Қоғам • 21 Қазан, 2021

Қазақстанда көмір қоры көлемі 34 млрд тоннаға жуық – ИИДМ

606 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда еліміздің көмір саласы электр энергиясының шамамен 70%-ын өндіріп, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен ел халқының отынға қажеттілігін толық қанағаттандырады. Салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда көмір қоры көлемі 34 млрд тоннаға жуық – ИИДМ

Көмір қоры бойынша Қазақстан көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Қор көлемі 33,9 млрд тоннаны құрайды. Барланған көмір қорының 90%-дан астамы Қазақстанның солтүстік-шығысында және орталық бөлігінде шоғырланған. Тәуелсіздік жылдары өндіруші кәсіпорындар 2,7 млрд тоннадан астам көмір өндірді. Шамамен 0,8 млрд тонна жақын және алыс шетелге экспортталды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев өз сөзінде ведомство үшін ішкі нарықты, оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

«2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еліміздің көмір өндіруші компаниялары 79,1 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға көп. Бүгінгі таңда коммуналдық-тұрмыстық сектор бойынша көмір қорымен қамтамасыз ету 96%, тұрғындарды қамту 84,4%-ды құрайды. Яғни жағдай тұрақтанды. Барлық өткізу пункттерінде жеткілікті мөлшерде көмір бар», деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар, вице-министр көмір саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді. Ірі жобалардың бірі – «Богатырь» кесігінде көмір өндірудің циклдық-ағындық технологиясы». Ол кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 42 млн тоннадан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өндірісті одан әрі әртараптандыру мақсатында «Шұбаркөл көмір» АҚ-да арнайы кокс, көмір шайыры мен май өндіретін жаңа зауыт салу жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір қабаттарынан метаннан электр-жылу энергиясын өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.