Аймақтар • 12 Қазан, 2021

Жылу желілерінде ақау бар

706 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл өңірге жылу беру маусымына 40 млрд теңге қаражат бөлінгенімен, түйткіл аз емес. Елді мекендердегі бірнеше қазандық әлі күнге дайын емес. Бірқатар аудандар дайындық кестесінен кейін қалды. Отын қорын жинақтауда да алаңдаушылық туғызатын жайт бар.

Жылу желілерінде ақау бар

Күз ерте түсті. Әрі салқын. Облыс орталығындағы көпқа­бат­ты үйлердің суып кетуіне байланысты жылу беру маусымы 22 қыркүйекте басталды. Дәл осы кезде жылу беру жүйесіндегі орын алып отырған олқылықтар белгілі болды. Қаланың екі шағын ауданы, бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жылусыз қалды. Ор­та­лық жылу желісіне жылу берілгенімен, аула ішіндегі тарату желілерінде ақау бар екені анықталды. Ең бастысы, желіде қысым жоқ. Бұл жайтты қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров былайша түсіндірді:

– Орталық жылу жүйесі ар­қылы жылу берілгенімен, қуаттың барлық тұ­ты­нушыға жетпейтіні белгілі болып отыр. Сондықтан қосымша жылу ма­гис­тралін салу қолға алынды. Құ­ры­лыс монтаж жұмыстары қазан айының 4-і күні ғана аяқталды. Бұл жұмысты кеш бастаған себебіміз, шеңбері мың миллиметр болатын құ­быр дайындау үшін ресейлік кәсіпорынға тапсырыс берген болатынбыз, сол құбыр кеш келді, – дейді ол.

Айтса айтқандай, соңғы жылдары құрылысы қарқын алған облыс орталығында жа­ңа­дан салынып жатқан ғима­рат көп. Осы арада Көк­ш­тау­дың еліміздегі жылу электр орталығы жоқ жалғыз қала еке­нін тағы еске сала кетсек, ар­тық болмас еді. Құрылыстың кө­бейгенін көрген қала тұрғын­да­ры көне қазандықтың шамасы жете ме, жетпей ме деп кү­мәнданып отыр. Қазір жылу кеш берілген екі шағын аудан­дағы жылу тұрғындар көңі­лі­нен шығатын емес. Кейбір пәтерлердегі температура 15º С шамасында ғана. Жылудың берілу жүйесіндегі жылу жақсы болғанымен, қайту жүйесінен кінәрат табылып, айналым жақ­сармай тұр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­­шылығы бас­қармасының бас­шысы Данияр Қуа­ныш­баевтың айтуына қарағанда, биыл жылу беру маусымына тиянақты да­йын­­далу үшін 40 млрд теңге қаражат бөлінген. Оқырманға түсінікті болу үшін 2019 жылы осы мақсатқа 32 млрд, 2020 жылы 37 млрд теңге бөлінгенін айта кетсек те болар. Жыл сайын қыр­­уар қаражат бөлінгенімен, облыс орта­лығын жылумен қамтамасыз ете­тін, кей­­біреуінің салынғанына жар­­ты ға­сырға жуық уақыт өткен ескі ж­ү­йенің кем-кетігі жөн­де­ліп бітер емес. Жылумен жаб­дық­тау сала­сын жаң­ғыртуға және жөндеу жұ­мыс­та­рын жүйелі жүргізуге, отын қо­рын жи­нақ­тау­ға 13 млрд теңге қа­ражат қарас­тырылыпты. Биыл об­лыс­тың 7 елді мекеніндегі жылу көз­­дері мен жылу желілерін жаң­ғыр­ту және салу бағы­тында 13 жоба қолға алынса, оның бесеуі облыс орталы­ғындағы жылу желілерін қайта жаң­ғыр­туға бағыт­тал­ған. Осы жо­ба­лардың аясында қосымша 21 көппә­терлі тұрғын үй, 189 жекеменшік үй, 22 әкімшілік нысан жылу жү­йесіне қосылып отыр. Мемлекет тарапынан мол қамқорлық жасалып, қыруар қаржы бөлінсе де өңірдегі 664 қазан­дықтың бесеуі әлі күнге кешеуіл­деу­де.

Біржан сал ауданының ор­та­­­­лығы Степняк қаласын­да­ғы, Бурабай кен­тін­­дегі, Атбасар қа­ласындағы қа­зан­­дықтар уа­қ­тылы жөнделмей, А­р­­шалы кен­­тінің магистралды желі­ле­рі­нің ағым­дағы жөндеуі, Зеренді ауылындағы жаңа блокты-мо­­дульдік қазандықтан бас­тап, жалпы ұзындығы 2,9 ша­қы­­рым­ды құрайтын желінің жұ­мыс­тары кешеуілдетілуде. Есіл қаласындағы Мырзашаев, Гагарин, Абай, Мир көшелері бойын­дағы жылумен жабдық­тау желі­ле­рінде тиісті қысым­ның болмауы да күр­де­лі мә­се­ле­ге айналған сы­ңай­лы. Степ­но­горск жылу электр орта­лы­ғының жөндеу жұмыстары 82,4 па­йыз­ға орындалған.

Облыстың кейбір ауданын­да отын қорын дайындау мәселесіне мұқият назар аударып, дайындық жұмыстарын ширата түсу қажет. Айталық, Атбасар ауданында – 85, Ерей­ментау, Есіл аудандарында – 80, Көкшетау қаласында 75 па­йызға жетер-жетпес отын қоры бар.

Өңір тұрғындарына шамамен 662 мың тонна көмір қажет болса, оның жартысы ғана қамтамасыз етілген. Қазір көмір сататын орындарда ұзын-сонар кезек пайда бола бастады. Тұ­ты­нушылар орташа бағасы 13 200 теңге тұратын көмірдің сапасына на­разы. Ішінде топырақ та, тас та кезі­гіп жатады. Жылу беру маусымын ойда­ғыдай өткізу үшін өңірге 42 мың тонна мазут қажет. Бұл отынның әр тоннасы 100 мың теңге шамасында. Егер жол шығынын қоса есептесеңіз, әр тоннасы 113 мың теңгеден айналады.

Электрмен жабдықтау желі­ле­рін жаңғырту біршама тәуір. Осы жылдың алғашқы 8 айында 1,7 млрд теңге қара­жат игеріліп, 2 мың ша­қы­рым­нан асатын электр желілері жөн­дел­ді. Бұл – жоспардың 87 пайызы.

Тағы бір айта кетерлік мә­се­ле, берешек жайы. Үсті­міз­дегі жылдың 17 қыркүйек­тегі жағдай бойынша облыста жылу, электр, сумен жабдықтау қыз­меттеріне дебиторлық берешек 1 млрд 736 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде мерзімі өткен берешектің көлемі – 669,3 млн теңге. Ағымдағы бере­­шектің өзі 1 млрд 67 млн тең­гені құрап отыр. Де­мек, қызмет көр­се­ту­ші­лер деби­тор­­лық берешекті өн­діріп алу жайын қарастырулары қажет.

Қыстың қатал сыншы екендігін қапе­рімізден шығармау керек. Ерте қам­дансақ, қапы қалмас едік.