07 Ақпан, 2014

Ел болашағы – білімді ұрпақ

1191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында алдағы үш жылда мектеп жетіспеушілігін жойып, білім ордаларын мүмкіндігінше екі ауысымға ауыстыру керектігін, 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарланғанын айтып өтті. Сондай-ақ, оқушыларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұғындыруының маңыздылығы, орта білім беру жүйесінде жалпы мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей оқыту деңгейіне жеткізу керектігін шегелей түскені мәлім. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі, сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдауға машықтануы да қажет. Оқу үлгерімі жоғары студенттер мен оқушыларға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін құру қажеттігін алға тартты. Мұның өзі жас жеткіншектерді қолдап, жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін қолға алынып отырған игі іс. Білім сапасын көтеріп, мұғалім беделін арттыру, жаңа мектеп, балабақша салу сынды жұмыстар Елбасы тапсырмасына сәйкес, кезең-кезеңімен өңірімізде жүзеге асырылуда. Өткен жылы ауданымызда салынған жаңа №4 орта мектеп пайдалануға берілсе, 2 балабақша ашылып, М.Таипов атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті. Елбасы Жолдауында 2015 жылғы 1 шілдеден бастап білім беру саласындағы қызметкерлердің жалақысын 29 пайызға дейін өсіру ұстаздар жұмысына соны серпін береді. Мұғалімдер мерейін үстем етіп, келешектен зор үміт күттірген Жолдауға қашанда қолдау көрсету біздің басты міндетіміз. Елбасы Жолдауын алдымен қолдаушы да, жалғаушы да ұстаздар қауымы болмақ. Өйткені, біз мұғалімдер оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, еліміздің болашағын қалауға атсалысушылармыз. Қазақстанның келешегі – білімді ұрпақ. Назгүл ХЕЛИЛОВА, Долайты орта мектебі музыка пәнінің мұғалімі. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы.  
Соңғы жаңалықтар