Аймақтар • 26 Қазан, 2021

Жарқынның жақсылығы

115 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда Көкшетау қаласындағы Көктем шағын ауданындағы көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінде газ-ауа қоспасы жарылды. Өз басын қатерге тіккен азаматтың арқасында тұрғындар дін аман қалды.

Жарқынның жақсылығы

Облыстық төтенше жағдай­лар департаментінің қызметкері Жарқын Шаяхимовтың үйіне келген сәті еді. Табалдырықтан аттағанымен сырт киімін шешіп те үлгермеген. Екпіні үй жыққандай қуатты жарылыс оқыс дүңк ете түсті. Қапелімде ештеңе ойлап та үлгермеген. Тек қызы Әсем ғана оқыс оқиғадан соң іле ес жиып, газ жарылуы мүмкін-ау деп телефон құлағына жармасқан.

Жарқын Қуандықұлы тосын оқиғаның мән-жайын бажайлап, алдымен адамдарды құт­қару керек деген шешімге келді. Жарылыстың неден болғанын кейін анықтай жатар. Дәл қазір тағы да қайталануы мүмкін апат­тың алдын алып, тұрғындарды қауіп­сіз жерге алып шыққан жөн. Өз басына да қатер төнуі әб­ден мүмкін. Бірақ оны ойлайтын да уақыт болған жоқ. Жанын шү­бе­рекке түйіп, көпқабатты үй тұр­ғын­­дарын біртіндеп шығара бас­та­ды. Алдымен әйелдер мен бала­лар­ды шығарды. Кейін оқиға орын ал­ған, қызыл жалынның сума­қай тілі шар­­пи бастаған пәтер­ге кірді. Көз жү­гір­тіп қараса, ас үй­дің жи­һаз­дары, терезелердегі пер­де­лер лапылдап жанып жатыр. От шар­пыған жерге су шашты. Бір жақ­сысы, жалғыз емес екен. Жа­рқын­ның қорықпай тәуекелге бел буғанын көрген көршілер де көмектесуде.

Төтенше жағдайлар саласын­да істегендіктен қатерге бас ті­гіп, төніп келген қауіптің ал­дын алу­дың жолын білетін Жар­қын Қуан­дықұлы төменгі шкафты ашып, газ баллонын ағытып, қауіп­сіз жер­ге шығарған. Жарыла қалса, жа­рым дүниені қиратып кететін газ баллонынан құтылған соң кі­ре берістегі газ кранын сөн­діру қа­жет. Биікте екен, адам қолы жет­п­ей­тін жерде. Баспалдақ іздеп жү­ре­тін уақыт қайда, көршісін иығы­­на мінгізген. Көршісі екеуі қарба­­ласып жүріп кранды жауып, ес жиды.

– Мұнан соң оқиға орын ал­ған пәтерге қайтадан кіріп, газ шүмегін жаптым, – дейді Жар­қын Қуан­дықұлы, – шала жан­ған заттар әлі де бықсып жатыр. Қайта тұтанып кетуі әбден мүмкін. Қайта-қайта су құйып, шашылған шоқтың бәрін өшірдік. Басқа пәтерлерде де газ жиналып қалып, үйде жарылыс қаупін қайта тудыра ма деп сескенгенім де рас.

Төніп келген қауіп-қатердің бетін қайтарған кейіпкеріміз өзінің ісін әсте ерлік деп есепте­мейді. Оның айтуынша, кез келген ер-азамат дәл осындай қиын кезде басын бәйгеге тігуі мүмкін.

Әңгіме көгілдір отын туралы болғандықтан, облыс орталы­ғындағы қалыптасып отырған жағдай туралы таратып айта кетелік. Күздің алғашқы айларында көгілдір отын тапшылығы қатты сезіле бастады. Облыс орталы­ғының жартысына жуығы бір айға таяу уақыт бойы газсыз отырды. Орталықтандырылған газ жүйесі бар тұрғын үйлерде тұрса да, тұр­ғын­дар амалсыздан тұрмыстық бал­лондарды пайдалана бастаған. Әрине ережеге сай емес. Бірақ қауіп­ті ескермеуге күнкөріс себеп.

