Медицина • 08 Қазан, 2021

Сапалы медициналық көмек алу – халықтың басты құқығының бірі

590 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысы денсаулық сақтау мәселесіне, сондай-ақ халықтың білікті дәрігерлік көмек алу құқықтарына арналды. Игорь Роговтың төрағалығымен өткен басқосуда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы тақырыпта баяндама жасады.

Сапалы медициналық көмек алу – халықтың басты құқығының бірі

Еліміздің заң шығарушы, атқарушы және сот органдары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, емдеу меке­мелері, адвокатура мен БАҚ өкілдері қа­тысқан комиссия отырысында халықтың конституциялық құқықтарын сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды.

«Біз бүгін өте өзекті мәселені көтеріп отырмыз. Себебі қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда қызу талқыланып жүр­ген тақырып екені белгілі. Осы ретте ден­саулық сақтау органдары тарапы­нан қабылданатын шешімдер мен атқа­рылатын істердің конституциялық, құ­қықтық тұрғыдан тиісті талаптарға сай болуы аса маңызды. Бұл ретте, ең бастысы, ешкімнің құқығы бұзылмауға тиіс. Сондықтан бүгін отандық медицинаның осы бағытта қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанына назар аудару үшін жиналып отырмыз. Осындай мәселелер аза­маттарымыздың құқықтарын жүйелі түр­де қорғайтын тараптардың үнемі бас­ты назарында», деді Адам құқықтары жө­ніндегі комиссияның төрағасы И.Ро­гов.

Азаматтардың денсаулығын сақтау және сапалы медициналық көмек алу секілді конституциялық құқық­тарын қамтамасыз ету бағытындағы министр­ліктің басты қызметтері жайлы баян­даған А.Цой халықты коронавирус инфекциясына қарсы толық вакциналаудан өткізудің маңыздылығын еске салды.

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі екінші жыл қатарынан пандемия кесірінен туындаған сынақтарға қарсы тұрып келе жатқанын айтқан министр соңғы екі аптада сырқаттанушылар саны 1,6 есеге төмендегенін де хабарлады. А.Цойдың мәлімдеуінше, эпидемияға қарсы іс-шараларға 50 мыңға жуық медицина қызметкері, резервке 9 100 медицина қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ өңірлерге 4 641 жас маман жіберілген.

Халықтың тестілеуге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында зертханалық тестілеудің қуаты тәулігіне 124 мың тестке дейін жеткізілгенін айтып өткен министр вакциналаудың электрондық паспорты әзірленіп, халықаралық жүйелермен біріктірілгенін мәлімдеді. «Бұл барлық вакцина егілгендердің тұрақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді», дейді ол.

Комиссия мүшелері талқыланып отырған мәселенің өзектілігін айта келіп, коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу барысында қарапайым азаматтардың конституциялық құқық­тарының сақталуы мен қамтамасыз етілуі мәселелеріне ерекше назар аударды. Басқосу барысында сөз тізгінін алған сарапшылар арнайы мамандардың қатысуымен барлық мобильді бригадалар, Call-орталықтары, консультативтік топтардың жұмысын күшейте отырып, коронавирус инфекциясы бар пациенттерге алғашқы медициналық-санитарлық көмекті уақтылы әрі сапалы көрсету қажеттілігі туралы атап өтті.

Комиссия отырысында халықты коро­навирус инфекциясына қарсы толық вакциналаудан өткізудің қажет­тігі атап өтілді. Сонымен қатар Комис­сия мүшелері әлеуметтік маңызды ауру­лардың барлық түрі бойынша ха­лықтың әлеуметтік қауқарсыз топ­тары арасында алдын алу іс-шара­ларын өткізуді қамтамасыз етудің маңыз­дылығын атап өтті.

Сарапшылар «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестігі (МЖӘ) тетіктерін пайдалану арқылы, оның ішінде жеке инвестициялар есебінен шалғай елді мекендер мен ауылдарда денсаулық сақтау объектілерінің санын ұлғайту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Комиссия мүшелері облыс­тар мен республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін арттыруды, жыл сайынғы бағалау жүйесіне ауылдық және қала маңындағы елді мекендердің денсаулық сақтау объектілерімен қамтамасыз етілуі сияқты критерийді енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар отырысқа қатысу­шылар халықты дәрі-дәрмекпен қамта­масыз етудің тиімді моделін енгізудің өзекті мәселелерін талқылады. Осыған орай денсаулық сақтауды цифрландыру және ақпараттандыру арқылы жаһандық бәсекелестік жағдайында ха­лыққа медициналық қызметтердің қол­жетімділігін арттыру көзделіп отыр. Медициналық қызметтің сапасы мен қол­жетімділігін қамтамасыз ету арқылы дәрі-дәрмектердің тіркелген рефе­рент­тік бағаларын пайдалану ұсынылды.

Отырыста сондай-ақ еліміздің емдеу мекемелері үшін білікті медицина кадр­ларын даярлау мен қайта даярлаудың өзекті мәселелері де жан-жақты сөз болды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің емдеу мекемелері үшін жаңа ғимараттар салуды қаржыландыру туралы мәселелерді қарау және зерделеу ұсынылды.

Комиссия отырысында сондай-ақ адам құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері мен азаптауларға және қатыгездік қарым-қатынастың басқа да түрлеріне қарсы іс-қимыл саласындағы прокуратура органдарының рөлі талқыланды. Басқосуда талқыға түскен мәселелер мен ұсыныстар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына жеткізілмек.