Кино • 24 Қазан, 2021

Тұңғиығына тартқан тұрлаусыз көрініс

699 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі апталарда жастар арасында қызу талқыланып жүрген тақырып – оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» (Squid Game) дорамасы. Әлеуметтік желілерде жүйені, сыбайлас жемқорлықты осы хикаяның кадрлары арқылы келемеждеп, түрлі жағдайды сипаттайтын «мемдер» тарап та үлгерді.

Тұңғиығына тартқан тұрлаусыз көрініс

Сериалдың жарық көргеніне бір ай енді толса да, қаралым бо­­йынша Netflix стримингтік плат­­формасында бұрын-соңды жа­­рия­ланған фильмдер мен көп­бө­лім­ді сериалдарды басып озды. «Каль­мар ойыны» сюжетінен бөлек, танымал болу феномені көпті кө­бірек алаңдататын сы­ңайлы.

Дорама Netflix стримингтік платформасында 17 қыркүйек­те жарияланып, екі апта ішінде әлемнің бірқатар елінде таны­малдылыққа ие болды. Режиссер Хван Дон Хектің туындысы на­ғыз антиутопия. Өйткені оқиға қарызынан құтылу үшін өмі­ріне қауіп төндіретін ойынға келіс­кендер туралы. Қаражаттан тар­шылық көріп жүрген 456 адам ойынға қатысып, тапсырманы мүдірмей орындауы керек. Тірі қалатын жалғыз жеңімпаз 46,5 млрд вонға (15 млрд теңге) ие болады. Туындыны көрген көпшілік жан түршігерлік кадрлардың көптігін алға тартады. Адам қия­лына сыймайтын оқиғалар, жағ­дайлар кейбір көрермен үшін тіпті жиіркенішті көрінген.

Жалпы, «кальмар» деп аталатын ойын корей балалары­ның арасында әуелден танымал. Бала­лар ойынының ережесі бо­йын­ша, екі топқа бөлініп, бос тұр­ған жер­ге таласады. Ойын ала­ңы-­
­­­нан бірін-бірі итергенге төзіп, сы­зыл­­ған аймақтан шық­паған бала – жеңімпаз.

«Кальмар ойынының» таны­мал болуына өмірде жиі кез­де­се­тін оқиғалардың негізге алы­нуы себеп дейді. Әсіресе қа­рызға бел­шесінен батқандар мәсе­лесі көп­ті алаңдатпай қоймас. Де­генмен «Кальмар ойынының» феномені неде?

Жоғарыда айтқанымыздай, дораманың бас кейіперлерінің бірі – зейнеткер анасының ақшасын жұмсап, құмар ойынның шырмауына маталған жігіт. Ажырас­қан әйелімен де, туған қызымен де дұ­рыс қарым-қатынас құра алмаған. Бір күні үлкен ойынға келіссе, қомақты қаржыға ие болатыны туралы ұсыныс түседі. Жоғалтып аламын деп қорқа­тын ештеңесі болмағандықтан ұсынысқа жігіт қуана келіседі. Ойында жеңіске жетіп, қызымен қатынасын реттеуді жоспарлайды. Сон Ки Хун ойынның соңғы қатысушысы, яғни №456 ойыншы болады.

Корея кинематографиясы үшін соңғы жылдар жемісті. Был­­тыр режиссер Хван Дон Хёк­тің «Паразиттер» фильмі Ос­кар жүлдесін жеңіп алды. «Каль­мар ойыны» көп қаралған фильм болып қана қоймай, бас­қа салаларға да әсер етіп жатыр. Мәселен, АҚШ-тың Variety апталық басылымы сериал кейіп­керлері ойын кезінде киіп жүретін ақ аяқкиімдердің сатылымы соң­ғы екі апта ішінде 7800%-ға арт­қа­нын жазады. Мұндай тенден­ция­ны байқаған психолог мамандар фильмнің көп қаралуына да мар­кетингтің әсері бар деген ой айтады. Сериал туралы әлеуметтік желілерде көп жазылып, жастар арасында жиі талқылануы тобыр эффектісін туғызады. Яғни бірі­не бірі еріп, туындыны «қызық үшін» қарауы мүмкін.

