Экономика • 30 Қыркүйек, 2021

Сүт пен ет өндіруде озық тәжірибе бар

624 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұрын солтүстікқазақстандық шаруалар мал өсіруге құлық­сыз, тек құнарлы топырақты егіске пайдалануға құштар бола­тын. Тіпті егіс алқаптарын кеңіту үшін ішінара жайы­лым­дық жерлерді, орман алқабының маңын жыртып, қосып ала­тын. Егінді көктемде егіп, жаз бойы бірер рет арамшөптен тазар­тумен ғана айналысатын шаруа күзде бұйырғанын жинап алып, астық сатумен ғана айналысты. Бұл тәулігіне 16-18 са­ғат­тан қол үзбеуге тура келетін мал өсіруге қарағанда әлде­қайда жеңіл. 

Сүт пен ет өндіруде озық тәжірибе бар

Ішкі нарықта ет, сүт өнімдері бағасының күрт қымбаттауы Үкіметті алаңдатып, осы саланы қолдау қолға алынды. Мал шаруашылығын дамыту ба­ғытын Үкімет бірнеше жылдан бері нысаналы түрде ұстанып келеді. Биылғы Жолдауында Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев та азық-түлік қауіпсіздігі мәсе­лесін күн тәртібінен түсір­меуді талап етті. Нысаналы бағыт арқылы берілген жеңіл­детілген несие мен субсидия ке­ші­кпей-ақ нәтижесін бере бас­­та­ды. Солтүстік Қазақстан об­лы­сында қазір 600 мың тонна сүт өндіріледі. Соңғы бес жылда өңделген сүт көлемі 34 пайыз­дан 53 пайызға дейін артты. Бұл әрине, айтарлық табыс.

Жуырда осы табыстың сыр-сипатын жеткізу үшін Пре­зидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Сол­түстік Қазақстан облысында өзінің көшпелі баспасөз мәсли­хатын ұйым­дастырды. Оған облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, «Дайын­дық» ЖШС директоры Біржан Шәймерденов, «СКА-Агро-2050» ЖШС құрыл­тай­шысы Анатолий Рафальский қатысып, журналистердің сұрақ­тарына жауап берді.

М.Тасмағанбетов облыста ауыл шаруашылығы саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бойын­ша 185 млрд теңгенің 103 инвес­тициялық жобасының 36-ы биыл іске асырылып жат­қанын жеткізді. Алдағы бес жыл­да барлығы 30 мың басты қам­ти­тын тауарлы сүт фермаларын 50-ге жеткізу көзделген. Ет өн­діру бағыты бойынша 12 мал бор­дақылау алаңы және 12 асыл тұқымды мал өсіру орталығы, 7 қой фермасы, сонымен қатар жылына 6 мың тонна ет беретін 2 бройлерлік құс фабрикасын салу жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысы мал шаруашылығын дамытудың қуатты әлеуетіне қол жеткізіп, тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Өңірде ауыл шаруашылы­ғы­на арналған 7 млн 313 мың гектар жер көлемі бар. Соның 5 млн гектары егіс болса, қалған 2 млн гектары – жайылым. Бү­гінгі таңда облыс еліміздің ас­ты­ғының төрттен бірін, дәнді да­қыл­дарының үштен бірін, жұ­мырт­қаның 11 пайызын, сүтінің 10 пайызын, етінің 5 пайызын беріп отыр. Қазір облыста 100-ден артық шаруашылық сүт өндірумен айналысады. Соның ішінде 21 цифрлы тауарлы сүт фермасы бар. Соңғы үш жылда оның 12-сі салынып, пай­да­лануға берілді. Мемлекет бас­­шысы бекіткен облыстың Әлеу­меттік-экономикалық дамуы­ның екінші кешенді жоспары аталған табысқа жетуге ұшан-теңіз шарапатын тигізіп отыр. Үкімет тарапынан берілген суб­­си­диялар мен салықтық префе­­рен­циялар шаруалардың дами түсуіне мүмкіндік беруде. Мы­салы, 2018 жылдан бері Аграр­лық несие корпорациясы 8 шаруа­шы­лықты 7 млрд теңгеге қар­жы­ландырды. Облыстың ішкі қар­жысы есебінен 4,5 млрд тең­ге­ге 14 жобаның шығыны көтеріл­ді. Республикалық бюджет­тен кешенді жоспардың ая­сында 5,1 млрд теңгенің 7 жо­басы қар­жы­ландырылған. Осы қолдау арқылы облыс жылы­на 1 млн тонна сүт өндіруге қол жет­кізу­ді межелеп отыр. Бұл үшін жо­ғары өнімді, асыл тұқым­ды мал мен жоғары өнімді сауын тех­­но­ло­гияларын жеткізу індет­ке қа­ра­май тұрақты арнаға түсіп, жал­ғасып жатыр. Биыл облыс ша­руа­шылықтары 10 мыңнан ас­­там сүтті және етті қара мал жет­­кізу­ді жос­парлаған. Бүгінге дейін со­ның 3 мыңнан астамы жеткізілді.

