Қоғам • 22 Қыркүйек, 2021

«Қос қанат құсқа біткен маған бітсе...»

420 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы бір өлең сөзі тіл ұшына оралғанда тумысынан мүм­кін­дігі шектеулі Әлия Хасенова жүй­рік қиялдың жетегіне іле­сіп көңіл құсы шартарапқа ша­рықтап кетер еді. Өзі де мөл­діреген жан сезімін өлең жолдарымен өреді. Мөлдір мұңға, асқақ арманға тұнып тұрған жауқазын жырлар жаны­ның жапырақтары іспетті.

«Қос қанат құсқа біткен маған бітсе...»

Қабанбай ауылындағы №1 мек­тепті сәтті аяқтаған соң Алма­ты­дағы колледжде білім алып, пси­хо­лог атанып шықты. Нұр-Сұл­тан қала­сындағы «Тұран» универ­си­тетінде оқып, экономист мамандығын алды. Еңбек жолын Қызылсуат мек­тебінде бастаған. Әуелі әрқилы мәтіндерді теріп, қолғабысын тигізді. 2016 жылдан бері аудандық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Қағылез қыз бұл күнде қарға адым жер мұң болып қалған қария­лар­дың қолғанаты. Тіршіліктің әр­қи­лы мәселесімен күн сайын дүмеп ке­ліп жатқан адамдардың өтінішін жер­ге тастаған кезі жоқ. Қолынан кел­генінше көмектеседі. Жалғыз қарт­­тар ғана емес, жастардың жайы да тол­ғандырады. Сондықтан екі жер­де бірдей қызмет етіп жүр­ген жайы бар. Аудандағы жас­тар ре­сурс­тық орталығында ел қор­ғаны – ерік­тілердің жұмысын ұйым­дас­тыруда.

Өткен аптада ғана Софиевка және Талапкер ауылдарында тұратын 60-тан астам ардагерге жылы киімдер мен жеңіл-желпі керек-жарақтарын жеткізіп берді. Әлдебір себептермен тұрмыс қажытып жүрген көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті жандарға өзгеге дегенде өзегін жұлып беруге дайын еріктілерді жұмылдырып, 800 мың теңгенің шамасында көмек көрсетті. Қамқорлықтан мүмкіндігі шектеулі адамдар да қағыс қалған жоқ. Олардың жайын түсінетін бір жан болса, Әлияның өзі емес пе?!

Ел ішіндегі өмірдің тынысын тамыршыдай тап басып танысаң, кем-кетіктің әлі де кездесіп қалатынды­ғын аңғарар едіңіз. Дастарқанда­ры адал астан кем болмаса да қамкө­ңіл­ді жібітетін, қолтығынан демей­тін, үміт отын лаулататын жана­шыр сөз керек. Сөз – емші. Кемтігін то­ла­йым толтырып тастамаса да, кө­ңілін демдейді, жұбатады, мұң шы­мылдығын серпеді.

Әр акцияны өткізген сайын Әлия Әпсатқызы ең бастысы материал­дық көмек емес, жан жылуы екенін айқын түсінді. Әркімнің көңіліндегі кір­біңнің себебін біліп, жанының жамылғысын сипаса, қарт көңіл де құлындай құлдыраңдайды екен-ау. Ауданның белсенді жастары Софиевка ауылындағы 10 отбасына 290 мың теңгеге күзгі маусымда киетін жылы киім-кешек алып бер­ді. Әлия Әпсатқызының айтуынша, олар мұқтаж жандарды киімдерімен жылытқан жоқ, көңілдерімен жылытты. Жанашыр жәрдемдерімен жандарын жадыратты. Ал ел қамын жеген еріктілер болса, қас-қағым сәттік қуаныш болғанымен, көмекке зәру адамдардың қолтығынан деме­гендерінен ләззат алады.

