Экономика • 07 Қазан, 2021

Министр мұнай экспорты үшін ең тиімді бағытты атады

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев «КТК-Қазақстанның басты экспорттық бағыты» атты Каспий құбыр консорциумының 25 жылдық мерейтойына арналған панельдік сессияға қатысты. Шара елордада XIV Еуразиялық Kazenergy форумы аясында өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министр мұнай экспорты үшін ең тиімді бағытты атады

Энергетика министрі өз сөзінде «Теңіз – Атырау – Новороссийск порты» бағыты қазақстандық мұнай экспорты үшін ең тиімді және қауіпсіз болып табылатынын атап өтті.

«Қазақстаннан экспорттық мұнай құбырын салу үшін көптеген нұсқалар қаралды. Мұнайды экспортқа тасымалдаудың 10-нан астам бағыты ұсынылды, оның ішінде Ресей арқылы Қара теңізге, Иран арқылы Парсы шығанағына, Баку – Джейхан арқылы Жерорта теңізіне. Сайып келгенде, сарапшылар ең тиімді және қауіпсіз бағытты анықтады: Теңіз – Атырау – Новороссийск порты. Оған қоса, бұл ең қысқа экспорттық бағыт болды», деді М.Мырзағалиев.

Энергетика министрі сондай-ақ жобаны құру процесінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өзі шешуші рөл атқарғанын ерекше атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің табандылығымен және беделімен Каспий құбыр консорциумын құруға қол жеткізіп, оған барлық мүдделі тараптарды тарта алды. ... Бүгінде жоба табысты көпжақты ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып табылады. Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы өтіп, Каспий мен Қара теңіздің екі теңіз жағалауын жалғай отырып, ол Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Ресей мен Қазақстанның көптеген акционерлерін біріктірді», деп атап өтті министр.

2001 жылы мұнай құбыры пайдалануға берілген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан 745 млн.тоннадан астам мұнай экспорттады. Осы бағыт бойынша экспортқа жеткізілетін Қазақстан мұнайының үштен екісінен астамы өтеді. КҚК құрылысы Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарында мұнай өндіру көлемін едәуір ұлғайтуға, сондай-ақ Қашағанды игеруді бастауға мүмкіндік берді.

«Бүгінгі таңда КҚК-ны кезең-кезеңімен кеңейту мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 67 млн.тоннаға дейін жеткізді. Бұл ретте жылына 80 млн. тоннаға дейін мұнай өткізу қабілетін кеңейту міндеті қойылып отыр», деді Энергетика министрі.