Өнер • 01 Қараша, 2021

Ұлттық анимацияның халықаралық қадамы

450 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түркістанда халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатында отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда, Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан мен Түркияның білікті мультипликаторлары Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальдың қызыл кілемімен жүріп өтті. Биыл байқауға барлығы 57 өтінім келіп түскен, оның 49-ы іріктеуден өтіп, әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандардың бағасын алды.

Ұлттық анимацияның халықаралық қадамы

Фестивальдың ашылуында Ақ­парат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов анимация өнері арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу – ұлттық «Рухани жаң­­­ғыру» жобасының маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. «Өздеріңізге мәлім, алғашқы қазақ мульттуындысының жарық көргеніне биыл 54 жыл толды. Осы уақыт ішінде ұлттық ани­мацияның жеткен жетістігі де, көтерілген биігі де аз емес. Ең бас­­тысы, талай таланттар өсіп, ұлттық мектеп қалыптасты. Десе де, заман көші ілгері кетуде. Оған ілесу үшін біздің елімізде бар­лық мүмкіндік бар. Білімі мен білігі мол шығармашыл жас­тар, мамандық нәсібін пайдалы кәсіпке айналдырған жекеменшік студиялар, жаңа идеялар мен тың бастамалар және ең бастысы, осы еңбекті тұтынуға дайын ұлан-ғайыр ел, жасампаз ауди­тория бар», деді вице-министр. Сондай-ақ Болат Тілепов өз сөзінде мемлекеттік тапсырысты тиянақты реттейтін, мақсатты жұмсайтын жүйе жоқ екенін алға тартты. Сол себепті анимациямен айналысатын шығармашылық топтарды қолдаудың жаңа жүйесі пайда болатынын хабарлады. «Келесі жылдан бастап, жаңадан қабылданған ұлттық жоба аясында «Қазақфильм» киностудия­сы жанынан «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі өз жұ­мысын бастайтын болады. Оның негізгі міндеті – ұлттық анимация нарығында жүрген шығармашыл топтарға бір орталықтан қолдау болып, отандық өнімнің өрісін кеңейту үшін жағдай жасау. Екін­шіден, анимация өнерін тек балалар контенті ретінде емес, кино мен жарнаманың, компьютерлік ойындар мен веб-коммуникация тіліне айналдыру арқылы толық­қанды ұлттық ақпараттық ресурс қалып­тастыру. Үшіншіден, әрине әлемдік мультиндустрия өкіл­­дері мен оның ішінде бүгінгі фести­вальға қаты­сып отырған шет­елдік әріп­тес­термен де тығыз бай­ланыс орнатып, қазақ анимациясын халық­аралық дәрежеге көтеру», деді Болат Тілепов.

Сондай-ақ фестиваль бары­сында Түркітілдес елдердің ани­мация өнерінің бүгінгі ахуалы мен келешек бағдары тал­қы­­­­­­ланды. Фестивальдың екін­ші күні ұйымдастырылған дөң­гелек үстелге қазақ мульти­пли­ка­ция­сының өкілдері мен бауыр­лас түркі елдердің белгілі ре­жиссер-аниматорлары қатысты. Олардың қатарында Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілда, халықаралық ÁMEN ани­мациялық фильмдер фес­ти­валінің президенті Мақпал Жұ­мабай, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түр­кия), режиссер-сценарист, Қа­зақстанның Мәде­ниет қайраткері Ба­тырхан Дәу­ренбеков, Balapan теле­ар­на­сының бас продюсері Сан­ду­ғаш Баймаханқызы, комикс және қозғалыс суретшісі Мұс­тафа Ахмет Қара (Түркия), ре­­жис­сер-мультипликатор Тұр­ды­бек Майдан, режиссер-ани­ма­тор Азизбек Мухамедов (Өз­­­бекстан) және отандық кино­сту­диялардың жетекшілері бар. Қа­тысушылар басқосуда келе­шекте түркі дү­ниесінің ани­ма­тор­ларын біріктіру керек деген мәселеге бірауыздан тоқтады. Тү­р­­­кітілдес елдердің ара­сындағы анимациялық фильм­дер өндірісіне қатысты мамандар мен компанияларды біріктіретін орталық ұйымдастыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жат­қанын айтқан Ұлттық киноны қолдау орталығының бас про­дюсері Адай Әбілда бұл ұсынысты орынды деп есептейді. «Түркі елдерінің анимация мамандарын біріктіріп, сол жұмысты жү­йелесек, ауқымды аудиторияны қам­туға мүмкіндік туады. Осы бағытта жұмыс істеуі­міз керек. Қызығушылық бар, алай­да әрекет жоқ. Түркітілдес мем­лекет­тердің арасында көпір болатын ұйым құруымыз керек», деді А.Әбілда.