Тағы бір жолы ауылдың 47 отбасына жалпы құны 470 мың теңге тұратын азық-түлік себетін таратты. Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлаған кезде қолдары қысқарып қалған адамдар өздерінің қиындықпен жалғыз күресіп жатпағандығын, дәл жандарында, іргелерінде әрдайым қамқор қолдарын созып, көмек көрсететін, қысылғанда демейтін жаны жомарт адамдардың бар екендіктерін айқын сезініп, ішкі түйсіктің сенімділігі нығая түсті. Әлия Әпсатқызының пайымдауынша, ең бастысы да осы. Еріктілер осындай ізгі ниет, адал көңілдің арқасында ел ішіндегі бірліктің дәнекер жібін бекіте түседі. Көппен көрген күннің, елмен бірге көрген ауыртпалықтың жүгі осылайша жеңілдемек.

Алда қыраулы қыс келе жатыр. Еріктілердің ендігі атқарар ісінің бағыты қыс қамы. Жүзден артық отбасыға отын, көмір алуға көмектесу керек. Жалғызілікті адамдардың арасында жылы киімге зәрулер де бар. Олардың ешқайсысы қамқор көңілдің назарынан тыс қалмақ емес.

– Өткен жылы біздің ауданның еріктілері алдын ала тізім жасап, қарт­тарды қамқорлыққа алды, – дей­ді Әлия Әпсатқызы, – еңбек ар­­дагерлері мен зейнеткерлердің, жал­ғызілікті жандардың аулаларын қардан тазартып берді. Тіпті айтуға да тұрмайтын шағын ғана шаруа болғанымен, қарттардың көңілдері көктем келіп қалғандай жадырап сала берді. Олардың көздерінен қуаныш отын көрудің өзі бір бақыт. Отын-көмірмен де қарайластық. Биыл да сол дәстүрді жалғастырмақшымыз. Қыс сынағынан бірлесіп шықсақ, ешкім де қысылмайтын болады.

Ізгілікті істердің ұйытқысы болып отырған Әлия Әпсатқызының айтуына қарағанда, көктем шығысы­мен ауылдық округтерде сан мәрте сенбілік ұйымдастырылған. Өңірдегі қасиетті жерлер мұнтаздай етіп тазар­тылып, булығып жатқан бұ­лақ көздері ашылыпты. Бұдан бас­қа да шаруа жетерлік. Мәселен, Бір­лік пен Мортық ауылдарында ұйым­дастырылған акция барысында 750-ден астам көшет отырғызылған. Жаз бойы суарып, баптап өсіріпті. Бірер жылдан соң бәйтеректер жайқалып, ұшар басы көкке өрлесе, ел ертеңін ойлаған еріктілердің ісі деп жалпақ жұрттың үлгі етері анық. Мұны көр­ген кейінгі жастар да дәл осылайша қимылдамас па?

Еріктілер өзге де жобаларды қол­­­ға алуда. Оның ішінде эколо­гия, патриоттық мәселелерді қам­ти­тын жобалар бар. Кей-кейде кө­ңіл­­дегі ойды базардағы нарық бұ­зып кетеді. Жақсылықтың жолы­на жан түршіктірерлік жаман тұ­мау­дың өзі бөгесін болған жоқ. Ка­­­рантин кезінде қолы қысқарып қал­­­ғанда еріктілер психологтер мен заң­герлердің онлайн кеңесін өткі­зіп, кездесулер ұйымдастыруды қол­ға алды. Мемлекет тарапынан көр­се­тіліп жатқан көмекті қалай алуға бо­латындығын тәптіштеп тү­сіндірді. Төрт қабырғаға қамалып отыр­ған қа­рияларға бұл да керек еді.

Әзірге Әлия Әпсатқызының бір жинағы жарық көріпті. Әдеби ортадан жырақ жатқан талапкердің талпынысы. Мектепті орыс тілінде бітіргендіктен сол тілде жазу қолай­лы екен. Теріс дей алған жоқпыз. Ең бастысы, оқырманын бейжай қалдырмайтын, түпсіз бір тереңге жетелейтін, оралымды ойға шомылдыратын жыр жолдары. Негізгі діңгегі – өмір. Өмір туралы өз пайы­мы. Тіршілік туралы толғаныс. Құлшына, құныға оқыған сайын пенде баласына бір-ақ рет бұйыратын қамшының сабындай қысқа ғұмырда өмірдің кейбір сынына өкпелемей ғашық болған жөн екен. Сонда ғана төрт құбылаң тегіс нұрланып тұрмақ. Әлияның әдемі жырынан жадыға түйгеніміз осы.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы