Әлем • 23 Қыркүйек, 2021

Ауғанстанның денсаулық сақтау жүйесі күйреу алдында тұр

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Кабулге сапарында Ауғанстанның ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің толық ыдырауы мүмкін екенін ескертті. Бұл сценарийді болдырмау үшін БҰҰ Төтенше жағдайларға көмек қорынан 45 миллион доллар бөлді, деп жазады Egemen.kz.

Ауғанстанның денсаулық сақтау жүйесі күйреу алдында тұр

Фото ВОЗ/Л.Маккензи

БҰҰ төтенше жағдай қорынан қаражат бөлінгені туралы гуманитарлық көмек координаторы Мартин Гриффитс мәлімдеді.

«Біз ауғандық денсаулық сақтау жүйесінің күйреуіне жол бере алмаймыз, бұл апат болар еді. Адамдарға ең қажет көмек көрсетілмей қалады. Мысалы, дәрігерлер өмірлік көрсеткіштер бойынша кесарь тілігін жасай алмайды немесе жарақаттарға көмек көрсете алмай қалар еді», дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы, доктор Тедрос Адханом Гебрейесус Кабулда сөйлеген сөзінде, бүгінде ауғандық дәрігерлер «адамдар арасында» таңдау жасауға мәжбүр екенін айтты. Себебі «олардың мұқтаж адамдарға көмектесуге мүмкіндігі жоқ». ДДСҰ басшысы мұндай қорытындыға Талибан қозғалысының өкілдерімен - Ауғанстанның іс жүзіндегі билігімен, сондай-ақ медициналық қызметкерлермен және науқастармен кездесуінде келген. «Қаржылық қолдау болмаса, мыңдаған медициналық мекемелер қажетті құралдарды сатып ала алмайды, ал дәрігерлерге жалақы төленбейді», дейді ол.

Сонымен қатар Ауғанстанды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде күрделі проблемаға айналған. Оған жеткізу жолдарының жабылуы себеп болған. Коронавирустың таралуы кезінде, ковидті емделушілерге қызмет көрсететін 37 аурухананың тоғызы жабылған. Қысқартулар ауру жұқтырғандарды анықтау мен науқастармен байланыста болғандарды іздеуден бастап вакцинацияға дейінгі пандемиямен күресудің барлық жағдайына әсер еткен.

Доктор Тедрос Ауғанстандағы әйелдер мен қыздардың құқығына назар аударды.

«Елде жұмыс істейтін медициналық мекемелердің саны азайған және дәрігер әйелдер жұмысқа шықпағандықтан ауған әйелдері ауруханаға жүгінбеуге тырысады», деді ол. Оның айтуынша, ДДСҰ серіктестерімен бірге Ауғанстандағы қыздар мен әйелдердің денсаулығына, білім алуына және әйел дәрігерлерді оқытуға инвестиция салуға міндетті.

ДДСҰ хабарлауынша, билік «Талибанға» өткенге дейін Ауғанстанның 2,2 миллион тұрғыны COVID-19 вакцинасын алған.

«Соңғы апталарда халықты вакцинациялау қарқыны күрт төмендеді. Вакцинаның 1,8 миллион дозасы пайдаланылмай қалды», деді доктор Тедрос.

Ол жағдайды өзгерту үшін шұғыл шаралар қабылдауға және жыл соңына дейін Ауғанстан тұрғындарының кем дегенде 20 пайызын коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға шақырды.