Талдықорғанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған әндерді орындаушылардың “Дариға жүрек” атты байқауы өтті. Облыс басшысының бастамасымен өткен бұл байқауға Алматы мен Семей қалаларынан және Жамбыл, Қарағанды, Алматы облыстарынан келген жиырмадан астам үміткер қатысты.
“Дариға жүрек” ән байқауында облыс басшысы Серік Үмбетов сөз сөйледі. “Ақынын ардақтаған ел азбайды” деп бастаған Серік Әбікенұлы Мұқағалидың өлеңдегі биік өресі жайлы орамды ойын ортаға салды. Мұқағалидың тау қойнауында жатқан шағын Қарасаз ауылының ғана емес, иісі қазақ баласының мақтанышына айналған алып тұлға екенін атап өтті. Талдықорғанның төрінде басталған ән мен жыр кешінің ақынның 80 жылдық мерейтойында Қарасаз ауылында республикалық деңгейде қорытындыланатынын жеткізіп, байқауға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Байқау шымылдығын ең алдымен осы шараға арнайы келген қонақтар бастады. Сахна төрінен эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаева өнер көрсетсе, келесі кезекте Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әннен шашу шашты. Бұдан кейін ел алдына шыққан “Мұқағали” журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойын бір жыл бұрын облыс орталығынан осындай жоғары деңгейде бастаған облыс әкіміне алғысын білдірді.
Сонымен бір күн бойы саз сиқырына бөлеген “Дариға жүрек” ән байқауы да өз мәресіне жетті. Бір айта кететін жәйт, екінші айналымға өтпеген әншілер де Алғыс хат пен 30 мың теңгеден сыйақы алып қайтты. Жүлде қоры 50 мың теңгені құраған ынталандыру сыйлығы жеті әншіге табыс етілді. Ал 75 мың теңгеден үш үшінші орынды Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, Сандуғаш Стамғазиева және Алматыдан келген байқаудың ең жас үміткері, он үш жасар Карина Алқожаевалар иеленді. Жүлделі екінші орынды Жамбыл облысынан келген Фариза Досболова мен алматылық Гүлден Жұмабай қанжығаларына байлады.
Бірінші орынды иеленген Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі Есенгелді Рзаға қомақты ақшалай сыйлық берілсе, “Дариға жүрек” ән байқауының бас жүлдесін тек қана қыздардан құрылған Жетісу мемлекеттік университетінің “Мөлдір” ансамблі иеленіп, өнерпаз ұжым 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.