Әлем • 29 Қазан, 2021

Ормандар да көмірқышқыл газын шығара бастады

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдегі қор­ғауға алынған ең үл­кен он орман көмір­қыш­қыл газын шығара баста­ды. Мұның бәрі­не кінәлі – климат­тың өзгеруі мен адам­заттың әрекеті. Мұндай қорқы­ныш­ты деректерді ЮНЕСКО жүргізген зерттеу нәтижесі көрсетті.

Ормандар да көмірқышқыл газын шығара бастады

Соған сәйкес қорғауға алынған ең ірі 10 орман кейінгі 20 жылда ауаға парникті газ бөле бастаған. Бұған дейін олар CO2-ні жұтатын ауа тазалағыштар саналып келген еді.

Ормандардың бұлайша күрт өзгеруіне адамзат кінәлі. Жайылымдық жер­, құрылыс үшін ағаштарды отап, мәңгілік ну ормандарға ауыз салудың сал­дарынан олардың табиғи тепе-тең­дігі бұзылған.

Баяндаманың бірлескен авторы Талес Карвальо Резенденің айтуынша, бұлар шынайы жағдайдың беті ғана. Өйткені ең таза, ең тиімді қорғалатын аумақтардың өзі қазіргі уақытта климат өзгеруінің зиянын шегіп отыр.

«Ауа райының күрт бұзылуы, ауыл шаруа­шылығына арнап ағаштарды отау және орман өрттері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген 10 орманын көмірқышқыл газын шығаратын орынға айналдырды. Солардың қатарында Гондурастағы Рио-Платоно биосфералық резерваты, Канададағы Уотертон-Мұздық халықаралық бейбіт саябағы және Ресей мен Моңғолиядағы Увс-Нур бассейні бар», дейді ол.

ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізі­міне енген бұл ормандардың көлемі Германиядан екі есеге үлкен. Сондай-ақ зерттеуде шартараптағы 257 орманның жыл сайын атмосферадағы 190 миллион көмірқышқыл газын жұтатыны көрсетілген.

Баяндама авторлары әлем елдері басшылары биологиялық әртүрлілікті сақтауға, климаттық дағдарыстармен күресу үшін табиғатты қорғауға назар аударуы керек екенін айтады. Сонымен қатар орман экожүйесін сақтаудағы жергілікті тұрғындардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Олар Глазгода өтетін Cop26 саммитінде әлем көшбасшылары орманды кесуді тоқтату және жою туралы міндеттемені жариялайды деп үміттенеді.