Пікір • 13 Қазан, 2021

Ақылы ақыл айтқыштар

1625 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түнеу күні қым-қуыт тірліктің қуыс-қуысымен, жауын-жауынның арасында жұмыс орнымызға жақын жердегі кітап дүкеніне бас сұқтық. Кейде қалтаңда ар­тық ақшаң болмаса да сол бір жып-жылы дана да момын, кемел де керемет мекенге жалқы сәт болсын жолай кіріп-шыққың келіп тұрады ғой. Біз де сол сағынышпен, сол аңсармен ақылдың асыл қазынасы үйілген ақ зер бөлменің есігіне ендік.

Ақылы ақыл айтқыштар

Әдеттегідей алдыңыздан жан тыныштығы құшағын айқара ашып, небір ғұлама ғалымдар мен ұлы шайырлар, классик сөз зергерлері қарсы алады. Сұлу сөз бен терең ойдың телегейі бірден иіріміне тартады. Көздің жауын алардай таныс та туыс, қамқор да дос жазулар дереу сырласа бастайды.

Алайда біз айтып отырған осынау қымбат та  қастерлі мекеннің сөрелері осы күнде бұрынғыдай салмағын жоғалтып алғандай көрінеді. Әрине, классика ешқашан құнын жоймайтыны белгілі ғой, бірақ сол алыптардың орнын бүгінде басқаша мазмұндағы мұқабасы ғана қымбат, сырты жылтыр, іші сылдыр мың сан психологиялық кітап әбден ығыстырып алған. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен табан астында табысқа қол жеткіземіз деп тақыр кедейдің онсыз да там-тұм ақшасын қағып түсуді ғана мақсат еткен тым пысықай «мотиваторлардың» мол өнімдері дәл қазір жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жаһанды жаппай жаулап алған.

Әлбетте, табан ақы, маңдай терімен биік жетістікке жеткен бизнес өкілдерінің кітап жазғаны дұрыс. Әлбетте, өмірдің көп белесін күресе жүріп бағындырған, бақытқа жетуде басқан ізі жас ұрпаққа шын үлгі тұлғалар ақыл айтса артық емес. Бірақ бізді ойландыратын басқа жағдай. Жалпы, осы күні  жазу, сызудың ауылына ат ізін салмағандардың дұрыс мәтін құрау туралы дәріс оқуы,  екі сөз­дің басын қоса алады екем деп ертеңіне шешен­дік жайлы шеберлік сыныбын ашуы қанша­лықты дұрыс? «Аңқау елге арамза молда» демек­ші, ұйқысынан бір-ақ күнде «Адамзат!» деп ай­ғай­лап оянған сол ақылмандардың әлгіндей әбжіл қимылдарына қарайсың да таңғаласың...

Жаңағы біз айтқан сөрелердің көбінде бүгін осы тақылеттес оқулықтар, бақытқа жетудің төте жолына тура түсіретін тренер­лердің еңбектері сіресіп тұр. Біз жалпы мұндай авторларды жерден алып, жерге салудан аулақпыз. Бізді негізінен «қазіргі таңда жұрт неге мотивацияға үйір» деген сұрақ қана алаңдатады. Тұтас ұлт неге ұлы депрессияға түсіп отыр? Жалпы, сұраныс болмаған жағдайда тауар да өндірілмес еді. Демек, әлгіндей мотивациялық кітаптарға, ақылы психологиялық курстар мен түрлі вебинарға мұқтаж халық көп. Мұның соңы әсте, жақсылыққа апармайды.

Аталған мәселеге әлеуметтанушы мамандар бастап, мемлекет назар аударуы керек. Әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, халықтың бұл көңіл күйі бейжай қалмауға тиіс. Себебі ешкім мол табысқа адал еңбексіз жеткен емес. Ешкім бір кітап оқып бақытты болып кетпейді. Ол бақыт, ол отбасы құндылығы – кешегі ата-бабаларымыздан қалған терең таным, зерделі пайым-парасатпен, әдебі мол  әдет-ғұрыппен, санамызда салтанат құруы керек салт-дәстүрлерімізбен бірге болғанда ғана басымызға қонады.  

Бүгінгі бұл «біртүрлі» үрдіс – таза батысқа еліктеушіліктен туындап отыр. Америкаңыз коучингтер көшінің арбасынан сонау алпысыншы жылдары түсіп қалған. Жалпы, күйеуді құрметтеуге ешқандай коучтың керегі жоғын, енені сыйлауға ешқандай еңбектің қажет еместігін түсіне алмауымызға сонша не кедергі деген сауал туады? Әрине, жарна­маның жақсы жері де бар шығар, алайда дәл қазіргі таңда жарға жығар жағы басым болып тұр. Әлеуметтік желінің бетін әулиелер басып алған осынау күрделі кезеңде үйде жұмыссыз отырған жас отбасылар небір  ақылы негізде ақыл айтқыштарға арбалып-ақ қалып жатыр.

Кейде ойлайсың, сонау соғыс жылдарында, аштықта, қуғын-сүргінде жүріп те түспеген мұндай терең депрессияға айдың-күннің аманында қазақ баласы қапылыста қалай түсті? Иә, бірнеше себебі болуы мүмкін. Ең алдымен, тәуелсіздігімізді алған отыз жыл ішінде адамгершілікке, парасаттылыққа, ойға, сөзге жетелейтін руханият саласын, әдебиет пен мәдениет өкілдерін қоғамнан алшақ ұстадық. Бірнеше буын ұрпақ тоқсаныншы жылдардың тоқырауында кітапхананы емес, базарды жағалады. Нәтижесінде, кітап оқымайтын қоғам қалыптасты. Жалпы, кітаптың не екенін, нағыз кітап дегеннің қандай бола­ты­нын, тіпті кітап оқудың мәдение­тін дұрыс білмейтін сол көпшілік біз әлгінде айтқан әлем-жәлем, қызыл-жасыл, түрлі-түсті өнімдерді өздеріне талғамай азық етуде. Әрине, жанымызға жанашырлықпен үңілгеніміз дұрыс, бірақ бай ғылым, кемел кемеңгерлердің кеңесіне әбден суарылған тағылымы терең ой еңбектерін тұтынғанымыз дұрыс.