Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов және Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтің қатысуымен «С5+1» министрлік кездесуі өтті.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары «С5+1» өңірлік дипломатиялық платформасының Ауғанстандағы дағдарысты жағдайды шешуде, аймақтағы елдердің COVID-19-ға қарсы күш-жігерін біріктіруде, экономикалық өзара ынтымақтастық саласындағы мүмкіндіктерді іске асыруда және климаттық дағдарысқа қарсы күресте маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кездесуде Ауғанстаннан кеткісі келетін шетелдік азаматтар мен ауғандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен елдің инклюзивті үкіметін қалыптастыру мәселесі көтерілді.
Қазақстан СІМ басшысы «С5+1» өңірлік қауіпсіздікті талқылауда, Орталық Азия мемлекеттерінің арасында және АҚШ-пен өзара тиімді байланысты арттыруда тиімді платформа ретінде танылғанын атап өтті.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар Қазақстанның «С5+1» елдерінің табиғатты қорғау ведомстволары басшыларының кездесуін шақыру жөніндегі бастамасының дер кезінде ұйымдастырылғанын, олардың практикалық қорытындылары экономикалық өсуге ықпал ететінін алға тартып, өңірлік энергетикалық байланыстар мен энергия тиімділігінің берер мүмкіндіктері жайында сөз қозғады.
«С5+1» кездесуі Орталық Азиядағы жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді, экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі бірлескен шараларды, сондай-ақ өңір деңгейіндегі әрекетті талап ететін сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу және АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Орталық Азия бойынша кеңсесінің аға директоры Эрик Гринмен кездесті.
Келіссөздер барысында екіжақты, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер, соның ішінде аса жоғары деңгейдегі байланыстар, Ауғанстандағы қазіргі жағдай мен ауғанаралық диалогті ілгерілету секілді мәселелер талқыланды.
«Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуының қарсаңында Қазақстан алдағы уақытта да екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту бойынша америкалық тараппен бірлесе жұмыс істейтінін атап өткім келеді», деді Мұхтар Тілеуберді.
Ақ үй өкілдері USAID пен KazAID арасындағы, оның ішінде Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету аясындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның COVID-19-бен күрестегі және коронавирусқа қарсы өз вакцинасын жасаудағы жетістіктеріне жоғары баға берілді.
Одан бөлек, Мұхтар Тілеуберді Молдова Сыртқы істер министрі Николай Попескумен, Шри-Ланка Сыртқы істер министрі Гамини Лакшман Пейриспен, БАӘ Индустрия және жаңа технологиялар министрі және Климат жөніндегі арнайы өкілі Сұлтан Ахмед әл-Жабермен, Румынияның Сыртқы істер министрі Богдан Аурескумен және Бахрейн Сыртқы істер министрі Абдуллатиф әл-Заянимен екіжақты келіссөздер өткізді.