Сабақ барысында зияткерлік мектеп оқушылары Елбасының әлемдік аренадағы бейбіт бастамаларын талқылады. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақты құрудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне қатысты мәліметтерге қанықты. Яғни оқушылар сабақта Еуразиялық экономикалық одақ құрудың саяси, экономикалық, технологиялық маңыздылығын, сонымен қатар оның әлеуметтік сипатын да талдай отырып, зерделеді. Атап айтқанда, жас зияткерлер ЕАЭО құру мақсаты, одақ ішіндегі жетістіктер және қатысушылар санының өсу себептері туралы көбірек білді.
– «Тәуелсіздік» сабағынан біз көптеген қажетті ақпарат алдық. Қазақстанның экономикалық дамуының болашағы туралы сұрақтарды талқыладық және әлемдік экономикадағы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін не ұсына алатынымызды айттық. Сонымен қатар қосымша энергия алудың жолдары, білім саласының дамуы, қолжетімді медицина, ресурстарды оңтайлы пайдалану мәселелерін қозғадық, – дейді 12-сынып оқушысы Әмір Қуатұлы.
Ашық сабақта Тәуелсіздіктің төл құрдасы, Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі физика пәнінің мұғалімі Қайсар Нұрбек оқушыларға мемлекет пен жеке адам дамуындағы табысқа жету формуласы туралы әңгімелеп берді.
– Табысқа жету үшін адам өзін үнемі дамытып отыруы керек деп ойлаймын. Өйткені прогресс бір орында тұрмайды. Бұған кейінгі отыз жыл ішіндегі мемлекеттің дамуы мен өсіп-өнген тұтас буынның өмір тарихы дәлел бола алады. Жалпы, қазір адамға жаңа нәрселерді үйрену қажет, оның ішінде мейлінше көп тіл меңгеру заман талабына айналды. Сонан кейін жүрек қалауына сай таңдаған жұмысыңызға күш-жігеріңізді аямай жұмсау ғана нәтиже береді, – деді Қ.Нұрбек.