Аймақтар • 19 Қазан, 2021

Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат шағын ауданының ежелден келе жатқан өзекті мәселесі бар-тын. Бүгінге дейін аталған елді мекеннің тұрғындары үйлерін ескірген қазандықпен жылытып келген еді. Қазандық қуатының жетіспеушілігіне байланысты әр жылыту маусымында қоңыраттықтар суықтан қатты зардап шегетін.

Орталықтандырылған  жылу жүйесіне қосылды

Енді бұл шағын аудан жылуды Балқаш жылу-электр стансасынан тікелей алады. Бұл мақ­сат­та биыл аталған ЖЭО-дан ұзын­дығы 17 шақырым болатын жаңа жылу магистралі тартылып, қазірдің өзінде әлеуметтік нысан­дар мен алғашқы 145 үй орта­лық­тандырылған жылу жү­йе­­сіне қосылды.

Жылу магистралінің «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша салынғанын айта кеткен жөн. Мұндағы төрт сорғы стан­сасында 20-ға жуық жаңа жұ­мыс орны ашылған.

Жалпы, жылумен бірге Қо­ңырат­қа әлеуметтік тұрғы­да­ғы басқа да игіліктердің келе бас­та­ғаны рас. Мысалы, елді мекенде алдағы уақытта жаңа тұрғын үйлер салына бастайды. Нақтырақ айтқанда, 300 пә­терден тұратын алты үй бой кө­термек.

Бұдан бөлек, Қоңыратта қазірдің өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке инвестициялар есебінен әрқай­сы­сы екі пәтерден тұратын то­ғыз үйдің құрылысы жүріп жа­тыр. Сонымен қатар 20 пәт­ерлік он үйдің құрылысы да аяқ­­талуға таяу. Жергілікті билік бұл пәтерлердің кезекте тұрған­дар­ға жалға алу шартымен бері­ле­тінін айтады.

Қоңырат шағын ауданының орталықтандырылған жылу жү­йе­сіне қосылуы аумақтың эко­ло­ги­ясына да оң әсерін айтар­лықтай тигізеді деген болжам бар. Мәселен, бұрын жылыту мау­сымында көмір жағатын жерг­і­лікті қазандықтардан қыз­мет көрсету кезінде атмосфераға ша­мамен 51 тонна залалды шыға­рындылар тарайтын. Енді жағдай мүлде басқаша сипат алып, ауа улы қалдықтармен ластанбайтын болады дегенді айта­ды жергілікті биліктің жауапты өкілдері.

Қоңырат елді мекенінің қа­быр­­ғасы 1928 жылы осы маң­нан ірі мыс кеніші ашыл­ған­нан кейін іле-шала қаланған. Ал 2013 жылы ол Балқаш қаласының құрамына қосылып, шағын аудан ретінде атала бастады. Екі жыл бұрынғы санақ мәліметіне сай мұнда 2 753 адам тұрады.