The Guardian газетінің шолушылары туындының танымал болуына оқиғаға мұрындық болған әлеуметтік теңсіздік мәселесі себеп дейді. Real Good Economic Research Institute орталығының сарапшылары Оңтүстік Корея тұр­ғындарының жалпы қарызы елдің ІЖӨ-ден 5 пайызға көп деген мәлімдеме жасады. «Бұл дегеніміз әр азамат бір жыл бойы табысын жинаса да, қарызынан құтыла алмайтынын білдіреді. Оның үстіне қарызға батқандар саны күн санап өсуде. Демек бұл өзекті мәселе. Сондықтан қарызы барлар туралы сериалдың көпті қызықтыруы заңды», дейді экономистер.

Маркетинг саласының мамандары сериалдың танымал болуына әлеуметтік желінің әсері көп деген пікірмен келіседі. TikTok пен Instagram желілеріндегі жазбалар, видеолар мен суреттер туын­дыға деген қызығушылықты арттырып, көптің назарын бұрды. Бір ғана TikTok платформасында #SquidGame хештегінің қаралы­мы 37 млн-ға жеткен.

Жақында әлеуметтік желілерде Алматы қаласында осы сериал атмосферасын қайталайтын дәмхана ашылғаны туралы хабар тарады. Кіру үшін 4 000 теңге төлеп, сериал әлеміне еніп кетуге болады дейді. Жастар осы концептте туған күн ұйымдастырып үлгерді. Кешке шақырылғандар дорама кейіпкерлері киген киімді қайталап келуі тиіс. Әдетте 31 қазанда атап өтілетін Halloween мерекесі дәл осы тақырыпта өтуі мүмкін деген болжамдар аз емес.

Түркиядағы Шанлыурфа қала­сының әкімдігі де трендті ұтым­ды пайдаланып үлгерген. Әкім­дік «Қиын жағдайға тап бол­саң, басқаларды іздемей, бізге хабарлас» деген хабарламасы бар хаттар таратқан. Онда әкімдіктің байланыс нөмірлері көрсетілген. Әкімдіктің Әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлері азамат­тарға кез келген көмек беруге әзір екенін білдірудің жақсы жолы болды дейді.

Осы ретте сериалдың түсі­рі­­лі­міне 21,4 млн доллары жұм­салғанын айта кеткен жөн. Bloom­berg агенттігі туындыдан түс­кен табыс 891,1 млн дол­­ларға жетеді деген болжам айтады.

Сериалға жастардан бөлек, ба­лалардың да қызығушылығы артып тұр. Балалар психологы Әсем Сабыржанқызының айтуын­­ша, туынды авторларының нұс­­қау­лығын ескеру маңызды. Яғни се­риалды 18 жасқа тол­ған аза­маттар көре алады. «Ба­ла­лар ойынды жақсы кө­реді. Сон­дық­тан бұл сериалға қызығу­шы­лықтың жоғары екені анық. Дегенмен сериалдың идеясы да, сю­жеті де балалар үшін қа­уіп­­ті. Жиіркенішті сахналардан бө­лек, қарыз, адам өлтіру сияқ­ты мәсе­лелер көтерілген. Ба­ла­­лар өздері байқамаса да ол оқи­ға түпсанасына жазылып, ке­­йін өз өмірінде осыған ұқ­сас жағ­дайларға қалай тап бол­ғанын біл­мей қалуы ғажап емес. Өйт­ке­ні адам оқыған кітабы, көр­ген фильмі, араласқан ортасы арқы­лы дамиды. Кейіпкерлердің не та­ныс­тарының іс-әрекетін қай­та­­лай­ды. Сондықтан шындық пен қиял­ды, жақсы мен жаманды ажы­ратып үлгермеген балаға мұн­дай туындыны көрсету дұрыс емес деп санаймын», дейді психолог.

Жиіркенішті, аурасы ауыр көріністерге толы сериал. Аста­рында үлкен мәселе болғанымен, адам қиялына сыймайтын сценарий. Мұны біреу өзі арнайы іздеп көрсе, енді бірі әлеуметтік же­ліде көп талқыланғаннан ке­йін қарайды. Қалай болғанда да мәселе – өзімізде. Өйткені жа­ңар­ған рекордтағы сандарды өзіміз жасаймыз. Өмір сүріп жатқан ортамыздың жақсы болуы үшін нені көріп, не үшін оқы­ғанымызды саралағанымыз жөн шығар.