Коронавирус • 03 Қазан, 2021

Вакциналау: Үшінші компонент қажет пе?

1274 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Антиваксерлер вакциналауға қарсы уәж айтуларын жалғастырып жатса да, пандемиямен күресте ең тиімді құрал екпе салдыру болып қала бермек. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі. Кейбір мемлекеттер ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында халықты вакцина алуға шақырып, түрлі науқан ұйымдастырумен әуре болса, оның үшінші компонентін ойластырып жатқан елдер де бар. 

Вакциналау: Үшінші компонент қажет пе?

Коронавирус жұқтырғандар саны тағы да күрт өсті. Бұған күннің суып, күз келгенін себеп көру қисынсыз дейді мамандар. «Дельта» штамына қоса «лямбда» нұсқасы мен жақында пайда болған «С.1.2» мен «мю» түрлері де тез тарап жатқан көрінеді. Сондықтан медицина қызметкерлері вакцинаның үшінші компонентін ектіріп, қорғанысты күшейту керек деген ұсыныс білдіріп отыр.

Екпенің толық курсын алғандардың вирус жұқтыруы сирек, дегенмен кездесіп тұратын жағдай. Уақыт өткен сайын олардың да саны артып жатыр. Мәселен, Роберт Кох атындағы институт бір ғана Германияда тамыздың ортасында 48 млн вакцина алған азаматтың 13 360-ы індет жұқтырғанын мәлімдеді.

Осы ретте Израиль мен АҚШ үкіметтері қайта вакцина салдыру шешімін қабылдады. Олар қайта егілетін вакцинаға «Бустер», яғни күшейткіш деген атау беріп үлгерді. Жаңа талап бойынша үшінші компонент салынған жағдайда ғана азамат толық екпе алған болып есептелінеді.

Дегенмен бұл пікірді құп көрмейтіндер де бар. Дамыған мемлекеттердің кейбірі үшін­­ші ек­пе тек егде жастағыларға, им­муни­теті тө­­мен­дерге және созылмалы аурулары бар нау­­қастарға ғана міндетті деген ойда. Гер­­­ма­ния үкіметі вакцина алғандардың ара­­сын­да вирус жұқтыру көп болғанына қара­­­мас­тан, үшінші компонентті тек вирус жұқ­­ты­­ру қаупі жоғарыларға ғана егеміз деп шеш­­ті. Вак­циналау бойынша тұрақты ко­мис­­­сия әзір­ге нақты шешімді хабарламады. Алай­­­да көп­теген федералды аймақта қарт­тар үй­­­лерінде үшінші компонентті егу басталып кетті.

Үшінші вакцинаны салдыру медицина қызметкерлеріне жаңа тәжірибе жасап көру мүмкіндігін бергендей. Осылайша «шалыс вакциналау» деген түсінік пай­да болды. Тарқатып айтар болсақ, BioNTech/Pfizer немесе Moderna сияқты вакцинаны салдырғандар AstraZeneca мен Johnson&Johnson екпелерін салдыра алады. Зерттеу нәтижесі осы «шалыс вакцинаның» иммундық жауабы әлдеқайда күштірек болатынын көрсетті. Яғни бұл бір вакцинаны қайта ектіргеннен гөрі тиімдірек екен.

Жоғарыда атап өткен «Бустер» әсері екінші вакцинадан кейін-ақ біліне бастайды. Қоздырғышпен қайта әрекет жасағанда иммунитеттің берер жауабы күштірек болмақ. Қоздырғыш вакцина немесе инфекция болуы да мүмкін. Бұл реакцияға жасуша жады жауапты. Ол жад бірінші компоненттен кейін қалыптасып үлгереді екен. Олар антигенді бірден танып, оны жою үшін жауап беріп, әрекетке көшеді. Вакцинаның екінші компонентін ектірудің де мәні осында. Адамның иммунитеті маңызды екенін ескерген жөн. Өйткені әлсіз иммунитеттің жауабы да әлсіз болуы мүмкін.

Вакцина жасаушы компаниялар да қорғаныстың белгілі бір мерзімге дейін ғана екенін алдын ала ескерткен-ді. BioNTech/Pfizer өндірушілері өздері жасаған екпенің күші алты айдан кейін азаятының мәлімдеді. Олардың айтуынша, сол кезде үшінші доза қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар өндірушілердің мәлімдемесінде «Бустер» вакцина коронавирустың барлық түрінен ең тиімді қорғанысты қамтамасыз ете алады. Тіпті жақында пайда болған «Дельта» штамымен күресуге де қауқарлы делінеді.

Бұл пікірталас, әлбетте, халқының көбі толық екпе алған дамыған мемлекеттерде болып жатыр. Индустриясы дамыған мемлекеттерде халықтың вакцина алу көрсеткіші жоғары. Ал Азия, Африка, Латын Америкасындағы біраз ел вакцина сатып алуға мүмкіндігі болмағандықтан, халықтың белгілі бір бөлігіне ғана екпе салдыра алды.