Ал Мусаб Гүндүз түркі халық­тары өз арасында ниеттес, пікірлес, жанашыр болуы маңызды екенін баса айтып, ортақ ұйым құруды қолдайтынын жеткізді. «Түркияда 85 миллионға жуық халық бар десек, оның 20 миллионы – біздің негізгі аудитория, яғни балалар. Біз кеше фестивальда қазақ көрер­ме­ніне ұсынған Istanbul Muhafizlary фильмін Түркияда 10 млн бала тамашалап, жоғары рейтингке қол жеткізді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, ол сондай-ақ бізді алға жетелеп, ынталандырып отырады. Ал түркітілдес елдердің аудитория­сы бұдан да үлкен, шамамен 200 миллионнан астам адам. Анимация қымбат жанр, көп қар­жыны қажет етеді. Ал осы түр­кі елдер аудитория­сы біз үшін үл­кен нарық болмақ. Түркі елде­ріне ортақ бірлестік құ­руды біз де қол­­­даймыз», деді тү­рік анимация про­дюсері.

Халықаралық ÁMEN ани­мациялық фильм фестивалінің президенті Мақпал Жұмабай ани­мацияда түркі елдерінің ын­ты­мақтастығын нығайту аса маңызды екенін атап өтті.
«Ұлт­­тық анимацияны дамытуда оқ­­шауланып, есік-тереземіздің бар­лығын жауып отыруға болар еді, бірақ біз басқа жолды таң­дадық. Біз бірлік, достық, түркі жолын таң­дадық. Біз тізе қосып біріксек, алын­байтын қамал жоқ екенін сездік. Қоғамдық өмірдің әртүрлі сала­сында түркі бірлігі бар. Ал ани­мацияда бұл бірлік әлсіздеу еді. Осы кинофестиваль сол дүниенің не­гізі болған ірі плат­формаға ай­на­лып жатыр», деді Мақпал Жұ­мабай.

Сондай-ақ сарапшылар ани­мацияға қатысты қаржы тарту, құ­қықтық реттеу, аудиторияның тал­ғамы мен талабына сай болу, жас дарындарды оқыту, тех­ни­калық жабдықтау секілді кезек күт­­тір­мейтін өзекті мәселелерді атап өтті. Дөңгелек үстел қатысу­шылары түркітілдес елдер­дің ани­­­мациядағы ынты­мақ­тас­тығын одан әрі нығайтып, ор­тақ мін­дет­тер­ді жүзеге асыруға қадам жа­сауға уағдаласты.

