14 Ақпан, 2014

Киіктер көбейіп келеді

771 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Изображение 393-1 Қазақ даласы кеңдігімен қатар,  оны жайлайтын  аң-құсымен, жайқалған орманымен, тау-тасымен сұлу әрі бай. Дүниежүзінде киіктердің 5 популяция­сы бар, соның үстірттік, оралдық және бет­пақдалалық  үш түрі Қазақстанның далаларын мекендейді.  Бұл дүниежүзіндегі киіктердің 90 пайыздан астамы болып саналады. Бетпақдала популяциясы Арал теңізінен Балқаш көліне дейін, Бетпақдаланың ұлан-ғайыр шетіндегі Теңіз өзенінен оңтүстік батысқа созылған шөл далада, Торғай мен Ұлы Жыланшық өзендерінің және Өлкиік пен Қабырға өзендерінің айналасын мекендейді.  Торғай даласына киіктер күн жылына сәуір айында келіп, мамыр айының бірінші және екінші онкүндігі арасында лақтайды. Кейбір зерттеушілер кеңес дәуірінде киіктердің көбеюіне оны қорғаудың оң әсері тиді дейді. Бұл сөздің жаны бар. Бірақ оны аяусыз қырған сәттер де  аз болған жоқ. Киіктердің біздің ғасырдағы азаюының ең құлдырау тұсы 2003 жылға сәйкес келеді. Себебі, өткен ғасырдың 70-80-жылдары даламыздағы ақбөкендердің саны 2 миллионға дейін  жетсе,   2003 жылғы көктемдегі санақта 21200 бас ғана киіктің қалғаны белгілі болды. Осыдан кейін Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің көтерген дабылымен Қазақстан Үкіметі киіктерді қорғау үшін қомақты қаржы бөліп, «ОхотзоопромӨБ» кәсіпорыны құрылып, ол заманауи техникалармен, тікұшақпен, жарақтандырылды. Дер кезінде қолға алынған қорғау шарасының арқасында 2004 жылы киіктердің саны 30700-ге жетсе, 2005 жылы 39600 болды. Ал былтырғы көктем айларындағы санақта Қазақстан бойынша 187000 киік саналды, ал Бетпақдала аумағындағы киіктердің саны 155 мыңнан асып отыр. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2030» Стратегиясы жарияланды. Онда 2030 жылға дейін Қазақстан Республикасы ауасы таза, суы мөлдір жасыл мемлекет болуы тиіс екендігі айтылған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жұмыстары осы мақсатта қолға алынды. 2007 жылы Қостанай облысында биология ғылымдарының докторы, профессор Т.М.Брагина мен биология ғылымдарының кандидаты Е.А.Брагиннің бастамасымен құрылып, ғалымдар мен мамандардан жасақталған экспедиция жұмысының нәтижесінде болашақ «Алтын Дала» табиғи резерваты аумағының шекарасы анықталды. Сол аумақтағы тіршілік көзі, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі зерттеліп, болашақ жұмыс жобасы әзірленді. Осы экспедицияға Қостанай облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы ретінде мен де қатыстым. Зерт­теу барысында Ұлы Жыланшық өзені­нің екі жақ беті, бір шеті Рахмет ауылынан басталып Талғый, Әліби, Аққұм, Айырқұм сияқты бұрынғы елді мекендерінің аумақтары, Тосын құмы мен бұрынғы Сарықопа қаумалының аумағы зерттелінді. 2008 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы аумағында «Ырғыз-Торғай», ал 2012 жылғы қараша айының 26 жұлдызында шыққан Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қостанай облысы Аманкелді мен Жанкелдин аудандары аумақтарының шекарасында орналасқан «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемелері құрылды. «Алтын Дала» резерватының аумағы үш жер телімінен құралған. Сарықопа жер телімінің аумағы 52115, Тосынқұмының аумағы 95981, Ұлы Жыланшық жер телімінің аумағы 341670 гектарды құрайды. Осы бекітілген аумақтағы жердің 133987 гектары Амангелді ауданында, ал 355779 гектары Жанкелдин ауданында орналасқан. Резерват аумағындағы  жұмыстар Қазақстан Республикасының 2006 жылғы шілде айының 7 жұлдызындағы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Мемлекеттік табиғи резерватта табиғи кешендердің биологиялық сан алуандылығы сақталады және олармен байланысты табиғи және тарихи-мәдени нысандар да күзетіледі. Жердегі және судағы