Аймақтар • 13 Қазан, 2021

Жергілікті өзен-көл өнімдерін консервілейді

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тобыл өңірінде жергілікті өзен-көлдерден ауланған балықтарды консервілейтін жаңа кәсіпорын жұмыс істей бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары іске қосылған Қостанай консерві зауытының жанынан ашылған шағын кәсіпорын алдағы уақытта балық паштеттерін шығаруды да көздеп отыр.

Жергілікті өзен-көл өнімдерін консервілейді

Ет консервілеу зауытының директоры Никита Ренькастың айтуынша, кәсіпорын биыл мемлекеттік бағдарламаның көмегімен балық консервілейтін автоматтандырылған заманауи құрылғы орнатқан. Бұл өндіріс көлемін жылына 23 млн консервіге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Қазір мұнда сырттан әкелінетін теңіз балықтары мен жергілікті өзен-көл өнімдерінен 15 түрлі қаңылтыр құтылы консерві жабылады.

– Басты мақсат – тұрғын­дарды жергілікті түлік пен ба­лық етінен жасалған сапалы консервілермен қамтамасыз ету. Біз балықпен қатар, бұрын­нан мал, құс еттерін бұқ­ты­рып консервілеумен айналы­самыз. Зауыт шығарып жатқан ет кон­сервілерінің бәріне Қос­танай облысында өсірілген түлік өнім­дері шикізат ретінде пай­даланылады, – деді кәсіп­орын басшысы.

Биыл консерві зауыты «Қара­пайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы «First Heartland Jýsan Bank» АҚ-дан 104 млн теңге несие алып, оған жеке ғимарат сатып алып, күрделі жөндеу жасап, балық консервілейтін заманауи құрылғы орнатқан. Несие өсімінің жартысын «Даму» қоры арқылы мемлекет өтеп береді.

Бүгінде бірнеше адам жұ­мыс істейтін жаңа кәсіпорын бір ауысымда 20 мыңға жуық балық консервісін шығарады. Дайын өнімдер күнделікті кө­лік­ке тиеліп, жергілікті супер­мар­­кеттерге жөнелтіліп отырады.

– Жаңа өндірістік желі тамыз айында ашылды. Мұны өте сәтті жоба деуге болады, өйт­кені қазірдің өзінде табыс әкеле бастады. Өнім көлемі ай санап ұлғайып келеді. Бүгінде томат пен майға бұқтырылған ша­бақ, сырттан келетін сельд және Тобыл өңіріндегі балық шаруашылықтарынан әкелі­нетін мөңке, сазан, шортан ба­лықтарын консервілеп жатырмыз. Жергілікті өнімнің өтімі жаман емес, негізі өзен-су балықтары теңіздікіне қарағанда пайдалы болады. Теңіз жағалауындағы елдерде өзен-көл балығына сұ­раныс жоғары екені тегін емес, – деді Никита Ренькас.

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары ашылған Қостанай консерві зауыты ұзақ жылдар­дан бері еліміздің күш құры­лымдары мен кеншілерді сапалы ет консервілерімен қам­тамасыз етіп келеді. Бүгінде кә­сіпорын өз өнімдерін негі­зінен Қостанай, Ақмола облыс­тары мен ел астанасына жіберіп жатыр.