Білім • 01 Қазан, 2021

Профессор сабағы

573 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––Бүгінде елорданың екі мектебінде «Профессор сабағы» өтеді. №52 және №85 мектеп-гимназияларында былтыр наурыз айынан бері іске қосылған бұл сабақ қазіргі таңда оң нәтижесін көрсетіп келеді. Білімді жаңғырту орталығының тың жобасы саналатын «Профессор сабағының» мұғалімі – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Кіші ғылым академиясының вице-президенті Нұрша Оразахынова.

Профессор сабағы

Биыл көктемде Б.Майлин атын­дағы №52 мектеп-гим­назияда профессор Нұрша Алжанбайқызының «Са­ты­лай кешенді оқыту» тех­но­­логиясының зертханасы ашылды. Ал төл техно­ло­гияның теориялық негізі – Алаш арыстарының ой-тұжырымдары. «Кешенді оқыту» терминін өз еңбегінде алғаш қолданған Алаш арысы – Жүсіпбек Аймауытов. Оның тұжырымы бойынша, әр пәндегі өтілетін та­қырып жеке оқытылмай, топтастырылып берілу керек. Н.Оразахынованың ұстанымы да осыған саяды. «Ұлтты сүю, қазақтың өзгеше мінезін сақтап қалу туған ана тілін қалай оқытуға байланыс­ты. Тіл – жұрт­тың жаны. Ті­лі­нен айырылған жұрт – жо­йыл­ған жұрт». Жүсіпбек Айма­уытұлының осы тұжы­ры­мын шамшырақ етіп алған тех­но­логияның басты межесі де осы – ана тіліміздің жалауын жықпай-ақ екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау, таңдау пәні арқылы оқушылардың білімін тереңдетіп, дүниетанымын кеңейту. Аталған зертхана Үкіметтің «Мектеп оқушы­ларының функ­цио­­налдық сауат­тылығын дамыту жөнін­дегі» қаулысына сәйкес, «Мәң­гілік ел» жалпыұлттық идеясын басшылыққа ала отырып, Нұр-Сұл­тан қа­ла­сының орта білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «Профессор сабағы» жобасы аясында іске қосылған еді. Қазіргі таңда төл технологиямызға арналған зертхана жұмысы елордалық білім саласының дамуына зор үлесін қосып келеді.

Бүгінде «Сатылай кешенді оқыту» технологиясына 27 жыл толып отыр. Осы технология шеңберінде білімдерін жетілдіріп келе жатқан бастауыш сынып оқушыларының алғырлығы мен дарынына сүйсінуге болады. Қазақ тілінің қасиетін түсіндіріп, баланың функционалдық сауатын арттыруға талай жылдан бері аянбай еңбек етіп келе жатқан профессор педагогика са­ла­сындағы ұлттық технологияның тамыры терең­де жатқанын айтады.

«Егемендік алған алғашқы жылдардан бастап төл технологияны білім беру жүйесіне енгізу үшін еңбек­те­не­мін. «Сатылай кешенді оқытудың» басты көздегені – қазақ тілінде ойын толық жеткізе алатын, ұлттық құн­дылықтарды баға­лай білетін, қа­зақ­тың тарихы мен мәдениетін терең меңгерген, ұлттық санасы қа­лып­тасқан, рухы биік көптілді, бі­лімді тұлға қалыптастыру. Елдің тұтқасын ұстар бүгін­гі бала, ертеңгі өрендер қа­жырлы, қайратты, ең бастысы – қазақ тілінде тосылмай сөйлейтін өр намысты болуы қажет. Осы орайда төл технология әр оқушыға кез келген пәнді жеңіл игеруге жол ашады. Ал зертхана тәлімгерлері осы технологияның негізінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын, орыс тілдері, математика пәндерін жылдам әрі тың­ғылықты оқитын болады», дейді Н.Оразахынова.

Оқушылардың меңгерген білім деңгейі мен таным-қабілетін айқындап беретін зертханадан қазақ тілінде ойын толық жеткізе алатын тұлға өсіп шы­ғатыны анық. «Білімді жаңғырту орта­лығының 30 жылға жуық тарихы бар технологияны қолдап, осындай сабақты өткізуге ұсыныс жасағанына қуаныштымын. Сабақты өткізу алаңы ретінде елордадағы №52 мектепті таңдап алуымыздың да себебі бар. Бірнеше жыл бұрын мектепте төл технология бойынша тәжірибелік жұмыс басталған еді. Осы ауқымды іс-шаралардың нәтижесінде үлкен республикалық се­минар ұйымдастырылды. Семинар кезінде балалардың біліміне еліміздің түпкір-түпкірінен келген мектеп басшылары мен мұғалімдері тәнті болған еді», деген профессор жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы №52 және №86 мектеп гимназияларында ат­қар­ған жұмыс­тарымен де таныстырып өтті.

«Кешенді білім беру әдісі қысқа мерзімде балалардың ойлау, сөйлеу дағ­дысын ұштайды. Бұл балалар жо­ғары нәтижеде оқып жатқан оқу­шылар емес. Мұнда білімі орташалар оқиды. Балалардың білімін одан әрі жетілдіру, дамыту мақсатында 16 сабақ ұйымдастырдық. Бұл са­бақ­тардың 15-ы онлайн форматта өтті. Сабаққа оқушылар үлкен қы­зы­ғушылықпен қатысты. Әрине, «Профессор сабағында» беріліп отырған білім мектептің көлемінен де жоғары деңгейде. Сабақтың өзіндік ерекшелігі де осында. Осы жағынан маған технология өте көп көмектесті. Қарапайымнан үздік, қатар­дағы баладан озат оқушы жасау – «Сатылай кешенді оқы­ту» технологиясының негізінде мүмкін дүние. Бұл әдіс бойынша тек қазақ тілі емес, өзге де пәндерді игеруге болады», дейді ұла­ғат­ты ұстаз.

«Заманауи талаптарға сай оқу-тәрбие үрдісін ұлт­тық құндылықтарға негіз­деу арқылы ұлттық мек­теп­тің үлгісін жасау қажет». Бұл ойды Нұрша Алжан­бай­қызының жалықпай айтып келе жатқанына да бірталай жыл болды. Алайда 1994-1995 оқу жылынан бас­тап жүргізіліп келе жатқан «Сатылай кешенді оқыту» әлі күнге толық бекі­тілмеген. Қазақ тілінің қасиетін тү­сіндіру арқылы өзге пәндердің қыр-сырын тез меңгеруге, функционалдық сауатты арттыруды көздейтін технология бойынша қазіргі таңда бір ғана елорданың өзінде 2 мыңнан астам білім алушы, 150-ге жуық тәрбиеленуші сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусын­дауда. «Сатылай ке­шенді оқыту» тех­но­логия­сының тәжірибелік алаң жұмыстарына ел көлемінде 7 ба­ла­бақ­ша тәрбиешісі мен жүзден астам мұғалім бел­сенді қатысып жүр. Нұр-Сұлтан аумағында соңғы 9 жыл көле­мін­де жүргізіліп, аясы кеңейіп келе жатқан төл технологияның алғашқы жеңісі мен жетістіктері аз емес. Ал «Профессор саба­ғы­ның» мұға­лімі Нұрша Алжанбайқызы «Бұл техно­логия әсіресе, қазақшаға шорқақ балалар үшін таптырмас оқыту әдістемесі. Мектеп оқушылары осы технология бойынша оқитын болса, ана тілін жетік меңгеріп қана қоймай, сөздік қорын молайтып, өзге пәндер бойынша да ойлау қабілетін дамытады», дейді.