Қоғам • 26 Қазан, 2021

Қазақстан Будапешт – Алматы әуе рейсін ашуды ұсынды

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Мажарстан үкіметіне Алматы мен Будапешт арасында әуе рейсін ашуды ұсынды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Будапешт – Алматы әуе рейсін ашуды ұсынды

Министр қыркүйекте Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы тұрақты әуе қатынас қалпына келтірілгенін еске салды. Рейстерді «WizzAir» мажар әуе компаниясы орындайды.

«Жақында Үкімет шешімімен рейстердің жиілігі аптасына екі рейске дейін арттырылды. Осыған орай, мажар тарапына екінші рейсті Будапешт – Алматы – Будапешт бағыты бойынша іске қосуды ұсындық. Бүгінгі таңда еліміздің 800-ден астам азаматы Мажарстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуда. «Стипендиум Хунгарикум» мажар білім беру бағдарламасы шеңберінде мажар тілінде оқуға қызығушылық танытқан студенттер саны артып келетінін атап өту қажет», деді Сыртқы істер министрі.

Оның айтуынша, келіссөздер қорытындысы бойынша Стратегиялық кеңестің 5-ші отырысының хаттамасы қабылданған.

«Михай Варга мырзаның сапары және бүгінгі келіссөздеріміздің қорытындылары екі ел арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы серіктестік қарым-қатынастарды тереңдетуге қосымша серпін береді деп сенемін», деді Мұхтар Тілеуберді.