Ондайда оқыс оқиға орын алады-ау деп ойлай бермейтіні де бар емес пе? Газ-ауа жарылған пә­тер­­­дің бөлмеаралық ішкі қабыр­ға­­лары бүлініп, қаусап қалды. Үй иесі­­нің денесін күйік шалып, кенет орын алған қатерден қат­ты шошын­ған екінші көршісі ауру­ханаға түсті. Осы көпқабатты тұр­ғын үйді көгілдір отынмен қам­тамасыз етуге тиісті «Газ қыз­мет» ЖШС бас­шы­лығы бұл арада өздерінің еш кінәсі жоғын айтып ақталуда.

– Бұл үйде төрт күн газ бол­ған жоқ, – дейді компания ди­рек­торы Марал Кәркенова, – тұр­ғын­дар­дың өздері газ редукторын ұмы­тып, ашып тастауы мүмкін ғой.

Осы арада көгілдір отын мәсе­лесінің жайы қазір тым күр­делі екенін айта кетуге болар. Ком­па­ния басшылығының айтуына қара­ғанда, олар әлеуметтік шие­леніс­тің алдын алуға тырысуда. Сондықтан өздері аздап шығын шексе де, газ беріп отыр. Бірақ мұндай жомарттық көпке созыла бермеуі мүмкін. Жер­гілікті билік өкілдерінің айтуына қарағанда, газ тапшылығының туындауы Энер­гетика министрлігінің әлеуметтік газды жеткізуді аккредиттеуден өткізгеннен кейін туындап отыр. Облыс орталығындағы бірнеше газбен қамтамасыз ететін ұйымдар осы талаптан өте алмаған.

– Министрлік пандемияға бай­ланысты қайта өңделген газды элект­ронды сауда алаңына шығар­ған. Ал бұл жердегі тәртіп бойынша кім ең жоғары баға қойса, сол сатып алады, – дейді қала әкімінің орынбасары Серік Құдабай, – бұ­рын облысқа жеке бөлінетін газ, ендігі арада электрондық биржа арқылы сатылуда. Биржадағы баға реттелмейді. Осы уақытқа дейін газдың әр келісін облыс 70-80 теңгеден сатып алса, биржадағы баға 100 теңгеге өсіп кеткен.

Қауіп-қатердің туындауы мынадан. Облыс орталығында бар­лы­ғы 238 газ тарату қондыр­ғы­сы болса, соның 112-сі ғана жұ­мыс істейді. Бұл желіге 285 көп­қабатты тұрғын үй қосылған. Орталықтандырылған газ желісі қаланың небәрі 41,4 пайызын ғана қамтыған. Қалған жұрт газ баллондарын пайдалануда. Тағы бір көптен бері шешімін тап­па­ған дүние – газдың сапасы. Ар­қа­ның сақылдаған сары аязы үстем­дік құрған шақта сапасыз газ құбыр­ларда жиі қатып қалады. Газ құ­бы­рының істен шығуы осы кезде жиі­лейді. Орталықтандырылған жү­й­едегі көгілдір отын қайта-қай­та тоқтап қала бергендіктен тұр­ғын­дар газ баллонын пайдалануда. Осындай себептерге байланыс­ты шамамен 4 мыңнан астам тұ­ты­нушы газға қосылмай, қауіп-қа­тердің қатпарын қалыңдата түсу­де. Мамандардың айтуына қа­ра­­ғанда, өздерінің міндеттерін мүл­тіксіз орындамаған газ та­рату­­шы ұйымдар әкімшілік жауап­­кершілікке тартылуға тиіс. Бі­рақ қаланы көгілдір отынмен қам­тама­сыз ету мәселелерін қада­ға­лай­тын инспектор жоқ екен. Де­мек жүз­деген тұрғынды газсыз қал­дыр­ған «Газ қызмет» ұжымына ешбір жаза қолданылмауы да мүмкін.

Айтып келген апаттан бір мәр­те аман қалдық. Жоғарыда біз айтып өткен түйткілдердің тігісі жазылмаса, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, қала тұрғындары ойда жоқта пайда болған оқыс дыбыстан үрейленіп, ішкендері ас болмай күн кешері анық.

 

КӨКШЕТАУ