Аймақтар • 22 Қазан, 2021

Темір жол дауы қашан шешіледі?

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда осыдан бірнеше ай бұрын басталған темір жол дауының түйіні тарқамай, бірқатар ірі компанияның  жұмысы оңға баспайтын сыңайлы. Бұл мәселе таяуда ғана «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында талқыланды.

Темір жол дауы қашан шешіледі?

Арматура шығаратын «Евраз Каспиан Сталь» зауытының директоры Владислав Цензураның айтуынша, өзі басқарып отырған кәсіпорын мен өзге де бірнеше ірі компанияға осы темір жолдың төңірегінде шиеленіскен жағдай экономикалық шығын келтіруі мүмкін.

2018 жылы «Тобыл транс» серіктестігі Қостанай темір жол стан­сасында қараусыз жатқан темір­жол торабын конкурс бо­йынша ұтып алып, оны 30 жылға сенімді басқару құқына ие болған. Ұзындығы 2 шақырым болатын теміржол содан кейін жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Қоста­най арқылы өтетін тоқсан тарау торапты жалғап жатқан те­мір­жол облыс орталығындағы «Аг­ро­машхолдинг» ЖШС, «Ист­ком­транс» ЖШС, «Агро­маш­хол­дингKZ» ЖШС, «МашТех» АҚ, «KSTtrade» ЖШС, «Қостанай үй құрылысы комбинаты» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындарды жүк вагондарымен қамтамасыз етіп тұрды. «Тобыл транс» басшыларының сөзіне сенсек, серіктестік соңғы 9 айдың ішінде Қостанай қаласына кіріп-шығып жатқан жүк айналымының 40%-дан астамын вагонмен қамтамасыз еткен.

«Тобыл транс» атқарып жат­қан жұмыстың сапасы темір­жолшылардың да, облыс орта­лы­ғындағы ірі кәсіпорын басшы­ларының да көңілінен шыға­тын сияқты еді, алайда осыдан бірнеше ай бұрын Қостанай қала­лық әкімдігінің мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі сот­қа жүгіну арқылы жоғарыда аталған серіктестікті сенімді бас­­қару құқығынан айырып, 30 жыл­ға жасалған келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етті. Бірінші сатыдағы сот мәселені «Тобыл транстың» пайдасына шешіп берген. Бірақ бұл соттың шешіміне қалалық әкімдік наразылық білдіріп, шағым тү­сіріп, апелляциялық сатыда же­ңіп шықты.

Осылайша, жаңа конкурс жарияланып, тораптың жаңа иесі табылғанша, бүкіл транспорттық жүктемені бірнеше меншік иесі бар негізгі теміржол атқаратын болып шешілген. Осы тұста жүк тасу қызметінің тарифі мен негізгі теміржолдың жүк жөнел­ту қабілетіне қатысты екі бірдей мәселе бой көтеріп шыға келді. Мәселенің мәнісі мынада: жаңа жүктеме қосылса, М8 деп аталатын негізгі темір жолдың жүк­те­месі бұрынғысынан бір­не­ше есе артып кетеді. Осының салдарынан вагондар қалаға кіре­тін және шығатын жолдар­да ұзақ уақыт кезек күтіп, қаңта­ры­лып тұрып қалуы мүмкін. Кәсіпкерлердің сөзінше, мұның арты өздері басқарып отырған ірі кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтіріп, басы артық шығынға ұшыратады.

«ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС филиалына қарасты кіреберіс жолдар бөлімінің жетекші инже­не­рі Әсел Қайралапованың айтуынша, тығырыққа тірелген жағдайдан шығудың жалғыз жолы – жаңа конкурс жарияла­нып, теміржолдың жаңа иесі анықталғанша, оны пайдалану туралы уақытша нұсқаулық әзірлеу қажет. Мамандар аралық уақыт жарты жылға дейін созылады дейді. Оған дейін «Тобыл транс» өз қызметін жалғастыра береді. Мұнымен облыстық транспорттық бақылау инспекциясы да келісіп отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Смағұловтың сөзінше, бұл мәселенің реттелуін прокуратура да өз бақылауына алуға тиіс.