Мұның сыртында, алқаптағы астықтың бұйырғаны өсіп, жетілгенше ауылшаруашылық техникаларына қажет темір-терсек пен қосалқы бөлшектер де екі-үш есе қымбаттап кетті. Сондықтан бидайдың қазіргі бағасына, жұмсартыңқырап айтқанда, диқандардың көңілі толмайды.
Бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ҰКП-ның агроөнеркәсіп кешені мәселелері жөніндегі комитетінде де қаралып, биылғы күрделі жағдайдан кейін шатқаяқтап қалған шаруашылықтарды сақтап қалу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының бағасын көтеруге қосымша қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі сөз болған еді.
Басты мәселе – өткен көктемде «Азық-түлік корпорациясы» АҚ мен жергілікті шаруашылықтардың арасында жасалған бидайды форвардтық сатып алу туралы келісімшарттар төңірегінде болып отыр. Биыл мемлекеттік компания Қостанай облысындағы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің көктемгі егіс науқанына қаржылай қолдау көрсетіп, диқандар берешегін алдағы орақтың есебінен бидаймен қайтару туралы мәміле жасасқан болатын. Шарт бойынша, корпорация көктемде шаруаның сұраған ақшасын беріп, бізге күзде осындай бағамен, бәленбай тонна бидай өткізесің деген міндет жүктейді. Шаруа келісім берген соң, қос тарап шарттасып, ортақ құжатқа қол қойысады.
Қазір қарызды қайтаратын уәделі мерзім жетті. Бірақ диқандардың қамбасы бос. Ерте көктемнен бел жазбай жер тырмап дән сіңірген диқан биыл тағы да құрғақшылыққа тап болды. Мамыр мен маусым айларында – егін сабағының бойлап, масақ тастау кезеңінде жауын-шашын орташа көпжылдық көрсеткіштен үш, көп жерлерде тіпті төрт есе аз түсті. Екі ай бойы 35-40 градус ыстық жел қақтап, кеберсіп кеткен топыраққа түскен тұқымның біразы өнбей қалды. Нәтижесінде, егіннің шығымы жылдағыдан әлдеқайда төмен болып шықты.
– Облыстың оңтүстік және орталық өңірлеріндегі он шақты аудандағы орташа өнім гектарына 2,7-ден 5 центнерге дейін болды. Кейбір шаруашылықтарда егін түсімі 1-3 центнер ғана. Экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан бірқатар шаруашылықтар күзде алқапқа шықпай, еккен егінін сол күйі қалдырды. Мұны табиғаттың тосын мінезінен болған төтенше жағдай деп бағалау керек, – деді «Мелитопольское» серіктестігінің басшысы Эдуард Двуреченский.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Тобыл өңіріндегі 51 шаруашылық «Азық-түлік корпорациясынан» алған берешектерін бере алмай отыр. Бұл – көктемде аталған корпорациямен форвардтық сатып алу шарттарын жасасқан шаруашылықтардың тең жартысы. Олардың мемлекеттік компанияға 3,2 млрд теңге көлеміндегі қарызы бар. Осылайша, корпорация көктемде диқандарға берген қарызының үштен бірін қайтара алмай отыр.
– Қостанай облысында жұмыс жүргізген республикалық комиссия өңірде тек 15 шаруашылық қана құрғақшылықтан зардап шекті деп тапқан. Олар форвардтық сатып алу шарттары бойынша алған барлығы 460 млн теңге көлеміндегі қарыздың мерзімін ұзартып алды. Алайда пролонгацияға іліге алмаған диқандар мұндай шешімді негізсіз деп санайды. «Атамекен» ҰКП АӨК комитетінің төрағасы Иван Сауэрдің айтуынша, табиғи апаттың салдарынан алқабы тақырға айналып, тығырыққа тіреліп отырған диқандар қиын-қыспақ кезеңде көмек қолын созатын қуатты мемлекетіміздің бар екенін сезінуі керек.
Мұның сыртында, биылғы құрғақшылыққа байланысты, көршілес жатқан Ресейде де бидайдың құны күрт өсіп кетті. Сондықтан диқандар қазіргі нарықтағы бір тонна бидайдың ең төменгі бағасы 127 мың теңге шамасында болу керек дейді. Ал Азық-түлік корпорациясы белгілеп отырған баға – 103 мың теңге. Осылайша, ауылшаруашылық тауарын өндірушілер корпорациядан бидайды сатып алу құнын нарықтық бағаға сәйкестендіруді сұрайды. Бірақ қарыз беруші өз талабынан, өз уәжінен айныр емес.
– Бидайы жоқ шаруалар қарызын ақшалай қайтара алады. Қыркүйектің басында бидайдың нарықтық бағасы тоннасына 100 мың теңге болып тұрғанда, біз 103 мың мен 107 мың теңгенің аралығындағы ең жоғарғы бағаны ұсындық. Сондықтан дәл қазір салқынқандылық танытып, сабырға келуге шақырамын, – деді «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарма мүшесі Тобылбек Омаров.
Диқандардың мүддесін қорғап жүрген Эдуард Двуреченскийдің айтуынша, егер жағдай дәл осы күйінде қалатын болса, қарызын қайтаруға қауқарсыз көптеген шаруашылықтар заң бойынша оңалту шараларына баруға мәжбүр болады.
– Бұдан несие беруші де, қарыз алушы да зардап шегеді. Одан кейін шаруашылықтарға бес жыл бойы қолайсыз жағдайда жұмыс істеуге тура келеді. Біз жергілікті шаруашылықтарды, өндірісті сақтап қалуға мүмкіндік беруді сұрап отырмыз. Мұндай форс-мажорға үйренетін кезіміз жетті. Бүгінде дүние жүзінде не болып жатқанын көріп-біліп отырсыздар, бүкіл әлем ай сайын ауа райының өзгеріп бара жатқанын талқылап жатыр. «Апат айтып келмейді», биыл елімізде алапат қуаңшылық болғаны рас, ал Ресейді су басып жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз тағдыры ауыл халқымен тікелей байланысты шаруашылықтардың жойылып кетпеуі үшін қам жасауымыз керек. Бүгінде қарызға белшесінен батып отырған шаруашылықтардың жергілікті жердегі мән-маңызын дұрыс түсініп, олардың мойнындағы қарыз қамытын қыса түсудің орнына, жанашырлық танытып, жеңілдік жасап, өтем мерзімін мүмкіндігінше кейін шегеру жағын ойластыруымыз керек. Бұлар ауылдардағы әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі ғой, жұмыс орындары ғой, – деді Э.Двуреченский.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов «Азық-түлік корпорациясына» қатысты мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізетінін айтты. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев барлық өңірлік палаталарға лизинг төлемдерін, кредиттер мен форвардтық сатып алу бойынша алған қарыздарының өтем мерзімін ұзартқысы келетін шаруашылықтардан өтінім жинап, оның «Аграрлық несие корпорациясы» мен «НҰХ Бәйтерек» АҚ-ға жіберіліп жатқанын мәлімдеді.
Бір сөзбен айтқанда, диқандардың күзгі жиын-терімнен кейінгі жағдайы мәз емес. Тықыр таяп келеді, өйткені шығынға батқан шаруашылықтар «Азық-түлік корпорациясынан» форвардтық сатып алу бойынша алған қарыздарын 15 қарашаға дейін толық өтеп бітуі тиіс.
Қостанай облысы