Экология • 12 Қазан, 2021

Экология министрі Қазақстан экологиясын қалай жақсартатынын айтты

868 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Үкіметінің отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын таныстырды. Ол қазақстандықтардың өмір сүруіне қолайлы орта құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экология министрі Қазақстан экологиясын қалай жақсартатынын айтты

Брекешевтің айтуынша, ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды.

Бірінші бағыт - «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді.

«Бағыт шеңберінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шығарындыларды 5 жыл ішінде 20%-ға қысқарту болжанып отыр. Бөлек жинау үшін 8 мыңнан астам контейнер орнату, ҚТҚ-ның үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Су объектілерінің экожүйелерін сақтау бөлігінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда», деді ол.

Екінші бағыт - «Үнемді Қазақстан».  «Суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру» міндеті шеңберінде 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезінде су шығынын 4 км3 қысқарту жоспарлануда.

«Ұлттық жобада суармалы жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту бойынша іс-шаралар көзделген, қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. Аталған бағыт аясындағы екінші міндет - өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту және бюджет секторындағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін арттыру», деп атап өтті Экология министрлігінің басшысы.

Бұдан әрі «Табиғат» бағыты аясында Мемлекет басшысының өмір сүру деңгейі 65%-дан кем емес 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асыру және сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің санын қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу көзделіп отыр.

«Төртінші бағыт - «Экология болашағы» халықтың экоқұрылымы мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған», деді ол.

Министр ұлттық жобаны іске асыру халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға және экологиялық жағдайды жақсартуға, қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық қауіпсіз кәдеге жарату инфрақұрылымын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.