Биылғы іс-шараның өзгешелігі – фестиваль аясында тренинг-мас­тер кластар өткізілді. Дисней компаниясында жұмыс істеген, әлемге танымал үздік туындылардың жасалуына қатысқан Александр Дорогов дәріс оқыды. Сонымен қатар «Маша және аю» мульт­фильм­­інің жасаушылары, ре­жис­сері отандық мамандарға са­бақ өтті. Фестиваль аясында түр­кі-с­тан­­дық балдырғандарға түркі елдерінің үздік мультфильмдері тегін көр­сетілді. Сондай-ақ қазақ ани­мациясының өсу деңгейі жө­нінде мамандардың пікірін де білуге мүмкіндік туды. Иә, қазақ мультфильмі дегенде есімізге әуелі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген туынды түсері анық. Халық ертегісінің желісі бойынша түсірілген бұл мульт­фильм 1967 жылы көпшілік назарына ұсынылды. Туынды авторы қазақ мультипликация өне­рінің негізін қалаушы – Әмен Қай­даров. Айта кетелік, оның қо­лынан шыққан «Қарлығаш» 1968 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өт­кен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальда ІІІ жүлдені иеленсе, 1975 жылы халықаралық Нью-Йорк мульт­фильмдер фестивалінде «Кола Праксиноскоп» жүлдесін жеңіп алды. Сол алғашқы туындыдан бергі жарты ғасырда қазақ анимациясы білікті мамандармен толықты. Дегенмен қазақ мульт­фильмі ерекше туындыларды ұсы­нып, балалар болашағына үлесін тигізу үшін қаржы мәсле­сесі толықтай шешілуі тиіс. Ма­мандар анимациялық фильмдер түсіріліп, көпшілікке жол тартуынан бөлек, ақшалай да пайда әкелуі керектігін айтады. Мульт­фильмді өмірге әкелу, оны балалардың санасы қабыл­дайтындай түсіру оңай шаруа емес. Бұл орайда режиссер-сценарист Батырхан Дәуренбеков заманауи сюжеттерге жүгіну ар­қы­лы мультфильм­ге сұранысты арт­тыруға болатынын айтады. Қазіргі балаларды қызықтырудың өзі қиын шаруа, онша-мұншаға елең ете бермейді. Кеңес дәуі­ріндегі балдырғандармен салыс­тырғанда олардың психологиясы өзгергені мәлім. Сол себепті аниматорлар за­манауи элементтерді қосу арқы­лы, балалардың ұлттық мульт­фильмдерді көріп өсуіне жол ашылатынын айтады.

Фестивальға келіп түскен жұ­­­­мыс­тарды әділқазылар ал­қа­сы сце­нарий, режиссура, ани­ма­­ция, кейіпкер, көркемдік ше­шім бо­йынша бағалады. Айта кете­лік, анимациялық фестивальда әйгілі шетел аниматор мультипликатор­лары мен отандық білікті маман­дар қазылық етті. Сонымен халық­аралық ÁMEN фестивалінде өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Му­хамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі «Үз­дік анимациялық фильм» атанды. Өзбек режиссері байқауға екі бірдей жұмысын ұсынған. Олар­дың бірі «Волшебный танбур» қыс­қаметрлі анимациялық фильмі «Үздік қоюшы сурет­ші» аталымында топ жарса, «Дом на колесах» туындысы фес­тивальдың «Үздік анима­ция­лық фильмі» деп танылды. «Әмен Қайдаров атындағы фестивальға қатысып, қазақ ани­мациясындағы достарыммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Туындыларымыздың жоғары ба­ғаланып, еңбегімнің еленгені – үлкен мәртебе. Көрермендеріміз­бен фильмдерді жасауға ат­са­лысқан шығармашылық топ бұл жүлделерді ерекше ықыласпен қабыл алатынына сенімдімін. «Дом на колесах» өмірде бәрі бар, бір­ақ арам ниетті адамдардың сөзіне құлақ асамын деп өзгенің сөзіне ілесіп, өз ойынан айырылып қалған жан туралы шығарма», дейді Азизбек Мухамедов. Жеңім­паздар одан бөлек тағы тоғыз аталым бойын­ша анықталды. Екі бір­дей қатысушының жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тіле­геновтің «Бұзығым» және Бек­дос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұ­мыстар арасынан озық шықты. Шетелдік қатысушылар арасынан Тәжікстан мен Башқұртстан аниматорларының жұмысы жо­ғары бағаланды. Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен «Үздік режиссерлік» жұмысты жеңіп алды. Осы аталым бойынша екінші жеңімпаз – La Gare қысқаметрлі анимациялық фильмінің режис­сері Аян Марок­канский. Ал тә­жік­стандық қа­ты­сушы Ло­ли­санам Улугова «Ху­вайдо» мульт­фильмімен «Үздік сце­нарий авторы» атанды.

Одан бөлек әділ­қазылардың арнайы сый­лы­ғымен режиссер Нұргүл Да­уытова мен Сұлтан Қы­дырбаев мара­пат­талды. Ал режиссер Мейір­жан Төлепбай «Кө­рермен көз­айы­мы» аталымына ие болды. Бай­қауға ұсынылған комикс­тер арасында Мәди Өтегеновтің «Ба­тыл сақ­шылар» жұмысы үздік деп та­нылды. Ал фестивальдың ең жас қа­тысушылары Түркістан оқу­шы­лар сарайының анимация үйір­месінің тәрбиеленушілері креативті қөзқарасы үшін марапатталды.