Руханият • 29 Қыркүйек, 2021

Көне мешіттің құпиясы

1282 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында Кеңес өкіметі орнаған кезде қиратылған көне мешіттің орны табылды. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті басшылығының қолдауымен және осы университетте тарих мамандығын меңгеріп жатқан студенттердің көмегімен Ақмешіт көне қонысында қазба жұмысын жүргізген – тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Мұрат Қалменов.

Көне мешіттің құпиясы

– Ақмешіт көне қонысы туралы бі­раз­дан бері естіп жүрдім. 2019 жылы ма­мыр айында жергілікті жанашыр Жақ­сыбай Сейітқалиевтің бастауымен осы жерге арнайы келіп, барлау жасаған едім. Әйгілі Шалқар көліне жақын, Аңқаты өзенінің ескі арнасын жағалай жатқан көне жұртта жүздеген үйдің орны анық байқалады. Кішігірім қала десе боларлық. Осыдан бір ғасыр бұрын бұл жерде қызу тіршілік, іргелі ел болғаны көрініп тұр. Соның ішінде осы мекенге атауын берген көне мешіттің орнын да тауып, белгілеп кеткен едік, – дейді археолог Мұрат Қалменов.

Мешіт ғимаратының күйдірген кір­піштен қаланғаны сол кезде-ақ бол­жан­ған. Оның үстіне ел аузында да көп­теген дерек қалған. Соның бірі – бұл жер­де кердері руының атақты хазіреттері мекен еткені, әйгілі ақын Әбубәкір Кер­дері Боранқұлұлы осы жерде сабақ бер­гендігі жайлы әңгіме. Жазушы Хамза Есен­жановтың «Ақ Жайық» трилогиясында сөз болатын Шалқар бойындағы атақты дін ғұламалары – Таржеке әулие, оның баласы Хамидолла хазірет, Ғұбайдолла ишан сынды тұлғалар да дәл осы өңірдің перзенттері ғой.

Осы Ақмешіт қонысындағы кө­не зиратта сақталған араб жазулы 34 құл­пытасты осыдан бірнеше жыл бұ­рын зерт­теп, мәтінін оқып шыққан едік. Шы­нында да қорымда жерленген марқұм­дардың басым көпшілігі Кердері руының Жанбас, Көтермен, Құлтай, Жабағы тайпаларынан болып шықты. Соның ішін­де Ғабидқұлдың баласы молда Жүсіп, Қазан уәлаяты Ашта ауылынан келген Ахмаджан Исмағилұлы, 1911 жылы 61 жасында дүниеден өткен қажы Берке баласы, 1914 жылы 79 жасында қайтыс болған Серғали қажы Тауұлы, 1915 жы­лы 95 жасында опат болған Арысбай қажы Жасбайұлы секілді кісі есімдері кездесті. Бір ауылдан, шағын қорымнан үш бірдей қажы құлпытасы табылуы шы­нында да бұл жердің үлкен діни орталық болғанына дәлел болып тұр. Өйткені төңкеріске дейін қазақ даласынан қасиетті Мекке-Мәдинаға зиярат қылушылар ілуде біреу болғаны рас қой. Жазушы Хамза Есенжановтың жоғарыда аталған шығармасындағы «...Бұл елде беделді он екі қажы және оннан астам ишан мен мағзұм бар» деген дерегі осылайша шындыққа шығып келеді.

Ел аузындағы әңгімеде осы жерде мешіт, медресе болғаны, діни білімі те­рең ғұламалар көп шыққаны әуелден айтылатын. Тақуа-тауазы діндарлар «мақ­таныш болады» деп жұрт көзінен жасырып, ойпаң жерге салдырған мешітінің мұнарасы талай жерге көрініп тұрған делінеді. Археолог Мұрат Дабылұлы қазба жұмысы басталмай тұрып-ақ ұлутастардан қиюластырып көтерген арка тәрізді қақпаның сұлбасын та­уып алған болатын. Ал биылғы нақты қазба кезінде мешіт ішінен түрлі-түсті боялған қыш жапсырмалардың сынығын көп тауыпты. Яғни мешіт іші әдемі өр­нек­телген, қабырғасы қалың, еңсесі биік ғимарат болған. Шикі кірпіш пен күй­дірген қызыл тасты араластыра өр­ген мешіт қабырғасы ең сыртынан ақ түсті кірпішпен қаланыпты. Бұл жердің неліктен «Ақмешіт» аталғаны түсінікті болды – Алла үйінің қабырғасы аппақ болып, алыстан көз тартып тұрған екен.

