Қаржы • 27 Қыркүйек, 2021

Жан басына шаққандағы несие көлемі

646 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл алты айда ел азаматтарының алған несиесі 8,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылдың жарты жылымен салыстырғанда 26 пайызға көп. Халықтың тұтынушылық несиелері 5 трлн теңгені құрапты. Бұл да 19,4 пайызға өскен.

Жан басына шаққандағы несие көлемі

Ranking агенттігінің жазуынша, жеке тұлғалар займдарының орташа көлемі бір жұмысшыға 2,28 мың дол­лардан келеді. Бұл ретте несиенің бар­лық түрі (ипотека да) есептелген. Тіке­лей тұтынушылық несиелер көлемі жұ­мыс істейтін бір қазақстандыққа 1,32 мың доллардан тиесілі. Бұл көрсет­кіш бойынша Қазақстан өзге елдерден артта қалған. Trading Economics сарап­шыларының дерегінше, әлемнің 45 ірі экономикасы арасында Қазақстан жұ­мыспен қамтылған бір азаматқа қарыз­дық қаржыландыру көлемі бойынша 41-орында.

Trading Economics рейтингіндегі ел­дер­дің басым көпшілігінің тек тұты­нушылық несиелері ғана ескерілген. Бі­рақ Қазақстан мен Ресей, тағы да аз­даған елдер бойынша барлық займ көлемі, оның ішінде ипотека және бөл­шек несие қарастырылған. Соның өзінде Қазақстан несие нарығы аса қуатты саналатын Швейцария (202,3 мың доллар), Аустралия (170,3 мың доллар), Норвегия (160,2 мың доллар), Франция (65,9 мың доллар) елдеріндегі адам басына шаққандағы несиелеу деңгейіне жете алмайды. Қытай (10,1 мың доллар), Ресей (4,1 мың доллар) және Армениядағы (2,3 мың доллар) деңгейге жету де біршама қиын секілді.

«Жан басына шаққандағы несие көлемі жоғары болу үшін ол адамның қарызды төлей алатын қабілеті жоғары болуы тиіс. Бұл бірінші кезекте несиенің орташа жалақыға қатынасына байланысты. Осы көрсеткіш бойынша да Қазақстан көп елден төмен тұр. Же­ке тұлғалардың барлық несиелерін есеп­­ке алғанның өзінде Қазақстан 29-орында. Бұл жағдайда бір жұмыспен қам­тылған азаматқа шаққандағы бөлшек несиелердің орташа көлемі 4 орташа жалақымен жабылады. Егер тек тұ­тынушылық несиелерді алар болсақ, онда бір жұмыспен қамтылушыға тие­сілі орташа чек небәрі 2,3 орташа жала­қыны құрайды.