба­тыс Қазақстан фермерлер қауым­дас­тығының төрағасы Серік Жарлығапов.

Батысқазақстандық 24 фермер биылғы 18 мамырда да Egov электронды порталы ар­қылы ел Президентіне хат жол­дап, асыл тұқымды ірі қа­ра мал сатып алған фермерлерге инвестициялық субсидия төлеуге жәрдемдесуін сұраған еді. Бұл өтініш 20 мамыр кү­ні Президент Әкімшілігінде тір­келіп, 21 мамыр күні Ауыл ша­­руа­шы­лығы министрлігі­не және облыс әкі­мі­нің аппара­ты­на жолданған. Келесі кү­ні облыс әкімінің бірінші орын­ба­сары бұл өтінішті облыс әкі­­мі аппаратының бас инс­пек­торына жолдайды. Ол 24 ма­мыр күні бұл өтінішті об­лыс­­тық ауыл шаруашылығы бас­­қармасына жібереді. Бас­қар­ма басшысы өтінішті бас­қармадағы бөлім басшысына жолдайды. Сөйтіп 29 мамыр күні жауап дайындау үшін өтініш басқарманың бас маманына келіп түседі. 3 маусым күні облыс әкімі аппаратының бас инспекторы ауыл шаруа­шы­лығы басқар­масынан жауап алып, Ауыл шар­уа­­шы­лы­ғы министрлігіне жолдай­ды. Ауыл шаруашылығы ми­­нистрлігі 11 маусым күні фер­­мерлерге жазбаша тү­сін­­ді­ру хат жолдайды және тап­сыр­маны ба­қылаудан алады. Ал 17 мау­сым күні Президент Әкім­шілігінде Әлия Исма­ғұ­­­лова «түсініктеме бе­ріл­ді» деп, атал­ған өтінішті бақы­лау­­дан алады. Осы­лайша, ба­тыс­­қазақстандық шаруа­лар­дың жа­­най­қа­йы еш шешілмей, қ­ағаз ай­на­лы­мы­ның астында қалған.

«Біз лауазымды тұлғалар жеке және заңды тұлғалардың өті­ніш­терін қарау тәртібі өрес­кел бұзылды деп есеп­тей­міз. Яғни елімізді азық­пен қам­тып отырған шаруа­лардың мә­селесі шешілмей, Прези­дент­­тің назарына да жетпей қалды» дейді наразы шаруалар.

Биыл 1 қыркүйекте Мем­лекет басшысы Қазақстан хал­қына Жолдауында аг­рар­лық саясатта сәйкессіздік бар екенін айтқан болатын. Ми­нистрлер ауысқан са­йын сая­сат та өзгереді. Мұндай жағ­дай­­да фермерлерге болашақ жұ­мысын жос­парлау қиын. Мы­салы, фермер 200 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салып, мемлекеттен 25 пайыз көлемінде субсидия алғысы келеді, сол екі арада ереже өзгеріп, 200 бас орнына бір мезгілде 500 басты күтіп-баптау туралы норма пайда болады.

Шаруалардың талабы – суб­сидия беру тәртібі анық ­жә­не ашық болуы керек. Ша­­ғын және орта шаруа қо­­жа­­лық­­тарына суб­сидия то­лық қолжетімді бо­луы қажет. Қазіргі таңда Батыс Қа­зақ­стан об­лы­­сының фер­мер­­лері тұралаудың ал­­дын­да тұр. Мал басын көбейту және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында соңғы жылдары ет және ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды мал көп кө­лем­де сатып алынды. Бұл ма­қ­­сатқа жету үшін фермерлер қаржы институттарынан қарыз алды. Қазіргі субсидия қағидасына сәйкес бұл фермер сатып алынған әрбір асыл тұқымды сиыр немесе бұқа үшін 150 мың теңге қолдау қаражатын алуы тиіс еді. Осы қаржыны былтырдан бері ала алмай жүрген фермерлер бар.

Фермерлер жергілікті ат­қа­­рушы орган­дар бюджетті есеп­­теген кезде дұрыс жос­пар­­­­ла­майтынына наразы. Мы­салы, 5 нау­рызда асыл тұ­қым­ды ірі қара сатып алуға субсидия төлеу үшін бюджет­тен 90 млн теңге қаражат бө­лінген. Ол қаржы екі-үш минут ішінде бітіп қалған. Ал келер жолы бюджет қаржысы бөлінгенде, фермерлер сатып алған асыл тұқымды ірі қара малдың біраз бөлігінің жасы суб­си­дия­ға сәйкес келмейтіні белгілі болған. Суб­сидияға қа­жетті қаржы бірден толық бө­­лінбегендіктен, қаншама фер­мер зардап шегіп, тиісті қа­ражаттан қағылған.

