Қазақстан • 01 Қараша, 2021

«Ауыл – ел бесігі»: Бейбіт Атамқұлов шығыстағы ауылдарды аралады

476 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен танысу үшін Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ауыл – ел бесігі»: Бейбіт Атамқұлов шығыстағы ауылдарды аралады

Министр ұлттық жоба аясында күрделі жөндеуден өткен Жарма ауданының Әуезов кентіндегі Бақыршық орта мектебіне барды. Білім ордасында едендер, есіктер, кәріз жүйесі, су құбыры, жылу және электр желілері ауыстырылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген. Балалар бүгінде жаңартылған заманауи кабинеттерде білім алуда.

 

Осы кентте ҚР ИИДМ басшысы Мәдениет үйі құрылысының барысымен танысты. Нысанды пайдалануға бергеннен кейін тұрғындар ғимараттағы 120 орындық кітапхана мен 400 орындық көрермен залын пайдалана алады.

 

Сондай-ақ Бейбіт Атамқұлов «Талдықорған-Өскемен» және «Қалбатау-Майқапшағай» автожолдарының қайта жаңартылған учаскелерін қарап, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының жұмысымен танысты.

 

Министр Ұлан ауданында салынып жатқан құс фабрикасына барды. Онда өндіріс кеңейтіліп, шығарылатын дайын өнім көлемі екі есеге - жылына 60 мың тоннаға дейін артады. 700-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Құс өсіруден бастап өңдеуге және консервілеуге дейінгі өндіріс циклі ұйымдастырылады.  

 

Глубокое ауданында ҚР ИИДМ басшысы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған төрт ауылдың нысандарымен танысты. Ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді тәсілі бойынша Шығыс Қазақстан облысының оң тәжірибесі атап өтілді. Онда ауылдағы өмір сапасын жақсарту үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламаның  ресурстары шоғырландырылады.

Глубокое кентінде министр 300 орындық көрермен залы бар мәдениет үйіне барып, заманауи құрал-жабдықтармен, хореография, музыка, сәндік-қолданбалы өнер үйірмелерінің жұмысымен танысты. Мәдениет үйі алдында қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың мүсіні орнатылған.

Сондай-ақ Бейбіт Атамқұлов 2018 жылғы су тасқынынан кейін апатты жағдайда тұрған ескі өткелдің орнына жақында салынған Прогресс ауылындағы көпірді қарап шықты.

Белоусовка кенті мен Тарханка ауылындағы жөнделген көшелерге барды. Ол елді мекендерде 8 шақырым жол жөнделіп, жарық тіректері орнатылды.

 

7 шақырымнан астам жолы жөнделген Көкпекті ауданы Самар ауылының көшелерін қарады. 

Бұл елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бассейн салынып жатыр. Бүгінгі таңда онда 80% жұмыстар орындалған. 

Сондай-ақ министр Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелі салынатын жерге барды. Қазір нысанда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өңір тұрғындары өткелді 2024 жылдан бастап пайдалана алады.

Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі мәселелері облыс басшылығы, қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды. ҚР ИИДМ басшысы ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевпен бірге ауылды кешенді дамыту жобаларын қарастырды.