Иван Зенченконың тауар­лы сүт фермасында бір тәу­лік­те 14 тонна сүт сауылады. Мұн­дай фермалардың саны қазір 16-ға жетті. Жыл соңы­на дейін 5,2 мың сиыр сауатын 10 фермаға жеткізілмек. Тауар­лы сүт фермаларын салу мен оның өзіндік проблемалары жө­нінде А.Рафальский мен Б.Шәй­мерденов те өз тәжірибелерімен бөлісті. «Мал шаруашылығы өте күрделі болғанымен оны шебер ұйымдастыра білсе, еш қиындығы жоқ. Табысқа да, рентабельділікке де жетудің негізі – жұмысты дұрыс ұйым­дас­­тыра білу. Сонымен бірге егіс ша­­руа­­шылығындағы жұ­мыс­­­кер­­лер көктемгі егіс пен күзгі орақ­тан кейін жұмыс­сыз қал­ғанда оларға мал шаруашы­лығының үзілмейтін шаруаларын тапсырып, еңбекақыларының үзіл­меуін қамтамасыз етеміз», деді А.Рафальский.

Ол мал шаруашылығымен айналысудың сырларын Канада мен Еуропа елдеріне барған сапарында үйренгенін айтты. «Бұрын біз жоғарыдан түсі­ріл­ген әдіспен ғана жұмыс іс­теуге машықтанып, ештеңе ойла­ма­сақ, енді өзіміз озық әдістерді дамыған елдерден үйрендік. Әрине, бәрін бірдей бойға сіңіре алмадық, бірақ жылдар өткен сайын шеберлігімізді ұштап келеміз», деді маман.

Біржан Шәймерденовтің «Дайындық» ЖШС-і – облыс­тағы озық ферма. Онда қазір 1 мыңнан аса сиыр сауылады. Біржан Әбділманұлы «сиырдың сүттілігі – тілінде» деген халық на­қылын еске алып, өнімді көп алу үшін ең алдымен жем-азық­тың қуатты, сіңімді, тәбетті болуына назар аударуы керегін айтты. «Сондықтан екі жылдық жем-азық қорын дайындадық. Сонымен бірге төлді аман сақ­тау үшін алдымен он күн уыз сүтін еміземіз. Одан кейін екі ай бойы айрылмаған ақ сүт ішеді. Сонда төл тез жетіліп, жедел өседі. Одан әрі бес айға дейін құр­ғақ сүт беріледі. Осыдан соң етке бағытталатын еркек бұ­зау­лардың тәуліктік салмақ қосуы кем дегенде бір килодан болады», деді ол мал басын сақтау мәселесі туралы тәжірибесімен бөліскенде. «Дайындық» ЖШС-де тәулігіне 600-дей сиыр сауылып, 10 мың тоннадай сүт тап­сы­ры­лады. «Бұл – күн сайын фер­ма­­мыз сүттен ғана 2 млн теңге­дей ақша табады деген сөз. Бір ап­тада 12-13 млн теңгедей тү­­се­ді. Бұл шаруашылықтың бас­­қа са­лаларын дамытуға үлкен пай­­да кел­тіреді. Сондықтан сүт өн­ді­ру­ді ұлғайта түсеміз», деді ол. Фер­маның сауыншылары айына 400 мың теңгеге дейін, малшылары 250-280 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Сондықтан да аталған кәсіпорын орналасқан Дайындық ауылында бос жұмыс орындары жоқ көрінеді.