Экономика • 07 Қазан, 2021

«Қаламқас» қашан игеріледі?

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың соңына дейін «Қаламқас» және «Хазар» кен орындарын игерудің тұжырымдамасы әзірленеді. Ал 2028 жылдан бастап аталған аумақтарда кен игеру жоспарланып отыр.

«Қаламқас» қашан игеріледі?

KIOGE-2021 халықаралық мұнай және газ көрмесіне қатыс­қан Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазір «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен оның серіктестері арасында атал­ған кен орындарын игеру тұ­жы­рымдамасын таңдау бойынша тал­қылау жүріп жатыр.

– Отандық өнім көлемін арттыру тұрғысынан алғанда бұл жоба­лардың маңызы зор. Күнде­лікті «ҚазМұнайГазбен» бірлес­кен жұмыс барысында аталған кен орын­дарының әлеуеті өте жоға­ры еке­ніне көзіміз жетіп отыр. Жыл соңы­на дейін кен орнын иге­рудің тұжы­рымдамасын таң­­дау бойынша шешім қабыл­да­на­ды. 2028 жылға қарай кен иге­руді бастаймыз, – деді министр.

Өткен айда Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы құны шамамен 5 млрд долларды құрайтын «Қалам­қас» және «Хазар» ірі кен орын­дарын игеру жұмысын бас­тау жөніндегі шешімді тілге тиек еткен еді. Сондай-ақ Прези­дент кен орын­дарын игеру жұмыс­тары­­­на жергілікті компаниялар мен кадр­ларды барынша тарту­дың маңызды екенін атап өткен болатын.

М.Мырзағалиев Шығыс Қазақ­­станға газ жеткізу жайын да баян­­дады. Айтуынша, шығысқа жақын уақытта газ тарту жоспарда жоқ.

– Дегенмен аталған мәселе министрліктің күн тәртібінде бар және оны Ресеймен бірлесіп шешу қарастырылып отыр. Аталған өңір­ді газдандыруды көрші елдің ресурсы есебінен шешуге болады. Ол үшін бөлек газ құбырын тарту қажет. Шығыстағы Зайсан ауданын газдандыру жұмысы 2013-2014 жылдары басталды. Газ құбырын тарту жоспарына сай 9 елді мекенге газ жеткізілді. Бүгінде жұмыс жалғасып жатыр, – деді М.Мырзағалиев.

Министр дизель бағасының қым­­баттауына қатысты да пікір біл­дірді. Оның айтуынша, елдегі ди­з­ель отынын тұтыну көлемі тари­хи көр­сеткішке жеткен. Биыл тамыз-қыр­күйек айларында шамамен 520-540 мың тонна дизель отыны пай­да­ланылған. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

– Бірден айту керек, дизель отыны мен басқа да жанар-жағар­май түрлерінің бағасы реттел­мейді. Бағаны сұраныс пен ұсы­нысқа сүйене отырып нарық рет­тей­ді. Сондықтан министрлік баға­ны белгілеуге араласа алмайды. Бүгінде мұнай бағасының өске­ні байқалады. Бір-екі күннің ішін­де баррелі 78 доллардан 82 дол­ларға дейін өсті. Әрине, мұ­най ба­ғасы­ның өзгеруі жанар-жағар­май­дың бағасына әсер етеді, – деді ол.

Министр бүгінде дизель отынын жеткізу өткір мәселеге айнал­ғанын мойындады. Айтуын­ша, оның бірнеше себебі бар.

– Біз елімізге дизель отынын жеткізу мен тұтыну көлемінің артқанын байқап отырмыз. Қазан айында Ресейден кем дегенде 100 мың тонна дизель отынын әкелу міндеті тұр. Қыркүйек айының 20 күнінде елімізге 5 мың тонна дизель отыны жеткізілсе, қалған 10 күн­нің ішінде 15 мың тонна өнім әке­лінді. Ал қазан басталғалы 4 күн­нің ішінде Қазақстанға 12 мың тонна дизель отыны кел­ді. Қазіргі уақытта аталған отын түрін жеткізу мәселесі – күн тәр­тібінде және бақылауда. Жалпы, импорттық отынды жеткізу мен тұтыну трендіне оң баға беруге болады, – деді М.Мырзағалиев.