Әлем • 23 Қыркүйек, 2021

БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы басталды

442 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сейсенбіде мемлекеттер басшылары кездесіп, бірнеше күн бойы пікір алысатын БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының Бас дебаты басталды. Биылғы жылдың негізгі тақырыптары ретінде жаһандық жылыну, пандемия, қауіпсіздік мәселелері белгіленді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы басталды

Алғашқы күннің өзінде-ақ көшбасшылар күні бойы мінберден ой білдіріп, пікір алмас­ты. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш, АҚШ президенті Джо Байден, Қытай президенті Си Цзиньпин мен Иран көшбасшысы Ибрахим Раиси бар.

 

Ауғанстан атынан кімнің қатысары белгісіз

Жиында «Талибан» қозғалысының (Қа­зақ­с­танда тыйым салынған ұйым) өкілдері де бой көрсетті. Олар БҰҰ Бас Ассамблея­сы­нан жаңа елші тағайындауды сұрады.

БҰҰ өкілі «Талибанның» Сыртқы істер министрі Бас Ассамблеяның отырысында сөз сөйлеуге рұқсат сұрағанын айтты.

«Талибан» билікті басып алғанға дейін жұ­мыс істеген Ауғанстан үкіметінің елшісі де ал­қалы жиында сөз сөйлеу ниетін білдірген екен. БҰҰ болса, халықаралық ортада Ауған­стан­ды қай тарап ұсынатынын әлі шешкен жоқ.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Та­ли­бан» тағайындаған Амир Хан Мутта­ки­ден жоғары деңгейдегі пікірталастарға «қатысуды сұ­раған» хат алған.

АҚШ-тың климат жөніндегі елшісі Джон Керри Си Цзиньпиннің Қытайдың бұдан былай шетелде көмір электр стансаларын сал­май­тындығы туралы мәлімдемесіне «қуа­ны­шты» екенін жеткізді.

«Біз бұл туралы Қытаймен біраз уақыт сөй­лес­тік. Мен президент Сидің мұндай ма­ңыз­ды шешім қабылдағанын естіп, қуан­дым», деді Керри өз мәлімдемесінде.

Қытайға дипломатиялық қысым көрсетіліп, шетелдегі көмір өнеркәсібін қаржыландыруды тоқтату талап етілді, өйткені бұл Париждің көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі климаттық келісімінің мақсаттарын орындауды жеңілдетеді.

Осы ретте парниктік газ шығарындысы бо­­йынша алда келе жатқан Қытай өзінің ішкі энер­гетикалық қажеттіліктерін қанағат­тан­дыру үшін әлі де көмірге тәуелді екенін ес­кер­ген жөн.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Қытайдың шетелде көмір электр станса­ла­рын қаржыландыруды тоқтату туралы мәлім­де­месін құптайтынын және оның орнына жасыл энергия­ны қолдайтынын айтты.

Климат мәселесі – басты тақырыптар қатарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында түр­кия­­­­лық әріптесі Мевлют Чавушоғлымен кез­дес­­ті.

«Біз Түркияға Ауғанстан мәселесіндегі өте берік серіктестігі үшін және бірлескен жұ­мы­сымыз үшін өте ризамыз», деді Блинкен. Со­ны­мен қатар «АҚШ пен Түркия НАТО-ның күшті серіктестері мен одақтастары ретінде бірге болады» деген жоспарын білдірді.

Мевлют Чавушоғлы өз елінің АҚШ-пен Ауғанстан бойынша ынтымақтастығын жал­ғас­тыратынын, сондай-ақ екі ел арасындағы екі­жақты қатынастарды нығайту жолға қо­йыл­ғанын растады.

«Түркия үкіметі келесі айда климаттың өзгеруі туралы Париж келісімін Парламентке ра­­ти­­фи­кациялау үшін ұсынады», деді Прези­дент Режеп Тайип Ердоған Бас Ассамблея оты­­рысында.

COVID-19-ға қарсы вакциналау туралы айта келе, Түркия көшбасшысы: «Жақында біз­дің TURKOVAC жергілікті вакцинасы бүкіл адамзат пен біздің ұлттың игілігі үшін қолжетімді болады», деген мәлімдеме жасады.

