«Ұлттық парктерді қоқыспен ластау мәселесі шынымен өзекті. Біздің инспекторлар онымен айналысып жатыр. Ұлттық парктердің өз инспекторлары бар, аумақтық инспекциялардың өкілетті инспекторлары бар. Олар осыған дейін қоқыспен күресіп келген, әлі де күресе береді. Бұл жердегі жалғыз мәселе – инспекторлардың саны аз. Қалай десек те, ішкі туризм артып келеді. Ұлттық парктерге барушылардың үлесі көбейіп жатыр. Инспекторлардың ұлттық паркті қоқыстан тазартудан басқа да міндеттері көп. Сондықтан маман тапшылығы бар. Біз ұлттық саябақтарға кіргені үшін алатын төлемнің бір бөлігін қосымша жұмыс күшін жалдауға бағыттағалы отырмыз», деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Маманның мәліметі бойынша, елдегі ұлттық парктердің бәріндегі инспекторлардың саны 800-ге де жетпейді.
«Елдегі ұлттық табиғи парктерде барлығы 750-800 инспектор бар. Бұл инспекторлар тек туристік нысандардың тазалығын күзетумен шектелмейді. Ұлттық парктердің ең кішісі 50 мың гектарға созылып жатса, ең үлкендері 700 мың гектарға дейін жайылып жатыр. Осы аумақтың бәрінде орман шаруашылығымен байланысты басқа да жұмыстары бар. Яғни, 700 инспектор туристік нысандардан шықпайды деген түсінік болмауы керек. Орман алқабын қалпына келтіру, өрттен қорғау, өсімдіктер мен жануарлар әлемін күзету сияқты жұмыстары бар. Сондықтан туристік нысандардағы инспекторлардың жетіспейтіні рас», деді комитет төрағасының орынбасары.