Саясат • 31 Қазан, 2021

Тайваньның тағдырына алаңдайтындар көп

1398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тайвань мен Қытай ара­сын­­дағы шиеленіс талай­дан бері жал­ғасып келеді. Бұл мәсе­ле­де халық­аралық қоғам­дас­тықтың өзіндік ұстанымы бар. Әсіресе, кейінгі кезде Батыс ел­дері Тайбэй би­лі­гіне қатыс­ты ұс­таны­мы­н өзгер­тіп, өзара дипло­матия­лық қарым-қа­ты­нас орнатуға ниетті.

Тайваньның тағдырына алаңдайтындар көп

Қазіргі таңда Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жүзінде Қытай­дың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. Қытай би­лігі әлі күнге дейін Тай­вань­ды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ тайваньдықтар мұндай жобаға мүлдем қарсы.

Жер-жаһандағы небәрі 15 ел ғана Тайваньның тәуелсізді­гін мойындаған. Оның көбі – Тувалу, Палау секілді Тынық мұ­хитындағы аралдарда орна­ласқан шағын мемлекеттер. Әлемдік аренада ықпалы бар бірде-бір ел Тайваньның еге­мендігін таныған жоқ. Тіпті, аталған елдің тағдырына алаң­дайтын АҚШ та оларды азат ел деп есептеген емес.

Тайвань мәселесін жиі көтеретін Еуропалық одақ ел­дері де оны тәуелсіз ел деп са­на­­майды. Бірақ саясат сахна­сын­дағы кейінгі оқиғалар Еуро­палық одақтың көзқарасын өзгертетін сыңайлы.

Өткен аптада Тайваньның сырт­қы істер министрі Джозеф Ву қарт құрлықтың бірқатар мем­лекетіне барып қайтты. Бір қы­зығы, Д.Вудың сапары көп­шілік назарына ілікпей, аяқтал­ғанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарына белгілі болмады.

Әуелі Ву мырза Чехия мен Словакияға барды. Прагада тайваньдық делегаттар кибер­қауіп­сіздік, «жасыл технология» секілді бірнеше саланы қам­ты­ған бес меморандум­ға қол қой­ды. Содан кейін Брюссельге сапар шекті. Еуро­палық одақтың бас кең­селері орналасқан ша­һар­­да Тайвань делегациясы Ты­нық мұхит – Азия мәсе­ле­лерін талқылады. Кезде­су бейресми мәртебеге ие бол­ған­ына қа­ра­­мастан, Қытай мәселесі қарт құр­лықтың ше­неу­­нік­терін алаң­датып отыр­ғаны бай­қалады.

Бейжің билігінің пікірі көп күттірген жоқ. Қытай Тай­вань­ды жеке мемлекет ретін­де са­на­майтындықтан, кез келген елмен қарым-қатынасын құп­та­майды. Сондықтан аталған мә­селеге назар аударып отыра­ды. Тіпті, кейде аңдамай сөй­леп, сынның астында қалатыны бар.

Былтыр Қытайдың сыртқы істер ми­нистрі Ван И Еуропа ел­деріне барған еді. Осы сапар кезінде ведомство басшысын қарт құрлықтың шенеуніктері «тәртіпке салып» жіберді. Бәріне кінәлі – Ван Идің өзі.

Неміс журналистеріне сұх­бат беріп тұрған ол Чехия Се­на­тының президенті Милош Выстр­чилдің Тайваньға бар­ған сапарын сынға алды. Ван Идің айтуынша, Чехия осы қадамы арқылы Қытайға сат­қын­­дық жасап, 1,4 миллиард қытай­лықтың жауына айналды. Сон­дай-ақ дипломат Чехия осы әрекеті үшін жауап беретінін де жеткізді.

Ван Идің Еуропа аумағында тұрып қарт құрлықтың өкіліне сес көрсетіп, астамсып сөйлеуі Германияның сыртқы істер министрі Хэйко Маасқа ұнаған жоқ. Өзіне сөз кезегі тигенде Х.Маас мырза еуропалық­тар бірлесе әрекет ететінін ескер­тіп, оның үркітуін негізсіз деп айып­тап, қытайлық әріптесін ты­йып тастады. Сондай-ақ Еуро­палық одақ АҚШ-Қытай теке­ті­ресіндегі ойыншық емес екенін жеткізді.

Көп ұзамай-ақ Еуропадағы басқа саясаткерлер де Ван Иді сынға алған. Тіпті, Чехия Сенатының басшысы Милош Выстрчил Тайвань парламенті депутаттарымен кездесуінде «Мен тайваньдықпын» деп саңқ етіп, осы елдің азаттығы мен демократиялық құндылығын қолдайтынын жеткізді.

Бейжің Вудың сапарын мұқият бақылап отырғаны бел­гілі. Оның Чехияға сапарына қа­тысты пікір білдірген Қытай сырт­қы істер министрлігі­нің бас­пасөз хатшысы Чжао Лицзян ашу-ызасын жасыра алған жоқ.

«Қытай тарапы Чехия Пар­­ламенті Сенатының және мүд­делі тұлғалардың зиянды арандатушылық әрекетін құп­тамайды. Біз Чехия тарапына ескерту жасадық. Қажет болса заңды әрі тиісті әрекетке барамыз», деді Чжао Лицзян.