Сондықтан ДДҰ әр елдің халқының кем дегенде 10 пайызы вакцина салдырмайынша, ревакциналау шешімін шегере тұруды сұрайды. ДДҰ басшысы Тедрос Гебрейесус ауқатты елдер ең болмағанда қыркүйектің соңына дейін үшінші компонент салдырмағаны дұрыс деген пікір айтты.

«Бұл олардың тарапынан кедей мемлекеттерге көрсеткен жанашырлығы болмақ», деді ұйым басшысы.

Шыны керек, пандемия басталғалы бұл – ДДҰ тарапынан жасалған ең батыл мәлімдеме. Дегенмен мұның өзі де кеңес түрінде болып отыр. Демек, ДДҰ тізіміне кіретін елдердің үкіметтері соңғы шешімді бәрібір өздері қабылдайды.

Бүгінге дейін коронавирустың «альфа», «бета», «гамма», «дельта» штамдары ресми түрде тіркелді. Енді «эта», «йота», «каппа», «лямбда», «мю» түрлері бақылауға алынған. Яғни олар коронавирустың жаңа штамы ретінде ресми тіркеліп үлгерген жоқ.

Вирустың мутацияға ұшырайтынын ға­лымдар да, қолдағы деректер де растап отыр. Ал бұл вакциналау мәселесіне қай­та ті­реледі. Өйткені халқының аз бөлігі ғана екпе ектірген елдерде вирустың жаңа түр­­лері пайда болып, ол тағы да таралуы ық­­ти­мал. Ал бұл бай мемлекеттер үшін де үл­­кен мә­селе болмақ. Мәселен «лямбда С.37» нұс­қасы Латын Америкасында тарал­са, «С.1.2» түрі Африканың оңтүстігінде пай­­да болған. Сондықтан вакциналау көр­сет­­­кі­ші нақты бір елдерде ғана емес, тұтас әлем бо­йынша өскені маңызды. Оңтүс­т­ік Аф­ри­ка­дағы Инфекциялық аурулар ұлттық инс­­ти­тутының профессоры Пенни Мур гер­ма­­ниялық басылымға берген сұх­батында: «Ви­­рустың жаңа нұсқаларының пайда болуы вак­­ци­на­лаудың төмен деңгейі­мен тығыз бай­ла­­ныс­ты. Бұл адам індет жұқ­тыр­ғанда ғана орын ала­­тын үрдіс. Әлем бойын­ша екпе сал­­­дыр­­­­ған­­д­ар­дың санын арттыру – инфек­ция­­­ның аза­­юы­на алып келмек. Бұл – жаңа нұс­қа­­ла­р­­дың санын азайтудың жалғыз жолы», деді.

Вакцинаға қарсылар қаншалықты көп болса, вакцина аламын деп жүргендер де жет­кілікті. Шетелден дертке дауа іздеп қал­ған­дар бұл жолы да вакцина іздеп өзге елді беттемек. Сұраныс болса ұсыныстың бола­тыны заңдылық. Оған Ресейде сатыла баста­ған вакцина турлары дәлел. Бірнеше ком­пания ДДҰ мақұлдаған екпе салып жатқан елдерге жолдамаларды сатылымға шығарды. Туристік компаниялар көбіне Сербия мен Германияны ұсынады екен. Ал Сербияда вакцина шетелдіктер үшін де тегін. Осылайша, ресейліктер BioNTech/Pfizer, AstraZeneca мен Sinopharm вакциналарын ектіре алады.

Сербияға үш күнге жолдама 49 мың рубльден (шамамен 290 000 теңге) басталады. Оған екі бағыттағы ұшақ билеті, қонақүй, тамақтану, медициналық сақтандыру мен трансфер бағасы кіреді. Германияға жолдама одан да қымбатырақ екен. Мәселен, Мюнхенге Pfizer/Biontech вакцинасының 1 дозасын ектіру үшін барып келу 580 еуроға шығады. Осы ретте Германия әлі де ресейліктер үшін шекарасын ашқан жоқ. Елге арнайы себеппен келуге ғана рұқсат бар. Туристік операторлар вакцина салдыруды «медициналық себеп» деп біледі.

Тағы бір айта кететін жайт, ДДҰ қыр­күйек­тің ортасында ресейлік «Спутник V» вак­цинасын мақұлдау жұмыстарын тоқ­татты. Ұйым инспекторлары вакцина өн­діретін зауыттардың бірінде өндіріс тәртібі бұ­зыл­ғанын анықтаған. Ұйым вакцина өн­діруші компаниялар өндіріс орнында да талаптар сақталатынын дәлелдеуі керектігін алға тартады. Ендігі кезекте ДДҰ зауыттың қателікті жойып, жұмысты ретке келтіргені туралы хабарлама күтіп отыр. Содан кейін жаңа­дан инспекция жүргізілмек.