«Әсіресе, Жаңақала ауданы шаруа­ла­ры­ның жағдайы қиын. Өткен қыста бізге құдай кө­мек­тесті, ақпанға дейін малды жайып шықтық. Әрі соңғы екі-үш жылдан бері жинаған қорымызды жеп шықтық. Енді биылғы қыс не болатынын білмейміз. Қазір біздің фермерлер полигон аумағына, өзге аудандарға қаңғып, шөп шауып жүр. Қазір дамуды ойлап отырған жоқ­пыз, қол­дағы малды қыстан аман алып шы­ға­мыз ба, жоқ па деп алаңдап отырмыз. Көр­шілес облыстардағы әріп­тес­терімізбен хабарлассақ, олар­да мұндай мәселе жоқ, суб­сидия әлдеқашан төленген дейді. Жаңақала ауданында 520 шаруа қожалығы тір­келген, соның жартысынан көбі мемлекет көмегін ала алмай жүр. Был­тыр облыс әкі­мі Жаңақала ауданына кел­ген сапарында мал азығын дайын­дау үшін көмек болады деп еді. Бірақ еш көмек болмады. Биылғы халіміз одан да мүш­кіл», дейді Талғат Бәйкенов.

«Жыл басында облыста ­мал шаруа­шы­­лы­ғын мемлекет­тік қолдау үшін 5,6 млрд тең­ге қаражат қарастырылды, со­ның ішінде осы кезге дейін тауар өнді­ру­ші­лер­ден түскен өтінімдерге орай 2,7 млрд тең­ге төленді. Енді қалғаны 2,2 млрд облыс бюджетін соң­ғы нақтылау кезінде бөлін­ді. Бұл қаржы фермерлерге дейін жету үшін бірнеше са­ты бар: облыс әкімдігінің қау­­­лысы қабылдануы ке­рек, ол нор­мативтік құқықтық акті бол­­ғандықтан, қоғам­дық ұйым­­­дармен ақыл­дасу, қо­ғам­дық тың­даудан өту секіл­­ді мін­­­детті процедурадан өтуі шарт. Биыл­ғы өзгерістерге бай­­ланысты, бар­лық құқық­тық актілер республика­лық дең­гейде тіркелуі тиіс. Қар­­жының кідірген себебі сол. Бү­гін таңертең ғана құ­жат Әділет вице-министрінің алды­на же­тіпті. Ол келісімін берсе, облыс әкі­мі­­нің қаулысымен бе­кітіліп, қайтадан Әділет ми­­­­нистрлігіне тіркеліп, эта­лон­­дық банкте жариялануы тиіс. Содан кейін ғана ол нор­мативтік құқықтық акті ре­тін­де күшіне енеді. Сол кезде біз­­дің басқарма ол қаражатты шаруаларға субсидия ретінде бөле бастайды», дейді об­лыс­­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Жас­ұлан Халиуллин.

Ж.Халиуллиннің айтуынша, бұрын суб­сидияға өтінім тек бөлінген қаражат ше­гінде қабылданса, биылғы өзгеріске сәй­кес бюджетте қаржы бар-жоғына қа­ра­­мастан өтінім қа­былдана беретін бол­ған. Яғни ш­аруалардың өтініші алдын ала жи­налып, резервке қойы­лады.

«Қаулыға қол қойылса, өтінімдерді тек­серіп, сәй­кес­­тігіне орай субсидия тө­­леу­ді бірден бастаймыз», деді бас­қарма бас­шысы.

Облыстық ауыл шаруашы­лы­ғы бас­қар­­масының мәлі­ме­тіне қарағанда, өңір­де мал шаруашылығын субсидиялау үшін 1935 өтініш түскен. Сұра­лып отыр­ған қаражат – 1 897,6 мың теңге. Бас­қар­ма ке­лесі апта ішінде субсидия тө­ле­не бас­тайды деп сендіріп отыр.

P.S. Ж.Халиуллин облыс бойынша мал азығын дайындау жоспары 95 пайызға орындалғанын айтады. Кейбір аудан­дар қажетті мөлшерді 110-115 пайыз­ға артығымен жинап алған. Алайда Жаңа­қа­ла ауданында ең төменгі көрсеткіш – мұнда қажетті мал азығының тек 50 пайыз­дан артығы қамтылған. «Біз Жаңақала ауданы шаруалары жемшөп мәселесінде өзін өзі қамти алмай отырғанын мойындаймыз, бұл мәселені өзге өңірлерден ішкі тасымалдау арқылы қамтуды жоспарлап отырмыз», дейді басқарма басшысы.