Алдағы уақытта Еуропа­лық парламенттің депутаттары Тайбэйге баруды жоспар­лап отыр. Олардың қатарын­да Бей­жің билігінің адам құқық­тарын сақтамауын қатаң сынайтын «Социалистер мен демократтар» тобының мүшесі Рафаэль Глюксман бар. Чжао Лицзян қарт құрлықтың депутаттары бұл сапарынан бас тартпаса, тиісті шара қабылдайтынын жеткізді.

«Еуропалық парламент – Еуропалық одақтың ресми органы. Егер оның комитеті депутаттарын Тайваньға сапар­ға жіберсе, бұл «Бір Қытай» ұстанымына қарсы келеді. Сондай-ақ Қытайдың не­гізгі мүддесіне нұқсан кел­тіріп, Қытай-ЕО қарым-қаты­насы­ның бұзылуына жол ашады. Біз оқиғаның өрбуіне сәйкес әрі қарай әрекет етеміз», деп жазды Қытайдың Еуропалық одақтағы өкілдігі твиттердегі парақшасында.

Бейжің билігінің ауға түскен балықтай шоршуының себебі жетерлік. Елдегі коммунистік партияның көршілес елдерге қатысты жүргізіп отырған саясаты, Шыңжандағы мұсыл­ман­дар­ды қудалап, түзету лагер­лер­ін ашуы, адам құқығын аяқ­­­қа таптауын демократиялық ел­дер сынға алды.

Таяуда Қытай басшысы Си Цзиньпин Тайваньмен «бей­біт түрде қосылатынына» уәде берді. Оған қоса, Қытай әуе күш­­тері 1 қазаннан бастап Тай­вань­ның әуе кеңістігін бұзып кір­ген. Оған 150-ге жуық ұшақ қа­тыс­қан. Бұл да Қытайдың әлем ал­дындағы абыройын одан сайын түсіріп жіберді. Ха­лық­­аралық қоғамдастық Қытай тарапының мұндай заңс­ыз­дық әрекетін айыптады.

Кейінгі уақыт­та Батыс ел­дері Бейжің билі­гіне қа­тыс­ты ұстанымын қатаң­дата бас­тады. Керісінше, Тай­вань­­мен арадағы қарым-қаты­насты жақ­сартуға кірісті. Мә­се­лен, Литва Тайваньмен Еуро­палық одаққа мүше мемлекеттер арасынан алғаш болып дипломатиялық байланысты нығайтты. Сөйтіп, өзара елші­ліктер ашуға келісті. Еуропа­лықтардың Тайбэй би­лігіне оң қабақ танытып отыр­ғанын Еуропалық парламент мү­шесі Маркета Грегорова да мо­йындайды.

«Қазіргі таңда Еуропалық одақтың Тайваньға қатысты ұстанымы өзгеріп келеді. Қытай да, Тайвань да өздері жүргізген саясаттың жемісін жеп отыр. Бейжің билігі дипломатиялық әрекетін агрессивті, интрузивті түрде жүргізіп, шектен шықты. Ал Тайвань өздерінің оң ниетін көрсетіп, тиімді серіктес екенін аңғартып отыр», дейді ол.

Еуропалық шенеуніктердің қатты кетіп, қытайлық әріптес­терінің бетін қағып тастауына бір мәселе қатты әсер етіп отыр. Қытай – Еуропалық одақтың бас­ты сауда серіктестерінің бірі. Сондықтан шығар, бүкіл әлем Бейжің билігінің Тайваньның тәуелсіздігін мойындамауын, Гонконг билігіне араласуын, Шыңжандағы мұсылмандарды қудалауын, Оңтүстік Қытай те­ңізін­дегі шиеленістерді айып­­тап жатқанда қарт құрлық­тың кей мемлекеттері пікір біл­діру­ге асыққан жоқ.

Еуропалық парламенттің заңгерлері Тайваньмен арада­ғы инвестиция мәселесін жеңіл­детуге барын салып жатыр. Алай­да Еуропалық комиссия бұ­ған аса ниетті емес. Өйт­кені мұндай қадамға барса, Қы­тай­­ды ренжітіп алуы мүм­кін. Ондай жағдайда өзара сау­да ай­­на­лымына нұқсан келуі ықтимал.

Бірақ Тайваньның да өз ұсы­нары бар. Қазіргі таң­да аталған ел жартылай өткіз­гіштер жасаудан ешкімге дес бермейді. Еуропалық одақ өз кезегінде бұл салада аса табысты емес. Сон­дықтан қарт құрлықта шығат­ын бүкіл электронды құрал­дар­ға қажетті заманауи «микро­чиптерді» Тайваньмен бірлесіп шығаруға зор мүмкіндік бар.

Осы орайда Қытайдың сая­саты еуропалық дипломаттарды «тойдырғанын» аңғару қиын емес. Мәселен, Huawei ком­­паниясының 5G техноло­гия­сын қолданудан үмітті Гер­мания да пікірін өзгертті. Оған қоса, Брюссель дипломаттары Еуропаға Қытайдан инвестиция тартудың орнына, оны шек­теудің амал-шарғыларын қарас­тырып жатыр. Франция мен Германия дипломаттары Үнді-Тынық мұхиты аймағына ерекше көңіл бөле бастады. Яғни мүмкіндігінше Қытайға тәуелді болмаудың жолдарын қарау үстінде.