Екі күнге созылған фототілшілердің шығармашылық сайысында журналистика және дизайн мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттер үздік шеберлермен тәжірибе алмасып, фотопортрет, пейзаж, фоторепортаж, фотоочерк сынды жанрларда сәтті кадр шығара білудің тәсілдері мен дағдыларына қанықты.
Атап айтқанда, фотоөнерге бейілі бар жастарға Советбек Мағзұм, Шүкір Шахай, Орынбай Балмұрат сынды отандық фотожурналистика майталмандарының шеберлік сағаттарына қатысып, кәсіби кеңес алуға мүмкіндік туды.
Төрт кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар арнайы тапсырмаларды орындап, бар өнерін ортаға салды.
Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков бастаған қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды табиғат көріністеріндегі горизонт, ракурс, композиция, алдыңғы және артқы план, диагоналдар ережесінің сақталуы сынды талаптарға сәйкес бағалап, үздіктерді анықтады.
Айталық, «Үздік фотопортрет» жанрында «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров топ жарды. «Үздік фотопейзаж» аталымында National Geographic журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов жеңімпаз деп танылса, «Үздік фотоэтюд» санатында «Арқа ажары» газетінің фототілшісі Советбек Мағзұм бірінші орын иегері атанды. «Үздік фоторепортаж» жанрында Tengrinews ақпараттық сайтының фототілшісі Тұрар Қазанғаповтың жұмысы жоғары бағаға ие болды. «Үздік фотоочерк» аталымында Каzaknews.kz фототілшісі Доған Йылдыз бірінші орынды иеленді. «Үздік фототілші» жүлдесі Премьер-Министрдің фототілшісі Шүкір Шахай мен «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері Орынбай Балмұратқа берілді. Сондай-ақ үздік атанған студенттердің де еңбегі бағалаусыз қалған жоқ.