Мәселен, кейінгі кезде Жамбыл облысында балалардың биіктен құлау дерегі жиілеген. Тіпті өткен жылмен салыстырғанда өңірде балалардың биіктен құлау оқиғасы 4 пайызға өскен. Осы орайда, мамандар ата-аналарға егер бала үйде болса, терезені ашық қалдырмау керектігін, егер терезенің тиісті қорғанышы болмаса, жай торды сенімді тірек ретінде пайдаланбау қажеттігін ескертуде. Ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмау керектігі айтылуда.
Балаларға қатысты кез келген мәселе қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі. Мұндай жағдай көбінесе балалардың қараусыз қалғанынан болады екен. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Айтбаевтың айтуынша, өңірде жыл басынан бері 14 бала көпқабатты тұрғын үйлерден құлаған. Олардың ішінде 2 жастағы сәбиден бастап, 15 жастағы жеткіншектер де бар. Аталған төтенше оқиғалар кезінде 2 бала көз жұмған. Бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға өскенін аңғаруға болады. Яғни былтыр 9 оқиға тіркеліп, 6 жастағы бір жеткіншек мерт болған.
«Балалардың терезе алдына шығып кетуіне мүмкіндік туғызатын жиһаздарды ол тұстан қашыққа қойған абзал. Үй ішінде қауіпсіздік сабақтарын өткізу де артық болмайды. Әсіресе, үлкендеріміздің кішкентай бүлдіршіндерге қамқор болуды үйренгені жөн. Балалар терезені өз беттерінше ашпас үшін терезеге блоктауыш немесе тұтқасына құлып орнату керек», дейді ол.
Әрине, адам шығыны, оның ішінде бала өлімі әркімге де оңай тимейтіні анық. Дегенмен, тиісті мамандар қауіпсіздік мәселесін қаперде ұстау керектігін айтуда. Бұл ретте төтенше жағдайлар департаменті мен аумақтық бөлімшелер қызметкерлері, жергілікті полиция қызметінің өкілдері және еріктілер бірлесіп 21 307 тұрғын үйде 53 мыңнан астам адамның қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда қазіргі кезде балалардың биіктен құлау дерегі азаймай отыр. Қайта уақыт өткен сайын көрсеткіштер артып, қауіпті құбылыстар жиі орын алуда. Бұл да өз кезегінде өзге ата-аналардың алаңдаушылығын тудырады.