Қазақстан • 22 Қазан, 2021

Су да таңбаланады

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде алкогольсіз сусындардың түпнұсқалығын тексеруге ар­налған қоғамдық бақылау құралы сынақтан өтуде. Қазақстанда тұтынушыларға сатып алынатын су мен құрамында қант бар су­сындардың түпнұсқалығына цифрлы таңбалауды енгізу арқылы кепілдік беру жоспарлануда. Қазір қанатқақты жоба жүріп жатыр. Оған қапталған суды өндіретін бірқатар компания қосылған.

Су да таңбаланады

Біздің елдегі қапталған су мен құрамында қант бар сусындарды таңбалау жөніндегі қанатқақты жо­баға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің келісімі негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі бас­тамашылық еткен. Тауарлар­ды таң­балау мен қадағалаудың бір­ың­ғай операторы – Цифрлы эко­но­­миканы дамыту орталығының өкі­­лі Ерлан Нұрмағанбетов осы жыл­­­дың 1 шілдесінде басталған қа­нат­­қақты жобаның барысы ту­ралы айтып берді. Қанатқақты жоба сала­­лы кәсіпорындардың биз­нес-про­цестерін зерделеу үшін жүр­­­­гізі­леді. Осылайша, қаты­су­шы­лар тікелей өздерінің өнді­ріс­тік же­ліле­рін­де өндірілетін өнім­ді таңбалау про­цестерінің ерекше­ліктерімен танысады.

– Саланың жобаға белсенді қа­тысуы еліміздегі су мен сусындарды таңбалау жобасына қойылатын талаптардың қаншалықты мұқият ескерілетініне байланысты. Цифр­лы таңбалауды енгізе отырып, өн­дірушілер нарықтың барлық өзге­рістеріне жедел мониторинг жүр­гізіп, өз брендін қорғай алады. Ал тұтынушылар сатып алынатын та­уар­ларға қоғамдық бақылау жүргізу мүм­кіндігіне ие, – деп түсіндірді бірыңғай оператор жобасының же­тек­шісі Е.Нұрмағанбетов.

Еске сала кетейік, Ресей қазірдің өзінде суды цифрлы таңбалауға көшті. Бұл елде сарапшылар осы нарықтағы сапасыз және жалған өнімдердің үлесін 67 пайыз деп бағалап отыр. Қазақстандағы аталған көрсеткіш бірнеше есе аз. Яғни 20 пайызға тең. Бірақ қоғам өкілдері көлеңкелі айналым деңгейінің тө­мендігіне қарамастан, суды және су­сындарды жаппай сұранысқа ие өнім деп санайды. Сондықтан тұты­нушыларға өнімді заңды түрде тексеруге мүмкіндік беру маңызды.

Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығы­ның атқарушы директоры Әлия Мамыт­баеваның айтуынша, еліміздегі контрафакт және заңсыз айналым статистикалық қателік деңгейінде.

– Әрбір өнімнің қаптамасына кез келген нәрсені жазуға болады. Жалған деректер жазу проблема емес. Ал қаптамада тауардың жа­рам­­дылық мерзімі, құрамы, өнді­рушісі туралы барлық мәлімет жи­нақ­­талған цифрлы код болған жағ­дайда, сапа мен заңдылыққа сенім­ді бола аламыз. Бізді тұтынушы ре­­тінде мұндай құқықтан айыруға болмайды. Контрафактінің елден елге таралып кетуіне де жол жоқ, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мү­шесі Жәмила Садықова. Қанатқақ­ты жо­баның қатысушысы Tassay сау­да белгісімен өнім шы­ғаратын «Юникс» ЖШС өз өнді­рісінде цифр­лы таңбалауды енгізуді бастады.

– Біз өзіміз үшін жобаны енгі­зудің тиімді техникалық шешімін анық­тадық. Таңбалау кодтарын қол­данудың қолжетімді типо­­графия-
лық әдісін зерттедік. Жал­пы, бұл процестен сырт қала ал­май­мыз. Өйткені өнімді таңбалау енгізіліп жатқан Ресейге су экспорттаймыз. Демек, біз көрші елдің жаңа нарық­тық ережелеріне бейімделуіміз керек. Әрине, жабдықты сатып алу бо­йын­ша мәселелер бар. Бірақ мұның бәрі реттеледі деп ойлаймын, – дей­ді Tassay компаниясының таң­балау­ды енгізу жөніндегі жоба жетек­шісі Ибрагим Абдуллин.

Бірыңғай оператор жобаны іске асыру бойынша жұмыс тобы құрыл­ғанын хабарлады.