Экономика • 01 Қазан, 2021

Өңірлік операторлар көмірсіз қалмайды

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде халықты делдалсыз «арзан» коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету үшін биржалық сауда-саттық жүйесі енгізілді. Бұл туралы «Жылыту маусымында халықты көмірмен қамтамасыз ету: қатты отынмен биржалық сауданың нәтижелері» тақырыбында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңыңда ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтылды.

Өңірлік операторлар көмірсіз қалмайды

Қылышын сүйреп қыс айлары жа­қындап келеді. Алда боранды күндер мен ызғарлы түндер күтіп тұр. Ауа тем­пературасы әлі де болсын нөлден төмендей қоймағанымен, Қазақстанның көп өңірінде күн райы салқындады. Тіпті кей өңірлерде жылу беру маусымы басталып кетті. Бұл ретте, «еліміз 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайын ба, көмір бағасы қолжетімді ме?» деген заңды сұрақ туындайды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бир­жа­лық сауда-саттықтарды, соның ішін­де, ең алдымен, мұнай өнімдері, электр энергиясы, көмір салаларын тәртіпке келтіру туралы тапсырма беріп, бұл салалардағы ірі компаниялардың тапшылықты қолдан жасауға жол беруге болмайтынын атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасын орындау үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің жанынан консультативтік-ке­ңесші орган – Биржалық комитет құ­­рылды. Оның құрамына аталған агент­­тіктің, Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің, Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, «Атамекен» ұлт­тық кә­сіпкерлер палатасының және KASE өкілдері кірді, – деді Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агент­тігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов.

Оның айтуынша, биржалық комитет­тің негізгі міндеті – биржалық сау­даны дамыту жөнінде ұсыныстар қалыптастыру және биржалық саудаға қатысушылар мен уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар шығару. Биржалық сауда-саттықты жүргізу барысын онлайн режімде қадағалау, биржалық және биржадан тыс баға белгіленімдеріне мониторинг жүргізу және биржалық саудаға монополияға қарсы талаптарды сақтау үшін Биржалық комитет жанынан Ахуалдық орталық құрылды.

– Биылғы сәуір айынан бастап отан­дық тауар биржалары алаңдарында алғаш рет коммуналдық-тұрмыстық кө­­мірдің биржалық сауда-саттығы бас­­талды. Саудаға шығарылған қатты отын көлемі көмір разрездері өндіретін бар­лық көлемнің 10%-ын құрайды. Бұл ретте көмір шағын партиялармен (1-5 вагон) коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы өткізу жөніндегі секциялық қағидаларға сәйкес тікелей өңірлік операторларға сатылады. Қалған 90%-ы разрездердің қалауы бойынша өз шарттарына сәйкес сатылуы мүмкін, – деді Б.Самбетов

Биржалық сауда-саттықтың бұл тәр­ті­бі делдалдардың қатысуынсыз ха­­лықты «арзан»/«қолжетімді» ком­муналдық-тұрмыстық көмірмен қам­та­масыз ету мақсатында енгізілді. Бұған дейін көмір өндіруші компаниялар көмір сату маусымы шарықтаған кезде ірі көлемдегі бір реттік сауда-саттық шеңберінде биржада жыл сайын­ғы барлық көлемге бір жыл бұрын келісім­шарт жасасып қойып отырған болатын. Соның салдарынан, көтерме саудагерлерге жүгінуге мәжбүр болған өзге компаниялардың ресурсы қолжетімсіз болып қалды.

– Бүгінде өндірілетін ком­муналдық-тұрмыстық көмірдің бар­лық көлемінің 10%-ын шағын партиялармен сату Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 13 та­мыз­дағы бұйрығымен заңнамалық түрде бекітілген. Мәселен, өңірлік опера­торларға тауар биржалары ар­қылы міндетті түрде өткізуге жататын коммуналдық-тұрмыстық көмір­дің жалпы жылдық көлемінің 10%-ын бел­гі­леу бөлігінде биржалық тауарлар тіз­бесіне өзгерістер енгізілді. Көмір раз­рездерінің деректері бойынша 2021 жылдың екінші жартыжылдығында тауар биржасындағы сауда-саттыққа 511 мың тонна коммуналдық-тұрмыстық көмір шығарылады. Яғни жыл соңына қарай олар келесі жылыту маусымына биржада 511 мың тонна көмір сататын болады. Бұл разрез арқылы өндірілетін көлемнің 10%-ын құрайды. Бүгінгі таңда 476 мың тоннаға жуық көмір сауда-саттыққа шығарылды. Соның 200 мыңнан астам тоннасы сатылды, – деді Б.Самбетов.

Соның ішінде, «Қаражырада» шамамен – 80 мың тонна, «Шұбаркөлде» – 120 мың тонна, «Богатырь Көмірде» – 3,5 мың тонна. Коммуналдық-тұрмыстық көмірді сатып алушылар ретінде еліміздің 11 өңірінен 40 өңірлік көмір операторлары қатысты. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Сол­түстік Қазақстан, Павлодар облыс­та­­рының көмір операторлары бар. Осы­­лайша, жаңа ойыншылар пайда болып, аймақтағы операторлар арасында бәсекелестік артты.

– 2021 жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында «Богатырь Көмір», «Кузнецкий разрезі», SAT Komir тау-кен компаниясы коммуналдық-тұрмыстық көмірімен биржалық сауда-саттық өткізу жоспарланған. Сауда-саттық кестесін тауар биржасының сай­тынан немесе монополияға қарсы агент­­тіктің ресми телеграмм-арнасынан табуға болады. Биыл күзде коммуналдық-тұрмыстық көмірдің бол­жамды құнын анықтау үшін ведомство талдау жүргізді. Бұл талдау тасымалдау шығыны сияқты жекелеген шығыстардың артқанына қарамастан, тауар биржалары арқылы өндірушілерден тікелей сатып алынған 2021-2022 жыл­дар­дағы жылыту маусымының көмір бағасы өткен 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымындағы бағалар деңгейінде екенін көрсетті, – деді Б.Самбетов.

Ведомство басшысының орынбасары әкімдіктерге коммуналдық-тұрмыстық көмірді бөлшек саудада өткізу нарығында баға белгілеу жүйесіне ерекше назар аудару және бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдау ұсынылғанын жеткізді.