экологиялық жүйелерді қамтитын, табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын резерваттың міндеттеріне биологиялық және ландшафтық алуандылықты, табиғи экологиялық жүйелерді  сақтау және қалпына келтіру, мемлекеттік табиғи резерваттың күзет режімін қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық-экономикалық ұстанымы негізінде  аумақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау, аумақты қорғау және тұрақты дамыту, сондай-ақ экологиялық ағартушылық мақсатында зерттеулер мен мониторинг жүргізу, ғылыми, рекреациялық, туристік және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады. Міне, резерват аумағындағы жұмыстар осы жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Бекітілген үш учаскеде 87 мемлекеттік инс­пекторлар күзет қызметін атқаруда. Көктемде келіп төлдеп, құралайын өр­гізген киіктерді жаздай  қоримыз, олар салқын түсе оңтүстікке қарай жылжиды. Табиғатта барлығы да ретімен  жүреді. Мысалы, киіктер де мыңдаған жылдардан бері суықтың түсетінін, жылы жаққа жайылу керектігін түйсігімен сезінеді. Арқа суый бастағанда  жылы жаққа барып жайылады. Өкінішке қарай, даланы  еркін жайлаған  киіктерді жылы жаққа барғанда алдынан мылтық кезеп  күтіп алатын табиғат жаулары бар. Біздің резерваттан 4 экипажға жасақталған 12 мемлекеттік инспектор киіктердің соңынан жылы жаққа еріп барып, бүгінде дала еркесін күзетіп жүр. Осы вахталық күзет жұмысының арқасында өткен жылғы қараша айының 3 жұлдызында 8 киікті атып алған Қызылорда қаласының тұрғындары Иманбаев, Халибаев  есімді азаматтар ұсталды. Олар мінген ақ түсті «Тойота Ленд Крузер» маркалы автокөлігін тексеру барысында онатар аңшы мылтығы, 480 картечь оғы,  атып алған киіктің 4 текесі, 3 лағы, 1 ешкісі тәркіленді. Мемлекетке келтірілген шығын 2423400 теңгені құрады. Даладағы ұшқан құс, жүгірген аң, өсіп тұрған өсімдіктер мемлекеттің байлығы болып саналады. Әрбір заңсыз атып алған киіктің текесінен мемлекетке  келетін шығын 200 айлық есептік көрсеткіш болса, ал ешкі мен лақты заңсыз атып алғандар олардың әрқайсысы үшін мемлекетке 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде зиян шектіреді. Әлгі браконьерлерді ұстауда мемлекеттік инспекторлар Ғалымбек Төлебаев, Шәріп Әлімжанұлы және Мұқаш Құндызбаевтардың қосқан үлесі зор. Біздер тек киіктерді ғана емес, бекітіліп берілген аумақтағы жан-жануарлар мен өсімдіктерді де қорғаймыз. Былтыр мемлекеттік инспекторлардың күшімен 5 қадағалап өткізу бекеттерінде киіктерді күзету үшін уақытша тұратын бас­пана салынды. Құрылғанына бір жыл толған «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты – еліміздің игілігі. Киігі өріп жүрген  мұндай шетсіз-шексіз дала  қазақтың маңдайына  жазылғанына  қуанасың. Сонымен қатар резерваттың  ашылуы облыс орталығынан  шалғайда жатқан Амангелді,  Жанкелдин  аудандарына да оң ықпалын тигізді. Ауылдағы жұмыссыз бос жүрген жастарымызға жұмыс орны табылды. Мемлекет сеніп тапсырған мүліктер мен ел байлығы саналатын киіктің күзетіне жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарап,  сенімді ақтап шығуымыз керек. Мамонттармен дәуірлес  өмір сүріп, бүгінге  жоғалмай қаз-қалпында жеткен дала еркесінің тағдыры адамдарға да байланысты, өз қолымызда екенін түсінсек екен. Түз тағысы қасқыр ақбөкеннің  санына соншалықты нұқсан келтіре алмайды. Табиғат өзін ретке келтіріп отырады.  Киік санының азаюына оның мүйізін сыртқа  сатпақ болып,  жазықсыз жануарға тағылықпен қарайтын құныққан  браконьерлер қауіпті. Басты байлығымыз – жерімізбен  бірге,  оның  табиғаты да келер ұрпаққа  қалды­рар асыл мұрамыз екенін түсінейік,  ағайын! Балғабай БЕКМАҒАМБЕТОВ, «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты табиғи кешендер мен  нысандарды қорғау бөлімінің бастығы.  Қостанай облысы.