Бизнес • 23 Қыркүйек, 2021

Бизнестің жаңа реттеушілік саясаты

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы барысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеушілік саясат жөніндегі заң жобасының негізгі жаңалықтары туралы баяндады.

Бизнестің жаңа реттеушілік саясаты

Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыр­күйек­тегі халыққа Жолдауында беріл­ген тапсырмалары аясында әзірленген. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.

«Таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын жетілдіруді, «1 in 2 out» қағидатын енгізуді, міндетті талаптар тізілімін, бизнестің есеп беруін цифрландыру мен мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейді», деді Ә.Ерғалиев.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы атап өткендей, әкімшілік шығасыларды болдырмау, шамадан тыс және тиімсіз бизнес шарттарын алып тастау үшін талаптарды белгілеудің шарттары заңда белгіленеді. «1 in 2 out» қағидатын енгізу арқылы мемлекет жаңа талаптарды енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласындағы әрекет ететін екеуі шегеріледі.

Бұдан басқа нормативтік-құқық­тық актілер (НҚА) және өзге де құ­жаттар түрінде бизнес үшін барлық талаптардың тізбесінен тұратын бірыңғай ақпараттық ресурсқа айналатын Міндетті талаптар тізілімі құ­рылады. Тізілімде НҚА-ның жаңа рет­теушілік саясатқа сәйкестігін қарау мер­зімі анықталады. Құқықтық акті­лер сәйкес келмеген жағдайда қайта қара­лады немесе жойылады. Осы­лайша, Тізі­лім бизнес ортаға кері әсер ететін талап­тарға қатысты «реттеу­шілік гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, есепті ақпараттық жүйені пайдалану арқылы тек электронды нысанда беру, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектісін іріктеу кезіндегі бағалауды автоматтандыру мен тәуекелдерді басқару туралы талап заң жүзінде бекітіледі.

2022 жылы ақпараттық жүйені интеграциялау өткізіліп, бұл бойынша автоматты түрде есеп беру жоспарлануда. 2023 жылы автоматтандырылмаған есеп беру, сондай-ақ бағалау жүйесі мен тәуекелдерді басқару цифрландырылады.

Заң жобасы арқылы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін реформалау көзделуде. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысаны тексеруден алдын алу іс-шараларына өтуден тұрады. Барлығы 3 алдын алу іс-шарасы көзделген. Бұған рұқсат беру талабына сәйкестігін тексеруді қосқанда, нақты фактілер мен жағдайлар бойынша белгіленетін жоспардан тыс тексеру және «тергеп-тексеру» жатады. Ерекше тәртіппен жүргізілетін тексеру, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде алынып тасталады.

Мемлекеттік бақылаудың жаңа «тергеп-тексеру» нысаны заңнама талабы бұзылуының, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және ұлттық қауіпсіздікке зарда­бын тигі­зетін оқиғалардың туындауы­ның себеп­тері мен оған жауапты тұлғалар­ды анықтаудың кешенді шараларынан тұрады.

«Бұл бизнеске жүктелетін әкімшілік жаза шараларын азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау кезінде жедел ден қою шараларын қолдану есебінен бизнестің кінәсінен төтенше жағдай қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», деді Ә.Ерғалиев.

Ведомство басшысы түбегейлі тексерудің бірінші кезеңіне сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, қоғамдық тамақтандыру, тұру және тамақтануда қызмет көрсету секілді басым салалар­дағы талаптар жататынын хабарлады. Бұл салаларда 2023 жылға дейін санитарлық-эпидемиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардағы талаптар қайта қаралады. Басқа саладағы талаптарды қайта қарау 2023 жылы жоспарланған.

Ә.Ерғалиев Ұлттық экономика министрлігі бизнес-омбудсменмен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сарапшылар пулы мен бизнес талаптарынан тұратын НҚА-ны талдау мен бағалауды жүргізу қорытындысын талқылау кестесін құрғанын хабарлады. Сарапшылар бизнес және мемлекеттік орган өкілдері үшін әрекет етудегі міндетті талаптар мен жаңа тәсілдерді талдау мен бағалау бойынша оқу семинарларын өткізеді.

Бүгінде Денсаулық сақтау, Сауда және интеграция, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Білім және ғылым министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкіл­дерінің қатысуымен қоғамдық тамақ­тандыру саласындағы талаптарды тексеру жүргізілген. Жұмыс қоры­­тындысы бойынша қоғамдық тамақ­тандыру саласындағы 62 НҚА қарас­ты­рылып, талаптардың 48%-ы негізгі шарт­тарға сәйкес келмейтіні анық­талды.

«Заңнамаға өзгерістер енгізуді қабыл­дау нәтижесінде 2025 жылға қарай мін­детті талаптар тізбесін 50%-ға қыс­қарту және әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған бизнес субъекті­лерінің санын 50%-ға азайту, мем­лекеттік бақылауға ұшыраған субъектілер санын 60%-ға азайту болжануда», деді министр.