Зерттеушілер мешіт ғимаратына жа­қын жерден тас диірменнің орнын тап­қан. Сондай-ақ заманында ауқаттылар пай­даланған Кузнецов фабрикасынан шыққан фарфор сынықтары, қыш ыдыс қалдықтары көптеп табылған. Өкінішке қарай, елдімекеннен жырақ, айдалада жатқан көне мекен мемлекет қорғауына алынбаған. «Қара археологтер», қымбат бұйым, құнды жәдігер іздеген кезбелер кез келген уақытта келіп, ойран ботқасын шығарып кете береді. Олардың металл іздегіш саймандары да, жол талғамас көліктері де дайын. Осындай бір топпен биыл жазда Жақсыбай Сейітқалиев бетпе-бет келіпті.

– Ақмешіттің орнын, көне ауылдың жұртын шарлап, әр жерді түрткілеп жүр­­ген бірнеше адамға жақын келіп, не із­деп жүргенін сұрадым. Айдалада жал­ғыз жүрген мені олар алғашында адам екен деп көзге ілген жоқ. Кейін менің ша­қы­руыммен ауыл әкімі, бұрынғы по­ли­ция қызметкері келген кезде ғана өз­де­рінің әлдебір ғылыми ұйымға қатысы барын айтып, әлдебір құжатты көрсетіп, бұл жерден кетуге асықты. Кейін білгеніміздей, ол ұйым Алматыда тіркелген, Батыс Қазақстан облысына қатысы жоқ мекеме болып шықты, – дейді Жақсыбай ағай.

Халық емшісі Жақсыбай Жиеншеұлы осы Ақмешіт қорымының, бұл жердегі көне зираттың қасиетті мекен екеніне имандай сенеді. Кеңес өкіметінің атеистік саясаты кезінде де Ақмешітті зиярат етіп келушілер аз болмаған. Тіпті 1930 жылдары болған алапат аштық кезінде ажалға анық мойынсұнған жергілікті халық осы қорымға, киелі жерге келіп жан тапсырыпты. Бүгінде терең ормен қоршалған қорымның оңтүстік бетінде құлпытассыз, ешқандай белгісіз жатқан көп төмпешік – сол ашаршылық құрбандары делінеді. Бұдан бұрын да осы қорымға зияратшыларды ертіп келіп жүрген Жақсыбай аға былтыр мұнда келушілерге арнап сәулетті түнек үйін салған. Күн сәулесінен қуат алатын қондырғы жарықпен қамтуға, электр жабдықтарын қосуға жарап тұр. Қабір айналасына жас теректер егіліп, гүл отырғызылып, зияратшыларға қажетті инфрақұрылым қалыптаса бастаған. Киелі жерде бой көтерген түнек үйдің алғашқы қонақтары – Ақмешіт қонысын зерттеуші ғалымдар мен студенттер болғанына Жақсылық аға жүрегі жарылардай қуанып жүр. Биылғы қазба жұмысына да барынша көмектесіп, зерттеушілердің керегіне жарауға тырысты. Өйткені туған жердің тарихын түгендеу, қасиетті даланың қойнында жасырынған құпияны ашу – ғалымның да, осы жердегі қарапайым адамның да борышы емес пе. Мұқағали ақынның:

Қазынам бар, қисапсыз шектеледі,

Қызғанады біреулер, жек көреді.

Бермеймін де сатпаймын,

көрсетпеймін –

Алам десең алдымен зертте мені! –

дегеніндей, туған жердің құпиясын ашу үшін, сырына терең бойлау үшін шынайы сезім, қалтқысыз сүйіспеншілік, ерен еңбек керек-ақ.