Экономика • 27 Қазан, 2021

Құнды қағазға қызығатындар көп

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандықтардың құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Бұған ресми статис­тика да, әлеуметтік желідегі түрлі жазбалар да дәлел бола алады. Жыл басынан бері ашылған сауда шоттарының саны 52 пайызға өскен.

Құнды қағазға қызығатындар көп

Жыл сайын инвестиция салу нарығында түрлі жаңалықтар мен жаңашылдықтар пайда болып жатыр. Егер осыдан он жыл бұрын ғана азаматтар табысынан артылған азын-аулақ ақшасын не үйде сақтап, не депозитте жинап қана амалдаса, қазір инвес­тиция жасап, өз капиталдарын еселеудің де жолын таба бастаған. Екінші деңгейлі банктердегі депозит жобаларынан бөлек, құн­ды қағаздар нарығында бел­сен­ді жұмыс істейтін брокерлік және сақтандыру, сондай-ақ активтерді басқару компаниялары инвестициялауға арналған өнімдерді ұсынуға көшті.

Қазақстан құнды қағаздардың орталық депозитариі таратқан ақпар бойынша, қазірдің өзінде елімізде жеке тұлғалар ашқан 196,6 мың дербес шот тіркелген. Жыл басынан бері олардың саны 52,1 пайызға немесе 67,4 мыңға көбейген. Finprom-ның хабарлауынша, жұмыспен қамтылған азаматтардың 2,2 пайызы құн­ды қағаздар нарығындағы опера­цияларға дайын немесе қазірдің өзінде қатысып жатыр.

Жеке тұлғалар үшін бұл сег­менттегі танымал құрал­дардың бірі – жарналық инвес­ти­циялық қорлар. Онда ұжым­дық қаржы салу формасы да қарастырылған. Қор клиент­терінің қаржысы басқару­шы ком­панияның сенім­герлік басқаруына беріледі. Басқарушы компанияны таңдау кезінде аса мұқият болған жөн: қазір елімізде қаржылық қада­ға­лау­шыдан лицензия алмай жұмыс істеп жатқан бірнеше компания бар. Өздерін басқарушы компания деп жарнамалайтын қаржы пирамидалары да көп. Соған байланысты жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарықта заңсыз қызмет етіп жүрген компаниялар тізімін жария етті. Тізімге жалпы 121 субъект енгізілген. Оның 56-сында қаржы пирамидасының белгі­лері бар болса, 65-і – заңсыз инвес­тициялық делдал (жалған брокерлер) қызметін атқарған. Сон­дықтан басқарушы компания таңдау кезінде адаспау керек. Мәселен, нарықта танымал, сенімді компания ретін­де қа­лып­тасқан ұйымдарға азамат­тардың көбі зейнетақы жинағындағы артық қаржысын беріп жатыр.

Биылғы 1 қыркүйектегі жағ­дай бойынша инвестиция­лық қорлардың ашық және интервалдық активтері жыл басынан бері 38,9 пайызға көбейіп, 124,9 млрд теңгені құраған. Жар­­налық инвестициялық қор­лар активтерінің көп сома­сы Halyk Finance-қа тиесілі – 53,5 млрд теңге. Бұл былтыр­мен са­лыстырғанда екі есе жо­ғары көр­сеткіш. Қазір компания 4 валюталық жарналық инвес­тициялық қорға басшылық етеді. Оның ішінде ең ірісі – Halyk — Валютный қоры. Активтер сомасы 41,5 млрд теңгеге жеткен. Инвестициялық қорлардың екінші сатысында BCC Invest тұр: 52,9 млрд теңге. Қазір компания қарамағында «ЦентрКредит – Валютный» атты интервалдық инвестициялық қор бар. Үздік үштікті 8,8 млрд теңгемен Jusan Invest түйіндейді.

Егер таза активтер құнына мән берер болсақ, 1 қазандағы жағдай бойынша нарық лидері ретінде Halyk Finance пен BCC Invest компанияларын атай аламыз.