Ол сондай-ақ Сирия қақтығысы тақырыбын көтеріп: «Халықаралық қоғамдастық Сирия дағдарысының тағы 10 жылға созылуына жол бере алмайды. Аймақтағы террористік топтарды ажырату және оларды делдал ретінде пайдалану дұрыс емес», деді Ердоған.

Ал АҚШ әскерлері аймақтан кеткеннен ке­йін Ауғанстандағы маңызды тұлға­лар­дың біріне айналған Қатар әмірі БҰҰ жиы­нын­да бас қосқан әлем елдерінің көшбас­шы­­ларын «Талибан» билеушілеріне бойкот жа­рия­ла­мау­ға шақырды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен сөз сөйлеген шейх Тамим бен Хамад Әл Тани «Талибанмен» диалогты жалғастыру қажет, өйткені бойкот тек полярлану мен реак­ция­лар­ға әкеледі, ал диалог оң нәтиже бере алады», деді.

 

Корей түбегіндегі соғысты аяқтау туралы үндеу

Азия елдері де жиында қалыс қалмады. Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин БҰҰ Бас Ассамблеясы мінберінен үндеу тастап, 1950-1953 жылдардағы Корей соғысының ресми түрде тоқтатылуын жариялауға шақыр­ды.

«Корей түбегіндегі соғысты ресми түрде тоқ­татуды жариялау үшін мен тағы бір рет ұлт­тар қоғамдастығын өз күшін жұмылдыруға ша­қы­рамын», деді Мун дүниежүзілік орган­ның кезекті жиналысында.

«Мен екі Корея мен АҚШ немесе екі Корея­ның төрт партиясы, АҚШ пен Қытай бірігіп, Ко­рей түбегіндегі соғыс аяқталды деп жа­рия­лау­ды ұсынамын», деді ол.

Одан әрі Конго Демократиялық Респуб­ли­ка­сының президенті Феликс-Антуан Чисекеди Тшиломбо да БҰҰ Бас Ассамблеясы мін­бе­рі­нен көрінді. Бұл жолы ол ешкім күтпеген мә­лім­деме жасап: «Африкаға қайырымдылық қа­жет емес», деді.

«Африка бостандық пен іс-қимыл үшін ке­ңіс­тік алу үшін күресуде, ол да жақсы тұр­мыс құ­рып, адамзаттың жалпы прогресіне үлкен үлес қоса­ды», деді ол.

«Африкаға өзінің табиғи байлығын барынша пайдалану, өзін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өз халқының өмір сүру жағ­дайын жақсарту үшін сындарлы, өзара тиімді серіктестік қажет. Бұл мақсаттарға жету үшін мықты, тұрақты демократиялық институттар, сондай-ақ мемлекеттік саясат, жақсы басқару және аймақтық интеграция қажет болатыны анық», деп түйіндеді президент.

 

«Адамзатқа қарсы ұйымдасқан қылмыс»

Иран президенті Ибрахим Раиси өз мәлім­де­месінің көп бөлігін АҚШ-тың Иран мен Таяу Шығыстағы әрекеттерін сынауға арнады.

Ол АҚШ өз еркімен 2018 жылғы ядролық келісімнен шыққаннан кейін енгізілген АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларын «адамзатқа қарсы ұйымдасқан қылмыс» деп атады. Оған қоса, санкциялардың COVID-19 пандемиясы кезінде де тоқтатылмағанын, сонымен қатар вакциналардың импортына әсер еткенін хабарлады.

Президент Иран ядролық келісімді қал­пы­на келтіру жөніндегі келіссөздерге қаты­сады деп мәлімдеді.

Раиси бұдан әрі Иранның «бейбіт» ядро­лық бағдарламасын көшбасшылар алдын­да қорғады. Оның айтуынша, адамзат үшін пай­да­­лы ғылым санкцияларға жатпайды.

Баяндамалардан бөлек, екіжақты кездесулер де өтіп жатыр. Мәселен, кеше АҚШ пре­зи­денті Джо Байден Бас Ассамблея алаңында Ирак президенті Бархам Салехпен кездесті. Мұндай кездесулер де қорғаныс пен пандемия кезіндегі серіктестік тақырыптарына арналары сөзсіз дейді сарапшылар.